Келісім мәдениетін қалыптастырудың айқын жолы

Қазіргі уақытта әлемнің көптеген елдерінде соттан тыс дауларды шешудің баламалы тәсілі ретінде медиация институты кеңінен қолданылуда. Әсіресе азаматтық, отбасылық, еңбек және қаржылық дауларды реттеуде бұл әдістің тиімділігі дәлелденген. 

Қазақстанда да медиацияның құқықтық негіздері қалыптасып, дамып келеді. Дегенмен медиацияны қолдану аясын кеңейту және халыққа оның артықшылығын түсіндіру әлі де өзекті мәселе болып отыр. 

АҚШ, Канада, Ұлыбритания және Германия сияқты елдерде медиация рәсімі сот жүйесінің маңызды бөлігіне айналған. Мәселен АҚШ-та істердің 90%-дан астамы сотқа жетпей, татуластыру арқылы шешіледі. Бұл уақыт пен қаржыны үнемдеуге ғана емес, әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға да мүмкіндік береді. Германияда соттар тараптарды алдымен медиацияға жіберіп, тараптардың өзара келісімге келуін ынталандырады. Бұл тәжірибе Қазақстан үшін де маңызды үлгі бола алады. Қазақстанда медиацияны дамыту бойынша бірқатар қадам жасалғанымен, оны кеңінен қолдануға кедергі келтіретін мәселелер бар. Соның бірі – екінші деңгейлі банктердің медиация рәсімін қолдамауы. Азаматтардың банкпен байланысты дауларын сотқа жеткізбей шешу мүмкіндігі шектеулі. Бұл борышкерлер мен қаржы ұйымдары арасындағы қатынасты реттеуде маңызды құрал болар еді. Банктердің медиацияны қолдануға бейжай қарауы қарыз мәселелерін сот арқылы ғана шешуге мәжбүрлейді, бұл өз кезегінде соттардың жүктемесін арттырады. Сонымен қатар халықтың медиация туралы хабардарлығы төмен деңгейде қалып отыр. Көптеген азаматтар мен кәсіпкерлер медиацияның артықшылықтарын білмегендіктен, бұл рәсімді таңдауға құлықсыз. Осыған байланысты ақпараттық жұмыстарды күшейту, медиацияның тиімділігін түсіндіретін кең ауқымды шараларды ұйымдастыру маңызды.

 Еліміздің әр аумағында мемлекеттік мекемелерде, әкімдіктерде, ассамблея, неке сарайында, кәсіподақтар үйінде медиация кабинеті ашылды. Бірақ ол кабинеттердің есігі ашық тұратын күн сирек. Егер бұл орындардан азаматтар өз дауын татуластыру арқылы шешіп, қол алысып шығып жатса, қоғам дауласу жолында емес, даму жолында болар еді. Медиация – дауды шешудің тиімді әрі өркениетті жолы. Оның дамуы сот жүктемесін азайтып қоймай, тараптардың да ұзаққа созылатын сот процесін шаршамауына мүмкіндік береді. Қазақстанда да бұл тәжірибені кеңінен енгізу үшін құқықтық тетіктерді жетілдіріп, халық арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу қажет.

Дауды шешудің ең жақын жолы – оны бейбіт түрде реттеу. Барша азаматтарды, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерін медиация рәсімдерін қолдануға белсенділік танытуға шақырамыз. Бұл – келісім мәдениетін қалыптастырудың, қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудың маңызды қадамы. 

Ардақ Төлебаева,

аудандық сот судьясы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT