ҚЫЛМЫСТЫҢ «ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯСЫ»

Ғаламтордағы ғаламаттың бірі – AnyDesk бағдарламасы. Бұл, негізінен, кез келген ұялы телефонды қашықтықтан басқаруға арналған. Бірақ қазіргі алаяқтар осы жүйені өз мақсаттарына пайдаланып жүр. Ол аңқау «клиенттеріне» ұлттық банктенмін деп алдап хабарласып, әбден сеніміне кіріп алады да, ұялы байланыс қондырғысына AnyDesk бағдарламасын жүктеп алуды сұрайды. Бағдарлама орнатылғаннан кейін тұтқаның арғы жағындағы алаяқ сіздің телефоныңызды жер шарының кез келген түкпірінен отырып басқара береді. Яғни алыста отырып ойына келгенін жасайды: шотыңыздағы ақшаны сыпырып алады, банкке несиеге өтініш жолдайды, түрлі спорттық ойындарға сіздің атыңыздан бәс тігеді, әйтеуір «клиентті» тақыршаққа отырғызудың түрлі амалдарын жасайды. «Сондықтан бүгінгідей ғаламтордағы алаяқтық қылмысының өршіп тұрған заманында ондай қоңырау шалған бөгде жанға күдікпен қарап, аса сақ болу керек»,- дейді аудандық полиция бөлімінің тергеу бөлімшесі басшысының орынбасары, полиция капитаны Азамат Ариков.

25 ЖЫЛЫОЙЛЫҚ ҒАЛАМТОРДАҒЫ АЛАЯҚТЫҢ ҚҰРБАНЫ БОЛДЫ

Иә, расында қазір үшінші мыңжылдық - жаңа технология қарыштап дамыған дәуір. Бірақ ғаламтор ғасыры деп бөркімізді аспанға атып қуанғанымызбен, бір жақсылықтың артында жаман тұсы да бар екенін өмір көрсетіп отыр. Заманға сай қылмыстың осындай жаңа түрі де пайда болып, ол жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап, жыл өткен сайын көбеймесе азаяр емес. Бұл күні бүгін бүкіл әлем жұртшылығын толғандырып отырған күрделі мәселе. Өйткені қазіргі жастардың басым көпшілігі осы ғаламтордан бас алмайтыны анық. Осыны жақсы білетін алаяқтар да өз қылмысының бағытын өзгертіп, осы интернет пен әлеуметтік желіден тұзақ құруға көшкелі қашан?! Айталық, бір ғана Қазақстанда биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 4 мыңнан астам алаяқтық дерегі тіркелген екен. Сала министрлігінің ақпаратына сүйенсек, алаяқтар еліміздің азаматтарына 3 миллиард теңге көлемінде материалдық шығын келтіріпті. Бұл тек қана ғаламтордағы алаяқтықтан келген шығын. Жылдар өткен сайын қылмыстың осы түрі кең қанат жайып, олар өз тәсілдерін өзгертіп, адамдарды алдап-арбаудың түрлі әдістерін ойлап тауып жатыр.

Көп алысқа бармай-ақ қоялық, өзіміздегі ахуал нешік? Тағы да Азамат Табылдыұлының берген дерегіне сүйенсек, онда жыл басынан бері тек қана аудан тұрғындары арасында ғаламтордағы алаяқтықтың құрбаны болған 25 дерек тіркелген екен. Олардың көпшілігі: алаяқтың «банктенмін» дегеніне сеніп, жасырын паролді немесе карточкасының артындағы cvv кодты айтып қойып, ақшасынан қағылғандар немесе алданып өз атынан несие рәсімдеткендер. Арасында полицияданмын деп хабарласып, қорқытып, ақша талап ететіндері де бар екен.

-Полиция қызметкерлерінің өз міндеттерін орындау барысында азаматтардан заңсыз ақша талап етпейтіні белгілі. Мұндай жағдайда жергілікті полицияның өзіне қоңырау шалып, мәселенің мән-жайын тексертіп алған абзал. Сондай-ақ, «банктенмін» деп қоңырау шалса да, міндетті түрде сол банктің төрт санды галл-орталығына немесе бөлімшенің өзіне хабарласып анық-қанығын білген жөн,-дейді А.Ариков.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІҢ ӘЛЕГІ

Қазір ғаламтормен бірге әлеуметтік желі де жедел дамып, инстаграмм, фейсбуктер тұрғындардың күнделікті өмірінің бір бөлшегіне айналды. Бұл әсіресе бизнесін дамытуға бет алған кәсіпкерлердің, тіпті қарапайым тұрғынның жарнамасын орналастыратын, хабарландыру іздейтін бірден бір табыс табатын көзіне айналды. Десек те, мұндай желінің де жер соқтырып кететін тұстары аз емес.

Азамат Табылдыұлының айтуынша, қарапайым халық күнделікті ақпарат көздері ретінде кеңінен қолданып жүрген әлеуметтік желі арқылы да алаяқтардың арбауына түсіп жатады. Мәселен, ондағы «арзан бағасына тауар тасымалдап жеткізіп беремін» деген жалған хабарландырулар көптеген инстаграмм қолданушыларын тақыршаққа отырғызып кетіп отыр. Ондағы «жиһаз сатамын», «қымбат дәрі-дәрмекті арзан бәсіне береиін» деген сияқты жарнамаларға сене беруге болмайды. Дұрысы олардың ақпаратын мен мекен-жайын тексертіп алып, тап- сырыс берген абзал.

-Әлеуметтік желі арқылы өтіп жататын ұтыс ойындары да өте қауіпті. Көпшілігінде көлік пен пәтер, ақшалай сыйлықтар ойнатылып жатады. Олардың барлығы бірдей шынайы емес. Мәселен, ондағы алаяқтар желі қолданушысына хабарласып, қымбат көлік ұтып алғанын айтып қуантады да, құжатын рәсімдеу үшін 150 мың теңге немесе одан да көп қаражат қажет деп алдайды. Соған сенген «клиент» сұраған сомасын көрсеткен есеп-шотына аударып жібереді. Бірақ алаяқ онымен тоқтамайды. Кейін тағы қоңырау шалып, қосымша қаржы талап етеді. Ақырында өз мақсатына қол жеткізген қылмыскер көзден тасаланып, ізім-ғайым жоқ болады. Сонда барып «ұтыс иесі» өзінің алданғанын түсініп, амалсыздан полициядан көмек сұрауға мәжбүр,-дейді тергеу бөлімшесі басшысының орынбасары күнделікті өз жұмысында кездесетін деректерді алға тарта.

Әрине, мұндай қылмысты ашу да оңай емес, әрі ұзақ уақыт алады екен. Өйткені, бұл жерде қылмыскер көп жағдайда жәбірленушінің өзіне бұрыннан таныс емес, тек телефон арқылы ғана тілдескен жан болып шығады. Олар бір ғана Құлсары немесе Атырау емес, еліміздің өзге қалаларынан, тіпті көршілес республиканың азаматы болуы да мүмкін. Сондықтан сол жақтың құқық қорғау органдарындағы әріптестерінің көмегіне жүгінуге тура келеді. Қылмыстың бұл түрімен күрес сонысымен де күрделі.

-Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Алаяқтық» деп аталатын 190-бабы бар. Осы баптың 2-бөлігінде: «ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен» деген 4-тармағы бар. Мұндай қылмыс түрлері Қылмыстық кодекстің осы тармағы бойынша жазаға тартылады. Егер алаяқтың қылмысы толық дәлелденіп, ісі сотқа жолданса, онда «мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады». Бірақ бізде қалай? Көп ретте жәбірленуші қазақшылыққа салынып, қылмыскер алдап алған ақшасын қайтарып бергеннен кейін татуласуға келісімін береді де, қылмыстық іс сотқа дейін қысқартылып жатады,-дейді полиция капитаны Азамат Табылдыұлы.

ЖОҒАЛҒАН ҚҰЖАТТАР – ОҢАЙ ОЛЖА

Жалпы еліміздің Бас прокуратурасы таратқан мәліметке сүйенсек, қазіргі күні алаяқтық қылмыстардың көбі ғаламтор арқылы жасалады. Ғылыми тілде мұны «Ақпараттық жүйені пайдаланып жасалатын алаяқтық» деп атайды. «Интернет-алаяқтық деген не, түрлері қандай, олардан қалай сақтанамыз?» деген маңызды сауалдар кім-кімді болса да толғандырары хақ. Бұл ретте заңгер, қоғам белсендісі Бердімұрат Хасенұлының ақыл- кеңесіне құлақ түрелік:

-Ғаламтордағы алаяқтар азаматтарды алдау үшін түрлі қулыққа барады, әрі психологиялық амал-тәсілдер арқылы адамның сезімімен ойнайды. Ақшаға мұқтаж, қаржылық тұрғыдан қиналып тұрған адамдар сыни тұрғыдан ойлан- байды. Әркімде әртүрлі жағдай болады. Бірі арзанға көлік алғысы келуі мүмкін, енді біреуіне шұғыл қаражат керек. Бізде "қылмыскер психологиясы" деген ұғым бар. Алаяқтар өз құрбандарының әлсіз тұсын анықтап, онымен әрі қарай сөйлеседі. Жанды жеріне тиісіп, тез пайда табу, аз уақытта ақшасын еселеу секілді тиімді ұсыныстар айтады. Әрине, эмоцияға берілген адам тезірек қалауына жетуді ойлап тұрады, – дейді заңгер.

Оның айтуынша, алаяқтықтың қатарында банк қосымшалары арқылы есепшоттағы ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру да бар.

-Есепшотта жатқан қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырғысы келетіндер алаяқтарға сеніп қалады. Мұнда бірден екі тарап зардап шегеді: бірі мобильді банкингті қолданатын кәсіпкерлер, екіншісі есепшоттан қаржы шығарғысы келгендер. Арада делдал болған алаяқтар шотқа ақша түскен соң ғайып болады. Мұндай жағдай адамдардың сауатсыздығынан орын алады. Себебі, шоттағы қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру дегеннің өзі заңсыз әрекет. Сонда олар өздері алаяқтық жасаймыз деп алаяқтың құрбанына айналады. Оның үстіне келтірілген шығын 10- 15 мың теңгенің көлемінде болған соң құқық қорғау органдары бұл істерді қарамайды. Демек, «жабулы қазан жабулы күйінде қалады", – деді Бердімұрат Хасенұлы.

Алаяқтар түрлі маркетплейстер мен хабарландыру орналастыруға арналған платформаларда жұмыс істейді. Олар түрлі хабарландыру жариялап, құрбандарын іздейді екен.

-Мәселен, алаяқтар сіздің хабарландыруыңызды көшіріп алады. Бірақ, бағасын әлдеқайда төмен етіп көрсетеді. Бұл көлік, пәтер немесе өзге тауардың жарнамасы болуы мүмкін. Алаяқ сізге қоңырау шалып немесе хат жазып, "Көлікті тексеремін" деген сылтаумен құжаттардың суретін сұрайды. Енді оның қолында көліктің суреті ғана емес, құжаттары да бар деген сөз. Әрі қарай хабарландыруға қызығушылық білдірген адамдардан алдын ала төлем алады. Сөзіне сенбегенге көліктің құжатын жібереді. Ең соңында хабарландыруын өшіріп, байланысқа шығуды доғарады. Ал полиция тексергенде платформада тек сіздің хабарландыруыңыз тұрады, – деп түсіндірді тағы да заңгер.

Мұндай маркетплейстерде алаяқтар адамды алдаудың тағы бір тәсілін қолданады екен. Ол – "жеткізу қызметінің" сілтемесі арқылы банк картасынан ақша шешіп алу. Алаяқтар хабарландыру иесіне жазып, тауарды сатып алатынын, бірақ затты өзі алып кете алмайтынын айтады. Сөйтіп жеткізу қызметі арқылы салып жіберуді сұрап, арнайы сілтеме жібереді. Сілтемеге кіріп, барлық мәліметтерді, банк есепшотын жазған соң алаяқтар картадан ақшаны шешіп ала алады. Тіпті қарапайым сілтеме арқылы алаяқтар ұялы телефоныңыздағы барлық мәліметтерді біледі. сын атыңызға несие де рәсімдеуі әбден мүмкін.

Әрине, айта берсе, мұндай алаяқтықтүрлері өте көп. Тіпті, микроқаржы ұйымдарында қарыз беру тетіктері толыққанды қарастырылмаған. Сондықтан мұндай кемішілікті алаяқтар өз пайдаларына асырып, өзге адамның құжатымен несие рәсімдей алады. Сонымен қатар, әлеуметтік желіде жоғалған құжаттардың суреті толып тұр. Ал бұл - алаяқтарға таптырмас мүмкіндік. Жеке куәліктегі деректер арқылы олар құжат иесінің атынан несие рәсімдейді. Микроқаржы ұйымдарынан қарыз алу үшін жеке куәліктің болуы ғана жеткілікті. Ал құжат иесі өзінің атына несие рәсімдегенін коллекторлық ұйымдар хабарласқан 1-1,5 айдан кейін барып біледі.

Қазір алаяқтар озық технологияны жетік меңгеріп алған. Сондықтан «Сақтансаң – сақтармын» дегендей, ғаламторға кіргенде, құжатпен жұмыс жасағанда аса сақ болғанымыз абзал. Өйткені, алаяқтар әрбір аттаған адымыңызды аңдып отырады.

Е.ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамыр күні тiркеліп, тіркеу туралы №17099-Г куәлiгi берiлген

Редакция мекенжайы: Құлсары қаласы, Исатай Тайманов көшесі, 4 үй.

Тел: 5-16-83, 5-07-66, 30-51-06, 30-51-05.

Әлеуметтік желілеріміз