Үй кезегінен себепсіз шығарылған...

Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 77-бабының 1-бөлігінде: «Коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй, тұрғын үй комиссиясы шешімінің негізінде, өтініш берушiнiң тұрғылықты жерi бойынша жергiлiктi атқарушы органның шешiмiмен берiледi» делінген.

Осы заңның 68-бабының 3-тармағында мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жататындығы көрсетілген. Ал 69-баптың 1-бөлігі бойынша «осы елді мекенде тұрақты пайдалануында коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген тұрғын жайы жоқ Қазақстан Республикасының азаматтары, егер: есепке қойған кезде және коммуналдық тұрғын үй қорынан немесе мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қорынан тұрғын үй берген кезде Қазақстан Республикасының аумағында меншiк құқығында олардың тұрғын үйi болмаса; 2) есепке қойған кезде және мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан тұрғын үй берген кезде осы елдi мекенде меншiк құқығында тұрғын үйі болмаса, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын жайға мұқтаж деп танылады.

Осындай мұқтаж жанның бірі – мүгедек бала асырап отырған Б. есімді әйел-ана еді. Ол 2021 жылдың 18 мамырында пәтер кезегіне тіркеледі. Бірақ 2022 жылдың 19 қаңтарында «Kezekte.kz» сайтынан 894-ші болып тұрған жерінен есептен шығарылғанын көреді.

Әрине, бұл жөнінде аудандағы құзырлы орган басшыларына барып, себебін анықтауға тырысады. Бірақ, кезектен шыққандығы туралы хабарлама да жібермеген ондағы мамандар оның салдарын да түсіндіріп бере алмады. Амалы таусылған келіншек әділдік іздеп, аудандық соттың көмегіне жүгінеді. Сот талқылауында да жауапкер өкілі кезектен шығаруға нақты не себеп болғанын түсіндіріп бере алмады. Бірақ іс құжаттарына жалғанған мемлекеттік мекеменің басшысының хатына сәйкес азаматша Б. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 73-бабының 1-тармағына сәйкес шығарылған деп көрсетілген. Ондағы мәліметтен мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй берiлуi үшiн негiздер жойылғандығы себеп болған. Сотта пәтер кезегінде тұрған ананың ұлы ІІІ топтағы мүгедек екендігі нақты құжаттармен дәлелденді. Ал «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 73-бабының 2-1-бөлігінде: «егер бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік он сегіз жасқа толған, отбасы мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасы ретінде есепте тұрған мүгедектігі бар балаға белгіленсе, оның мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжай немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғынжай беру кезектілігі тұрғынжайды алғанға дейін сақталатындығы» көрсетілген.

Бұл жерде мемлекеттік мекеменің бұйрығымен талап қоюшының заңды құқығы мен мүддесі бұзылғандығы анықталды. Сондықтан аудандық сот талапкердің талап арызын қанағаттандырды. Яғни, мемлекеттік мекемеге азаматша Б-ны тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізіміне енгізіп, 2022 жылғы 19 қаңтар күнгі №894 санымен тіркелген мерзімін қалпына келтіруге міндеттеу жөнінде шешім шығарды.

Зинаида Қуанышева,

аудандық сот әкімшісінің жетекші маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT