«Үй салып беремін» деп...

Жаңа пәтер иелерінің ақшасын қалтаға басып алған «құрылысшы» құрғақ уәдемен қатырып кетіп отырған

Соңғы жылдары елімізде алаяқтық қылмысының етек жайып кеткені жасырын емес. Өкінішке орай, аудан аумағында да жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай алаяқтардың көбейіп бара жатқаны алаңдатады. Жоғары жалақысы бар жұмыс, сәулеті келіскен зәулім үй, жылтыраған шетелдік қымбат автокөлік секілді «әдемі өмірді» аңсаған аңқау адамдар алаяқтың арбауына оңай түседі. Олар осындай арман жетегінде қиялға беріліп жүрген жандардың әлсіз тұстарын тап басып, қармақ қаптырады.

Аудандық полиция бөлімінің тергеуінде, сот өндірісінде Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша қаралып жатқан қылмыстық істер – дәл соның айғағы. Таяуда аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Құлсары қаласының тұрғындарын алаяқтық жолмен алдап, ақша жымқырған тағы бір адамды құрықтап, темір торға тоғытты. Ол 26 жастағы тепсе, темір үзер жас жігіт болып шықты.

Аудандық полиция бөлімі бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Серікқали Тасқалиевтің хабарлауынша, күдікті ретінде ұсталған Ж. есімді азамат. Ол кейбір қала тұрғындарының әбден сеніміне кіріп, жеке тұрғын үйінің құрылысын жүргізіп беремін деп алдаған. Жаңа пәтер иелерінің ақшасын алдын ала қалтаға басып алған «құрылысшы» жеме-жемге келгенде құрғақ уәдемен қатырып кетіп отырған. Жаңа пәтер тұрғызып, қоныс тойын тойлаймын деп үміттеніп жүрген жұрт алданып, азғантай ақшасынан қағылып, жер сипалап қалады.

Алғашқы қылмысын алаяқ жігіт наурыз айының соңында жасады. Жаңа үй салуды жоспарлап жүрген бір жылыойлық әйелмен келісімге келген ол сол жерде оның пәтерінің құрылысын жүргізіп беруге уағдаласады. Жігіттің сөзіне сеніп қалған аңғал жан оған көп ойланып жатпай 400 мың теңгесін қолма-қол санап береді. Бірақ ақшаны қалтаға басып алған «құрылысшы» «Маңғыт – аузыңа саңғыт» деп жігіттік сөзінде тұрмай кетеді.

Ашынған жәбірленуші амалсыздан полициядан көмек сұрауға мәжбүр болады. Үй салып шаруа бітіруді емес, жұрттың қаржысын жымқырып, оңай олжаға кенелуді көздеген алаяқ сәуір айының соңында тағы бір азаматты алдап соғады. Қолында құрылыс жұмыстарын жүргізетін мүмкіндігі болмаса да, «Үй салып беремін» деп алдап, бұл жолы да сенгіш біреудің сеніміне кіріп алады. Сөйтіп оның табан ақы, маңдай терімен тапқан 150 мың теңге ақшасын қағып алады.

Алайда ақша да, не басталған пәтер құрылысы да жоқ, алданғанын білген үй иесі күте-күте төзімі таусылып, полиция бөліміне шағымданады. -Алаяқтық жолмен бір емес, екі адамды алдап соғып, жәбірленушілерге 550 мың теңге материалдық залал келтірген қылмыскер алысқа ұзамады. Уақытша ұстау абақтысына қамалып, Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы бойынша үстінен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда алдын ала тергеу амалдары арқылы барлық кінәлары толықтай дәлелденіп, ісі сотқа жолданды. -дейді С.Тасқалиев.

Осылайша жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүріп пайда тауып, халықтың қаржысын оңай жолмен қанжығасына байлап кеткісі келген адам құрықталды. Егер ол дер кезінде ұсталмаса, әлі қаншама адамды қу тақырға отырғызып кетері белгісіз еді.

Е.Бисекенұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521