Жақында таныс әйел жылап тұрып мынадай жаға ұстатар жайтты айтып берді. Туған қайнысы өзінің баспанасын, автокөлігін құмар ойынға салып жіберген. Ақыры қарызға белшесінен батқан ол бой тасалап, ағасының үйін паналаған. Бір күні ешкім жоқта жеңгесінің жылдар бойына тірнектеп жинаған 3 млн. АҚШ доллары көлеміндегі ақшасын ұрлап, қашып кеткен. Осы оқиғаның өзі қара халықтың қалтасын қағып жатқан құмар ойындары мен сол секілді қаржылық пирамидалардың қоғам үшін қаншалықты қауіпті екенін көрсетсе керек.
Өкінішке орай, елімізде мұндай жайттар жыл өткен сайын көбеймесе, азаяр емес. Жапа шеккен жандарға келтірілген шығын миллион емес, бірнеше ондаған млрд. теңгеден асады. «Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» дегендей, әп-сәтте табысқа кенелемін деп бар жиған-тергенінен бір-ақ секундта айрылып қалып жатқан қазақстандықтар қаншама?! Ашынған азаматтар, тіпті, өз-өзіне қол жұмсап жатыр. Ал оңай олжаға құныққан алаяқтар халықты алдап-арбаудың түрлі айла-шарғысын ойлап тауып, қаржы пирамидаларының жұмысын жан-жақты жандандырып алған.
Енді осы қаржы пирамидасының қақпанына түсіп қалмау үшін және күмәнді ұйымға тап болсаңыз, не істеу керек? Оның қаржы пирамидасы екенін қалай анықтауға болады?
БЕЛГІЛЕРІ
Нарықтағы бағадан бірнеше есе жоғары табысқа кепілдік береді. Қазір нарық заманы болған соң, заңды инвестициялық компаниялар жоғары кіріске кепіл бере алмайды. Бұған заңнамамен тыйым салынған. Ал егер әлдекім 100 пайыз мол пайдаға кенелесіз деп уәде берсе, онда бұл - алаяқтықтың белгісі.
Лицензиясы болмайды. Заңды ұйымда қаржы нарығында ақша тарту үшін қызметті жүзеге асыруға рұқсат беретін лицензиясы болуы шарт. Егер лицензия болмаса, онда ақшаңызды бере салуға асықпаңыз. Өйткені, мұндай компаниялар Қаржы мониторингі агенттігіне бағынбайды. Яғни сіздің құқығыңыз бен мүддеңізді ешкім қорғай алмайды.
Компанияға мүше болу үшін жарна талап етеді. Әдетте, бұл қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар үшін негізгі табыс көзі саналады.
Өз қаражаты, қымбат активтері болмайды. Егер бағалы мүлкі, капиталы болса, салымшылардың ақшасын жартылай болсын қайтаруға болар еді.
Әлеуметтік желілерде агрессивті жарнама науқанын жүргізеді. Жарнама аз уақытта көп адам тартуға бағытталған және онда қаржы пирамидасының құрылтайшыларына ғана тиімді мағлұмат айтылады. Яғни жарнама берушілер клиенттерге қандай тәуекел мен қауіп-қатерге тап болатынын ескертпейді.
Компанияның нақты немен айналысатыны құпия болып қалады. Бұл ретте ұйым иелері мен басшылығы туралы ақпаратты мұқият зерделеп шыққан абзал. Компанияның қайда тіркелгенін білу де өте маңызды. Егер басшылық туралы мәлімет табылмай, ал компанияның өзі оффшорлық аймақта тіркелсе, мұндай ұйымға ақшаны сеніп тапсырмаған дұрыс. Өйткені, қаржы пирамидасының ерекше белгілерінің бірі – құрылтайшылары ман басшылары шетелде тұрады және шет мемлекеттің азаматы болады.
Жеке кездесуде ғана кеңес береді. Себебі, ондай кездесуде түрлі психологиялық амал-шарғыларды қолданып, адамның сеніміне кіріп, алдап-арбау оңайға түседі.
Келісімшартқа ойланбай қол қоюға үндейді. Асығыс шешім қабылдап, опық жеп қалмау үшін келісім-шарт үлгісін сұрап алып, үйде мұқият оқып шығу керек. Құжаттың заңды күші бар ма, жоқ па, соған назар аударған жөн.
Компания корпоративтік шараларға, сыйлықтар мен жолдамалардың ұтыс ойынына қатысуға шақырады. Бұл - пирамидаға жаңа салымшыларды тартудың кең таралған әдістерінің бірі.
Компания ақшаны қандай жолмен қабылдайтынына назар аударыңыз. Көптеген күмәнді компания ақшаны қолма-қол немесе интернет-төлем арқылы қабылдайды. Жарнама жасағанда мына сөздерді жиі пайдаланады: "бірегей", "мол пайда әкелетін бизнес", "жоғары кіріске кепілдік береміз" және тағы басқа.
ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫНА ТАП БОЛСАҢЫЗ, НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Егер сіз қаржы пирамидасына кезіксеңіз, онда бірден полицияға хабар беріңіз. Сондай-ақ, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агентігіне, Қаржы мониторингі агенттігіне шағымдануға бо- лады. Қазақстанда қаржы пирамидасын құрғандар қылмыстық жауапқа тартылады. Дәлірек айтқанда, Қылмыстық кодекстің 217-бабы "Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету" бойынша 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Ал қаржылық пирамида қызметiн жарнамалағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 150-бабымен әкімшілік жауапкершілік тартылып, айыппұл төлейді.
Ғаламтор материалдары бойынша дайындаған: Е.ҚОШАҚАНОВ