Жуырда ғана аудан аумағында «Қару» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Шара барысында тіркелген атыс қаруы бар азаматтардың қаруды сақтау талаптарының қолданыстағы заңнамаға сәйкестігі тексеріліп, нәтижесінде бірқатар құқықбұзушылық әрекеттері анықталған. Бұл туралы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің қару айналымын бақылау және табиғатты қорғау полиция тобының аға инспекторы полиция аға лейтенанты Шыңғысхан Сабитұлы құқықбұзушылық әрекеттер туралы атап өтті.
-Аудан аумағында атыс қаруын қолдана отырып жасалған қылмыстардың алдын алу, операция жүргізу кезеңінде полицейлер қару иелерінің тұрғылықты жері бойынша аңшылық алқаптарда, шалғайдағы шаруа қожалықтарында рейдтік іс шаралар жүргізді.
Рейдтің үш күні ішінде полиция қызметкерлері үйлерді аралау барысында 100-ден аса азаматтық қару иесін тексерді.Тексеру кезінде, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 486-бабы (Азаматтық, қызметтiк, марапаттық, коллекциялық қаруды тiркеу (қайта тiркеу) не оны есепке қою тәртібін бұзу) бойынша 1 азаматқа, 484-бабы (Азаматтық және қызметтік қару айналымы қағидаларын бұзу) бойынша 1 азаматқа, 382-бабы (Жануарлар дүниесiн пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзу) бойынша 1 азаматқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталып, тиісті хаттамалар жасақталды. Айта кету керек, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қару өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатын болады. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету әрбір азаматтың ортақ міндеті. Осыған байланысты тұрғындарды заң талаптарын сақтауға, қару-жараққа жауапкершілікпен қарауға және кез келген күмәнді жағдайлар туралы құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарлауға шақырамыз,-деді полиция аға лейтенанты.
Құқық қорғау органдары азаматтық қаруды сақтау барысында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығын атап өтеді. Атап айтқанда, қару арнайы жабдықталған сейфте сақталуы, бөгде адамдардың қолына түспеуі, сондай-ақ сақтау және алып жүруге арналған рұқсат құжаттарының жарамдылық мерзімі уақтылы бақылауда болуы тиіс. Сонымен қатар, оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында аудан тұрғындарының назарына заңсыз айналымдағы, тіркелмеген немесе құжатсыз сақталып келген қару-жарақ, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды өз еркімен полиция органдарына тапсыру мүмкіндігі бар екендігі ескертіледі.
А.Ерденқызы



