ӘЙЕЛГЕ ӘЛІМЖЕТТІК ҚЫЛУ – ӘЛСІЗ ЕРКЕКТІҢ ӘРЕКЕТІ

Әлемді нәзік жүрегімен тербететін әйелдердің сол нәзіктігінен зардап шегіп жа- татыны жақсылыққа жасалған жамандық, гүл өсірген бағбанның гүлзарына соққан бұршақты қара дауыл секілді. «Шашы ұзын, ақылы қысқа» деген түсініктен әлі толықтай арылмаған әлем, әйел-аналардың мәртебесін асқақтатқан «ардақты» деген атауды кей реттерде тек сөз жүзінде қолданып келе жатқаны жаныңа батады. Анасына, апа-қарындасына, қызына шаң жуытпайтын ер аза- маттар кейде шолақ ойлап, әйел теңдігі десе теріс қарайтыны бар. Оның дәлелін әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың азаймай отырғанынан-ақ білуге бола- ды.

Шындығында, әйелдің отбасындағы орны мен қоғамдағы рөлі жөніндегі ата-бабамыздың ежелгі ұстанымы қандай еді? Нәзік жандыларды үнемі өзінен төмен санап, керек жерінде жалаң қолмен жәбірлей салатын бүгінгі ер-азаматтардың ескі көзқарасымен ортақ пайым бар ма еді? Жоқ, әрине. Егер тарихымызды таразыласақ, онда ықылым заманнан әйел затына деген бүгінгідей зорлық-зомбылық көрсетіліп, зәбір жасалмағанын көрер едік. Әрине, ол кезеңде әйел-аналарымыз ер-азаматтан жоғары тұрған емес. Десек те, қазақ қоғамында қыз-келіншектің, аналардың өзіндік алар орыны, өзінің шығар биігі болғаны рас. Ел билеген хандардың, көкейін сөз кернеген би-шешендердің, ақын-батырлардың атағының арғы жағында ақылды да сүйікті жарларының тұрғанын біреу білсе, біреу білмес. Қазақтың «қабырғаммен ақылдасам» деген сөз тіркесінің бекерден бекер айтылмағанын осыдан аңғаруға болады. Қалай болғанда да, ата-бабамыз әйелмен әрдайым санасып отырған. Ол, қазіргі санасы таяз жандар ойлағандай, еркектен әркез төмен тұруы тиіс, «ақылы қысқа», қаласа зорлық- зомбылық құралына айналдыра салатын ескіліктің құралы емес.

Өкінішке орай, қит етсе, ақылын емес, жұдырығын ала жүгіретін ақылы таяз еркектердің кесірінен бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамымыздың дертіне айналды десек, артық айтқандық болмас. Өмірлік қорғаны болар отағасының өзінен жәбір көріп, барар жері, басар тауы қалмаған аналардың қоғамнан жәрдем сұрап, көз жасын төгіп жүруі қазіргі заманда бұл проблеманың өзекті мәселе ретінде күн тәртібінен түспегенін айғақтайды.

Иә, қазіргідей дамыған дәуірде тіршілік тірегі – әйел теңдігін, табиғатынан нәзік жаратылған, қамқорлықты қажет ететін нәзік жандылардың құқығын қорғау бүгінгі күннің басты мәселесіне айналды. Адам құқығы заңмен қорғалады дейміз. Соны біле тұра олардың ар-намысына тиіп, үстемдік көрсетуге ұмтылу қоғамда тыйылмай келеді. Төмендегі көңілге көлеңке түсіретін деректер соны айғақтайды. Айталық, аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Рысты Мұханованың берген мәліметінше, жыл басынан бері ауданымызда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабында көрсетілген құқық бұзушылықты жасау, яғни ар-намысына тию, балағаттау және жанұя тыныштығын бұзу бойынша 211 факт тіркелген. Ал осы кодекстің «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» 73-1-бабымен жауапкершілікке тартылған, дәлірек айтқанда әйел затына қол көтерген 12 жағдай орын алыпты. Ал, ұрып-соғу дерегі бойынша 33 әйелдің жәбір көргенін білдік.

Әрине, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болғандармен жұмыс жасайтын ішкі істер органда- ры мен басқа да мамандардың мақсаты – отбасыны ажырату емес. Олардың басты ұстанымы – жәбір көрген нәзік жандыларға қажетті көмек беру, тіпті керек болса, уақытша паналайтын баспана ұсыну. Алайда, мұндай кезде әйелдердің өздері шешім қабылдайды. Мәселен, Рысты Жоламанқызы ауданымызда жәбірленушінің құқығын қорғау мақсатында 191 құқық бұзушы полиция бөлімінің профилактикалық есебіне алынғанын айтады. Сонымен қатар, отағасынан жәбір көрген 2 әйел және 5 бала Атырау қаласындағы "Дағдарыс" орталығын паналауға мәжбүр болғаны соны айғақтайды..

Мұның барлығы полиция бөлімімен анықталғаны ғана. Осы орайда отбасылық қарым-қатынастағы құқыққа қайшы әрекеттердің басым бөлігі жасырын түрде қалып жататыны да жасырын емес. Себебі, әйелдердің көбі бұл жайлы айтуға қорқады, туыстары мен жақындарынан ұялып, өсек-аяңның таралуынан жасқанады.

Әйелге зорлық-зомбылық көрсету – ер-азаматтардың ұсақтала бастағанының белгісі. Өйткені, «бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» нәзік жандыларға үшінші мыңжылдық дәуірінде сонау ғасырлар қойнауында қалып қойған «феодалдық көзқараспен» қарау ақылды адамның ісі ме? Бүгінде заң орындарына шағымданған келіншектер – күйеулерінен аяусыз соққы жеп, ар-намысына, абыройына дақ түсіретін жиіркенішті сөздерден қорлық көріп келе жатқандар. Жыл сайын қаншама әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналып, үрей мен қорқыныштың жетегінде өмір сүріп келеді.

Мамандардың сөзінше, зәбір көрген әйел зорлыққа көнген сайын еркектің қатыгездікке бой алдыратынын байқайсыз. Сонымен қатар, зорлық- зомбылық әлеуметтік жағдайы төмен отбасында жиі болып жатады, бірақ зардап шеккендер көмекке сирек жүгінетін көрінеді. Демек, отбасындағы жанжалдың бір себебі халықтың әлеуметтік жағдайына келіп тіреледі. Анығырақ айтсақ, күн көріс қиындығы – тұрмыстық зорлықтың басты себептерінің бірі. Сондай-ақ, әйелді қорлау, оның дәрменсіздігі, ерлі-зайыптылардың бір-бірін жек көруі, моральдық және өзімшілдік сезімнің жоғары болуы, әйелдің еріне қаржылық жағынан тәуелді болуы, өз құқығын дұрыс білмеуі отбасылық жанжалға алып келеді. Салдарынан қоғамда адамдардың қарым-қатынаста бір- бірімен дұрыс түсінісе алмауының, мәдениетінің төмендігінің куәсі болып отырмыз. Отбасындағы құндылықтардың азайғандығы, әкенің беделі, анаға деген құрмет, ер адамның әйеліне деген сыйластық қарым-қатынасы. Осының барлығы бізде қалып бара жатыр. Бірден-бір себеп осы.

-Екіншіден, құқық бұзушылықтардың басым көпшілігі, соның ішінде 80-90 пайызы ішімдіктің кесірінен орын алады екен. Ерлі-зайыптылар бірігіп ішеді немесе күйеуі мас болып, әйеліне әңгіртаяқ ойнатады. Ал ондай адамның ойы да, сөзі де екінші адамның көңіліне, жан-дүниесіне бата- ды. Арақтың кесірінен ұрыс-керіспен басталған тұрмыстағы келіспеушіліктің аяғы қылмысқа немесе құқық бұзушылыққа әкеп соқтырып жатады,-дейді аға инспектор Р.Мұханова.

Қай халық болмасын, әйел затына ықыласпен қараған. Қазақ халқында да қыз-келіншектің ала- тын орыны ерекше. Ана деп құрметтеп, қарындас деп еркелетіп төріне шығарған. Ер-азаматтың тірегі, қамқоршысы болған әйелдер қамыққанда – сүйеу, тарыққанда – тіреу, қам көңілге жұбаныш бола білген. Сондықтан да әр отбасында отбасының берекесі, әйел затының қамқоршысы болуы тиіс ерлер отбасында "жұдырықпен емес" Абай атамыз айтқандай, "ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректің" пәрменімен әрекет қылғаны абзал.

Айнұр МЕЙРАМБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT