Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауларында Әділетті Қазақстан құруда және еліміздегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуде сот реформасының маңызды рөл атқаратынын ашық айтып келеді. Президент мықты елдің берік іргетасын қалайтын сот саласындағы мәселелерді айтып қана қойған жоқ, қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге, сот жүйесін реформалауға мұрындық болды. Соның арқасында бұл бағытта да біраз өзгерістер енді.
Иә, сот –мемлекеттегі әділдік пен тура төреліктің, теңдік пен халық сенімінің өлшемі. Осыған орай Мемлекет басшысы бұл саланы дамытуға, жандандыруға ұдайы көңіл бөліп келеді. Жыл сайын сот жүйесінде жаңа реформалардың қолға алынып, небір тың жобалардың жүзеге асып жатқаны да сондықтан. Осы орайда кассациялық соттарды құру туралы бастаманың шешімін табуы – биылғы жылдың басты жаңалығы десек қателеспейміз.
Алдағы шілде айының 1-інен бастап елімізде үш дербес кассациялық сот өз жұмысына кіріседі. Кассациялық соттардың тәжірибеге енгізілуімен бірге Жоғарғы Соттың да функциясы өзгереді. Сәйкесінше, Жоғарғы Сот істерді тек ерекше жағдайларда: Жоғарғы Сот судьясының ұсынуы немесе Бас Прокурордың наразылығымен қайта қарауы мүмкін. Сондай-ақ республика соттарының сот төрелігін іске асыруы кезінде заңдылықты сақтау мәселелерін қарауы, сот практикасы мәселелері бойынша түсініктеме беру, заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу де Жоғарғы Соттың міндеті ретінде айқындалған. Жоғарғы Сот тарапынан атқарылатын бұл жұмыстар дұрыс сот –тергеу тәжірибесін қалыптастыру, олқылықтарды, заң қайшылықтарын жою үшін өте маңызды.
Енді Қылмыстық және азаматтық істер бойынша кассациялық сатыда істерді алдын ала қарау алынып тасталады. Жалпы істердің 5 пайызының ғана кассациялық сатыға жетуін сынға алған Президент осы ретте құзырлы органдарға кассациялық сатының тиімділігін арттырып, халық талабын басшылыққа алып, жұмыс жүргізуді тапсырған болатын. Заңдағы өзгерістер осы тапсырманың сапалы орындалғанын көрсетіп отыр.
Кассациялық саты қылмыстық және азаматтық істерді қайта қарауды 6 ай ішінде аяқтауы тиіс. Бұл ретте азаматтық және қылмыстық істерді қараудағы шектеулердің алынып тасталуы да оң өзгерістің бірі. Себебі, бұған дейін талап қою сомасы 2000 АЕК-тен кем болған кезде жеке тұлғалардың, ал талап қою сомасы 30 000 АЕК-тен кем болғанда заңды тұлғалардың мүліктік мүддесіне байланысты дауларда, сондай-ақ қылмыстық теріс қылықтар мен ауырлығы аз қылмыстар бойынша шектеулер белгіленіп, мұндай істер кассациялық сатыда қаралмайтын еді. Бұл азаматтардың сот арқылы құқығын қорғау заңдылығына қайшы екені рас. Жаңа өзгерістер осы мәселенің де оң шешілуіне пәрмен беріп отыр.
Судьялардың тәуелсіздігі мен жауапкершілігін нығайтуға бағытталған өзгерістер де енгізілуде. Мұнда, біріншіден, сот сатыларының толыққанды үш буынды жүйесі қалыптасады. Олар келіп түскен барлық қылмыстық істердің мәні бойынша қарайды және шешім қабылдайды.
Кассациялық соттардың құрылуы - құқық қорғаудың жаңа деңгейі. Яғни, ол азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың қосымша тетігін қамтамасыз етеді. Енді төменгі сатыдағы соттардың шешіміне күмәнданған азаматтар Жоғарғы Сотқа дейін бармай-ақ кассациялық деңгейде өз құқықтарын қорғай алады. Кассациялық соттардың құрылуы - істерді қараудағы әділдікті қамтамасыз етеді. Бұл өзгеріс сот жүйесіне деген сенімді арттырады және сот тәжірибесін жетілдіруге мүмкіндік береді деген сенімдеміз.
Мұратқали Ысқақов,
аудандық соттың төрағасы