Әңгіме өзегі – суицид

Өткен аптада Атырау облысы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның көшпелі мәжілісі болып өтті.

Оған облыс әкімінің орынбасары, облыстық комиссия төрайымы Нұрсәуле Сайлауова, аудан әкімі Азамат Бекет, Атырау қаласы мен аудандар комиссиясының мүшелері қатысты.

Мәжілісті ашқан Нұрсәуле Сайлауқызы мәжілістің күн тәртібімен таныстыра келіп, қазіргі таңда суицидтің көбеюі аймақ жұртшылығын алаңдатып отырғандығын, соның ішінде Жылыой ауданында кәмелетке толмаған мектеп оқушыларының арасында өз-өзіне қол жұмсау деректерінің жиілеп кеткеніне қатты алаңдаушылық білдірді. Қалың жұртшылықтың назарын аударған бұл мәселе облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиеваның «Кәмелетке толмағандар арасындағы суицид фактілерінің алдын алу, суицидке ұмтылған балаларды өмірге қайта бейімдеу және оңалту жұмыстары бағытындағы облыстық суицидологиялық кабинеттің жұмысы» жайлы баяндамасында кеңінен көрініс тапты. Мәншүк Құдайбергенқызының хабарлауынша, балалар мен жасөспірімдердің суицидтік мінез-құлқының профилактикасы бойынша жол картасын іске асыру мақсатында 2018 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Соның негізінде ЮНИСЕФ бағдарламасы негізінде «Bilim Foundation» қоғамдық қорымен «Жасөспірімдердің денсаулығы мен өмірлік дағдыларын қалыптастыру және суицидтің алдын алу бағдарламасы» жүргізіліп, жүзеге асу үстінде. Бағдарлама арқылы 341 мектеп пен колледж психологтары, 214 емхананың жалпы тәжірибелік дәрігерлері, 20 психикалық саулық дәрігерлерді оқыту үшін онлайн курстар мен тренингтер ұйымдастырылды. Соның ішінде біздің ауданнан 23 мектеп психологі, емдеу орнының 27 жалпы тәжірибелік дәрігері мен психиатор екі кезеңдік оқытудан өтті. 2017 жылы 8-10-сынып оқушылары мен колледждің 1-курс студенттері арасында сауалнама жүргізілді. Нәтижесінде 35 баланың денсаулығында психикалық ақауының барлығы және суицидтік мінез-құлық қаупі жоғары топқа жататындығы анықталған. Олардың 30-ы жалпы тәжірибелік, дәрігерге, 6-уы психиаторға жолданып, ем-дом тағайындалды. Бірақ соған қарамастан, биылғы жылдың 10 айы ішінде Жылыой ауданында 14 жасқа дейінгі 3 бала, 15-17 жас аралығындағы 2 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсап, көз жұмды. Тіпті бір мектепте бірі 9-сыныпта, екіншісі 10-сыныпта оқитын оқушының араға екі ай салып барып суицидке ұрынуын немен түсіндіруге болады? Бұл ретте оқу орнының директоры мен психологін орнынан тұрғызып қойып, қатты сынға алған Н.Сайлауова осы сала мамандарын арнайы бағдарлама бойынша оқытып, тиісті жұмыстар жүргізген «Білім» қоғамдық қорының өкілі Феруза Рахымқызын да сұрақтың астына алды. Жалпы алғанда, аудан аумағында мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында суицидтің алдын алу мақсатында өткен сауалнаманың дұрыс жүргізілмегенін өз сөзінде Денсаулық сақтау басқармасының басшысы да жасырмай айтып өткен еді. Дегенмен бұған психологтардың кәсіби білімін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған оқыту курстарының өз деңгейінде өтпеуі де себепші болуы ықтимал. Қалай айтқанда да, мектептерде жоғарғы сынып оқушыларының өз-өзіне қол жұмсауына жол берілді. Сондықтан облыс әкімінің орынбасары жасөспірімдер арасында мұндай деректер «болғаннан кейін» емес, «болғанға дейін» дер кезінде әрекет етуді, ол үшін оқу орны басшылары мен психологтарына әр оқушымен жеке-жеке жұмыс жасауды қатаң тапсырды. Ал «Білім» қорына оқыту курстарын жиі өткізуді, керек болса, бұл мәселеге дінбасыларды тарту жағын да қарастыру керектігін алға тартты.

Құлсары қаласындағы жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесіне байланысты Нұрсәуле Сайлауқызының сауалына орай, облыстық психиатриялық жүйке-тамыр ауруханасының дәрігер-психологі Ақмарал Шарипова да өз ой-пікірін білдірді. Мәжілісте «Жылыой ауданының әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның тәжірибесін тарату» тақырыбында баяндама жасаған аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрайымы Фарида Ахметова комиссияның өткен жылғы және биылғы атқарған жұмыстары жөнінде кеңінен хабарлама жасады. Көшпелі отырыс кезінде «Право» қоғамдық қорының презентациясы да өтті. Соңынан күн тәртібіндегі қаралған мәселелерге орай, қала мен аудан әкімдеріне нақты ұсыныстар жасалып, тиісті шешім қабылданды. Көшпелі мәжіліс «Әке - жауапты лауазым» атты облыстық әкелер слётімен жалғасын тапты.

Е.Қошақанов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521