banner_damu

Кефаль аулап тұтылды

Көктемгі сәуір айы мен жазғы маусымның ортасы - балықтар үшін уылдырық шашатын мезгіл. Осы уақыт аралығында өзеннен теңізге, керісінше, теңізден өзенге ұзақ шақырым қашықтықты жүзіп өтетін су маржандарын аулауға қатаң тыйым салынатыны анық. Алайда балық десе, ішкен асын жерге қоятын кейбір әуесқой балықшылар жыл мезгілімен санасып жатпайды. Құқық қорғау органының құрығына іліккенде барып, заңның ала жібін аттағанын бір-ақ біледі. Таяуда аудандық сотта қаралған қылмыстық іс – дәл соның айғағы.

Ердің жасы елуді әлдеқашан еңсеріп, ел ағасы атанған бір ауыл азаматы өткен мамыр айының соңында теңізге бет алады. Ауданның ескі Жылой коса деп аталатын аумағына барып, Солтүстік Каспийдің айдынына ау салып, жайбарақат балық аулап жүрген-ді. Түстен кейін ауға топ-топ болып түскен кефаль балықтарын жинап, екі қапшыққа сылқита толтырып алып, жағалауға шығып келе жатқаны сол еді. Қарсы алдынан Солтүстік Каспий теңізінде қызмет атқарып жүрген Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының Теңіз инспекциясы бөлімінің мамандары шыға келді. Сол бойда ауланған балықтар тәркіленіп, арнайы мекемеге тасымалдап апарып, өлшеткенде барлығы 48 кг. салмақты құрады. Сөйтіп, мемлекетке 290880 теңге материалдық залал келтірілгені анықталды.

Осыған байланысты құқық қорғау органдары Қылмыстық кодекстің 335-бабы 3-бөлігінің 6-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін әлгі азаматтың үстінен қылмыстық іс көтерді. Алдын ала тергеу амалдары кезінде айыпкер прокурормен кінәні мойындау туралы процестік келісім жасады.

Сотта сотталушы өз кінәсін толықтай мойындап жауап берді. Оның қылмыстық құқық бұзушылық әрекеті жоғарыдағы баппен дұрыс сараланған деп танылды. Өйткені ол тиісті рұқсаты жоқ болса да, ерекше қорғалатын табиғи аумақтан заңсыз балық аулап, мемлекетке 290 880 теңге мөлшерінде материалдық шығын келтірген.

Сондықтан аудандық соттың үкімімен әуесқой балықшы 335-баптың 3-бөлігінің 6-тармағымен кінәлі деп танылды. Бір жыл мерзімге балық аулау құқығынан айрылып, бір жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Пробациялық бақылау бекітіліп, жаза өтеу кезінде жұмыста жоқ болса, 100 сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартылатын болды. Сотта сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының cотталушыдан 290 880 теңге залал өндіру туралы талап арызы қанағаттандырылды. Құқық бұзушыдан, сондай-ақ, мемлекет пайдасына сот-биологиялық сараптамасын жүргізуге жұмсалған 30193 теңге процестік шығын мен жәбірленушілер өтемақы қорына 25250 теңге төлем өндірілетін болды.

Осылайша әуесқой балықшы теңізден екі қап кефаль аулаймын деп тұтылып, айыппұл арқалап, біраз шығынға батты. Бұл өзге су айдынына ау салушыларға ащы сабақ болса керек.

А. Жұбатырова,

аудандық соттың жетекші маманы,

Е.Бисекенұлы, өз тілшіміз

ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ

biblioteka-pervogo-prezidenta-kz

Сұрақ Жауап

Ауданда covid-19 жұқтырғандардың көбею себебі неде деп ойлайсыз?

logo1

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамыр күні тiркеліп, тіркеу туралы №17099-Г куәлiгi берiлген

Редакция мекенжайы: Құлсары қаласы, Исатай Тайманов көшесі, 4 үй.

Тел: 5-16-83, 5-07-66, 30-51-06, 30-51-05.

 

Яндекс.Метрика