Соңғы 8 айда көптеген жедел профилактикалық іс-шаралар мен апта сайын локалды іс-шаралар ұйымдастырылып тұр. Бірақ, соған қарамастан, ауданда қылмыстық құқық бұзушылық көбейіп кеткен. Дәлірек айтқанда, бұзақылық қылмыс саны 171,4 пайызға, жасөспірімдердің қатысуымен жасалған қылмыс саны 33,3 пайызға өсіп отыр. Бұл жөнінде аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың төрағалығымен өткен аудан әкімі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі жергілікті ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында «Бұзақылықтың алдын алу барысында атқарылған жұмыстар туралы» хабарлама жасаған аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары Арман Нәсіпкерейұлы мәлім етті.
ІС-ШАРА КӨП, НӘТИЖЕ АЗ
-Учаскелік полиция инспекторларымен есепті кезеңде 3719 арыз-шағымдар қаралып, олардың 852-сі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Жалпы учаскелік полиция инспекторларымен жыл басынан бері 1832 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде 637 ұсақ бұзақылық, 9 белгіленбеген орындарда темекі шегу, 386 қоғамдық орында ішімдік ішу, 162 тыныштықты бұзу және 189 абаттандыру қағидаларын бұзу және т.б. Ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне 265 тұлға алынды. Олардың қайталап қылмыс жасамауы үшін алдын алу мақсатында профилактикалық ықпал ететін іс-шаралар жүргізіліп тұрады. Маскүнемдерді еріксіз емдеу мекемесіне 9 адам орналастырылды. Маскүнемдік – жалпы қылмыстың орын алуына себепші. Сондықтан, бұл бағыттағы профилактикалық жұмысқа аса мән беру қажет деп есептеймін. Есепті мерзім ішінде, қоғамдық орындар мен көшелерде алкогольдік өнімдерді ішкені және мас күйінде жүргені үшін 386 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жоғарыда келтірілген статистикаға сәйкес 8 жасөспірім қылмыстық құқық бұзушылық жасаған,-деді Арман Нәсіпкерейұлы .
Кәмелет жасқа толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін «Түнгі қала» деп аталатын рейд жүріп жатқанын жеткізді. Рейд барысында полиция бөліміне әртүрлі құқық бұзушылық жасағаны үшін 514 жасөспірім жеткізілген. Олардың ата-аналарына тиісті әкімшілік хаттамалар толтырылыпты. Жалпы рейдтің үздіксіз жүргізіліп тұруының арқасында түнгі уақытта көше кезетін балалардың қатары азайған екен. Бұрын бір күнде 15-20 бала көзге түссе, қазір тек 1-2 баланы ғана сирек кездестіреміз дейді. Ал Ішкі істер органдарының есебіне әке-шешесі ішімдік ішетін, үйі мен бала-шағасын қараусыз қалдыратын 8 отбасы «Жайсыз отбасы» ретінде есепке алынған.
Осы орайда аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлы рейдтік іс-шаралармен қаланың барлық жерін, әсіресе шеткі учаскелерін түгел қамтуды тапсырды. Олай дейтіні, тәртіп сақшылары тек орталық көшелерді ғана бақылаумен шектелетінге ұқсайды. Бұған дәлел ретінде аудан басшысы жақында 6-учаскеде бір топ жасөспірім баланың мезгілсіз уақытта емін-еркін жүргенін көргенін алға тартты. Сондай-ақ комиссия төрағасына қоғамдық орындарда ішімдік ішетіндердге тосқауыл қою, түнде ішімдік сататын дүкендерді тексеріп, заң бұзушылық орын алса, тиісті шарасын алуды міндеттеді.
Комиссия отырысында қаралған екінші мәселе «Кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыспен күрес туралы» болды. Онда да баяндама жасаған А.Нәсіпкерейұлы соңғы 8 айда «Құқықтық тәртіп», «Жанұя және бала», «Түнгі қаладағы бала», «Балалардың қаупсіздігі» және т.б. бір қатар жедел-алдын алу профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып жатқанын, соған қарамастан жасөспірімдер арасындағы қылмыс та 33,3 пайызға өсіп тұрғанын айтты.
-Жыл басынан бері аудан көлемінде жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстардың алдын алу бағытында 514 жасөспірім және олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бала тәрбиесімен айналыспайтын адамдарды анықтап, оларды жауапкершілікке тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Есепті мерзімде ата-аналық міндетін тиісінше атқармай жүрген 28 ата-ана ҚРӘҚБтК-нің 127-бабымен жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қатысты қылмыстардың алдын алу бағытында ағымдағы жылдың 15-18 наурыз аралығында облыс аумағында «Жанұя және бала» жедел профилактикалық іс-шарасы және 26-29 қыркүйек аралығында «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» акциясы өткізілді. Іс-шара шеңберінде отбасында тәрбиеленуші балалардың құқықтарын бұзу фактілерін анықтау және ескерту, балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу және құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында білім бөлімі, ата-аналар комитеті мүшелерінің қатысуымен жұмыстар жүргізілді. Шара барысында, кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау комиссиясына 22 ата-анаға қатысты құжаттар жолданды. Есептегі маскүнем мен «педофил» санатында тұрғандар мекен-жайлары бойынша тексеріліп, оларға профилактикалық сұхбаттар жүргізілді. Құқық бұзушылыққа бейім жасөспірімдер Ішкі істер органының басшы құрамына жеткізіліп, олармен де тәрбие жұмыстары қолға алынды. Одан басқа, бөлімнің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналды полиция тобымен аудандағы мектептердің ата-аналарымен «Ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі, жасөспірімдерге көрсетілетін зорлықзомбылықтың алдын алу», «Зорлық-зомбылық және жаза», «Зорлық-зомбылық және отбасы» тақырыптарында 50-ден астам ата-аналар жиналысы өткізіліп, заң нормалары түсіндірілді,- деді бөлім басшысының бірінші орынбасары атқарылған жұмыстар жайлы.
Баяндамашы хабарлама соңында комиссия төрағасына ұсынысын да білдірді. Ол Атырау қаласынан ашылған әскери мектептің біздің ауданға да қажеттігі еді. Өйткені, бұл – вахталық әдіспен жұмыс жасайтын ата-аналар үшін таптырмас оқу ордасы. Олардың көбіне қараусыз жүретін балаларын, сондай-ақ еліктегіш, бұзақылық жасауға дайын тұратын жасөспірімдерді сондай мектепке берсе, біраз мәселе шешілер еді. Бұл құқық бұзушылықтың алдын алудың бірден бір жолы. Әскери мектептен тәлім алған бала тәртіпке бағынып, жақсы азамат болып шығатынын айтты. Жұмабек Байрақбайұлы мұның жақсы ұсыныс екенін, оны ашу үшін дұрыс талдау жүргізу керек екенін, сондықтан қазірден бастап әскери мектепке қанша бала сұранып тұрғанын зерделеуге тапсырма берді.
(жалғасы газетте.)
Перизат ТҮРКЕНБАЙҚЫЗЫ.