Карантинде жанұялық жанжал мен ажырасу көбейген

Шағымданушыларға заңгер маман тарапынан дереу құқықтық кеңес беріліп, заң аясында тиісті шаралар алынды.

Аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ» атты үш күндік акция өтті. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2020 жылға арналған операциялық іс-шаралар жоспарына сәйкес өткізілген акцияға жергілікті атқарушы органдармен қатар, жастар ұйымының еріктілері де қатысты. Олар тұрғындарға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қаладағы көрнекі нысандар ғимаратының қабырғаларына сенім телефондары жазылған парақтарды жабыстырып, халыққа брошюралар таратты.

Үш күн мерзім ішінде аудандық полиция бөлімшесінің сенім телефонына алты әйел адамнан хабарлама түскен. Шағымданушыларға заңгер маман тарапынан дереу құқықтық кеңес беріліп, заң аясында тиісті шаралар алынды.

Сондай-ақ, Атырау қаласында орналасқан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйел адамдарға арналған «Пана» дағдарыс орталығына жолдама берілуі тиіс еді. Алайда белең алған індетке байланысты медициналық сараптамадан өткен жәбірленушілердің тест нәтижелері оң болып шығып, вирустың барын көрсетті. Осыған сәйкес оларды аталған орталыққа орналастыру мүмкін болмады.

Сонымен бірге, акция барысында бес әйел 102 желісіне хабарласқан. Жергілікті полицейлердің сөзінше, олар күйеулерінен таяқ жеп, жеңіл жарақат алғандар. Қызметкерлер оқиға орнына дереу жетіп үлгерген. Арызданушылардың біреуі арыз беруден бас тартып, қалған төртеуінің шағымына байланысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Соңғы 9 айда аудандық полиция бөлімінің 102 желісіне отбасындағы тұрмыстық құқық бұзушылыққа қатысты 352 хабарлама келіп тіркелді. Соның нәтижесінде жергілікті полиция бөлімшесінің есебіне 184 тұлға профилактикалық есепке алынған. Айте кету керек, ауданда карантиндік жүйеге байланысты отбасылық жанжал мен ажырасу деректері көбейіп кеткен.

Ш.Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT