Кәжекей алу үшін Маңғыстауға баруымыз керек пе?

«Түйе бойына сеніп, жыл басы болудан құр қалыпты» деген тәмсіл бар ғой. Қазақ та сондай, бай ұлттық мұрасы бола тұра оның шырайын шығара алмай жүр.

Мәселен, ұлттық киімді алайықшы. Бұл - қазіргі оюға ұқсайтын жылтырақ жапсыра салған, арзанқол матадан тігілген, адам күнделікті өмір түгілі, біркиерге үстіңе ілуге ұялатын олпы-солпы киімдер емес. Қазақтың ұлттық киімдері өмір сүру салтымызға шақталып тігілген ғой. Тіпті, әр аймақтың өз «сәні» болған, қаймана қазақтың киім киісіне қарап, қай өңірдің адамы екенін айтпай-ақ аңдап отырған бұрынғылар. Әлбетте той-томалаққа киетін салтанатты киім бір төбе де, көші-қон, күнделікті ауыл-үй арасына киер ыңғайлы киімнің жөні бір бөлек. Ал жас ерекшелігіне, мәртебесіне қарай киілетін киімдердің мағынасын айтсаңызшы! Осының мәнін түсінбегендіктен, қазіргі кезде сәукелені сахналарда қыз да, келіншек те киіп жүр. Ал қазір арабтарша хиджап киіп жүрген оң жақтағы бойжеткендер қазақ қызының үкілі тақия, бағалы терімен көмкерген мақпал бөрік кигенін біле ме екен? Сол сияқты асыл тастармен безендірілген бағалы киім - сәукелені ұзатылатын қыз өмірінде бір-ақ рет қана киген. Қызды қадірлеген қазақ оны қанша малын шығындап тіктірген десеңші! Дегенмен, бағалы баскиім анасынан қызына мұра боп қалып отырған. Аты аңызға айналған күйші, әнші Аққыздың бір үйір сәйгүлікке бағаланған сәукелесін айтсаңызшы, ал «Орамалы тұратын бес жүз жорға» деген өлең жолдарынан да қазақтың киім кию мәдениетіне үлкен мән бергенін аңдаймыз. Асыл тасты, алтын-күмісті әшекейлердің әңгімесі және бір басқа.

Тәуелсіздік алып, Ұлыстың ұлы мерекесі қайта жаңғырған соң ұлттық киіміміз де ортамызға оралып, жыл құсындай бір рет болса да көріп, көзайым болдық. Қазір қыз-келіншек, апа-әжелерде той-томалаққа ұлттық киім киюге деген талпыныс бар. Бұл үрдіс әсіресе қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Маңғыстауда керемет көрініс тауып жүр. Киелі өңір ұлттық киім тігу ісмерлігі жағынан да, осы индустрияны дамыту жағынан да алда. Міне, осындай алуан түрлі оюмен, зермен, інжу-маржан таспен көмкеріп, бағалы маталардан тігілген сәнді де сапалы ұлттық киімді кім-кімнің де кигісі келетіні хақ. Әрине, қолдан тігілген дүниенің бағасы да қымбат. Бірақ қытайлар тігіп беріп жатқан күлбіреген мата, сөлбірейген пошым, жүрген жеріңде шашылып-төгілетін сапасыз моншақтар мен қаттырақ ұстап қалсаң, көбесінен сөгілгелі тұрған тігісі бар арзанқол ұлттық киімдердің пародиясынан жақсы емес пе?! Қазір көпшілік қыз-келіншектер, апайлар кәжекей, камзол, шапандарды Маңғыстаудан арнайы барып, сатып әкеліп жүр. Бір таныс апайымыз:

«Маңғыстау ісмерлері тігетін қазақтың ою-өрнегі мен моншақ-зерді төгіп, мақпалдан, барқыттан әдемі әдіптеліп тігілген ұлттық киімді сатып алып, кигіміз келеді-ақ. Бірақ Маңғыстауға барып сатып алуға сәті түспей жүр. Ол жақта ұлттық киімдер брендке айналды ғой. Ал бізде ұлттық киім тігетін орындар жоқтың қасы. Неге осы өнерді дамытпасқа? Кәсіптің көзіне айналдырмасқа? Осы өнерді үйрету үшін шеберлік класын ашу қажет болар, бәлкім? Өйткені Кең Жылыой деген – кәрі Маңғыстаудың қақпасы ғой. Онда бар өнер бізде неге болмайды? - дейді.

Ал ерлер ұлттық киімі туралы, әуелі, езуіңізге күлкі үйірілмейінше, артынша өз-өзіңізден ұялмайынша елестете алмайсыз. Қазір ерлерге арналып далақтаған шапан мен қырғыздың айырқалпағына ұқсаған баскиім тігіледі. Оны ерлер той-томалаққа да кимейді, өйткені киюге ыңғайсыз: әрі сапасыз, олпы-солпы, көзге ерсі көрінеді. Мерейтой иесі, болмаса қадірлі қонақ сол шапанды иығына бірер секунд қондырған соң, сыпырып тастауға дайын тұрады. Одан әрі сандыққа сүңгітіледі, одан әрі келесі мерейгердің иығынан бір шығады. Осылай қадірі қашқан шапан желп-желп етіп, жатпаған сандығы, жаппаған иығы қалмайды. Бір қарасаң, отыз тісі ырсиған шетелдіктің үстінде тұрады. Шапанның қадірін қазақ түсінбегенде ол қайдан түсінсін? Сайқымазақтың киімін киіп алған әртісше езуі жиылмайды... Ұлттық киімнің қадірін әлі де түсінбей жүргендейміз...

Ұлттық киімдердің сапасынан бөлек, пошымы мен безендірілуі де ойлантады. Қазіргі ұлттық киімдерді қарап отырсаңыз, кей элементтері моңғолдың, ұйғырдың,қырғыздың ұлттық киімдеріне ұқсап кетеді. Ал ою-өрнекке келетін болсақ, қазақта тек қошқар мүйізден басқа ою қалмағандай. Мағынасы мың сан түрлі алуан ою-өрнектер қайда кеткен? Ұлттық киім тігілгенде осылар да ескерілсе дейсің...

Ж.НАУРЫЗ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521