Ғаламтор торыған ұрылар

Аудандық прокуратураның хабарлауынша, биылғы жылдың өзінде аудан аумағында 67 азамат интернет-алаяқтықтың құрбаны болған екен. Алаяқтықтың мұндай түріне алданып қалған жандардың көпшілігі әлеуметтік желілер мен интернет-жарнамалардағы, соның ішінде Instagram, Kolesa, Krisha, OLX және басқа да сайттардағы әдемі сөздерге арбалып, қылмыскерлердің құрған қармағына түсіп қалады екен. «Жылы-жылы сөйлесе, жылан да інінен шығады» деген пәлсапаны жақсы біліп алған алаяқтар, тіпті білімді де салиқалы салмақты адамдардың өзін алдап соғып жатыр.

11 МЛРД 300 МЛН ТЕҢГЕ ШЫҒЫН КЕЛТІРДІ

Сондықтан аудан прокуроры Асхат Қасымов барша жылыойлыққа қарата жақында мынадай мәлімдеме жасады:

-Құрметті Жылыой ауданының тұрғындары, Сіздерді аудан прокуратурасы ескертеді: сіздің ұялы телефоныңызға белгісіз нөмірден қоңырау шалып, өздерін банктің қауіпсіздік бөлімінің немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, шотыңызда күдікті операциялар болып жатқанын немесе сіз несиеге өтінім бергеніңізді хабарласа, онда дереу осы адамдармен сөйлесуді тоқтатыңыз да, 102 пультіне қоңырау шалыңыз. Сондай-ақ, мүмкіндігінше интернет алаңдарда (OLX, Instagram және т.б. парақшаларда) тауарларды онлайн сатып алу немесе сату тәсілдерін қолданбау сұралады, - деді ол.

Иә, расында да, көптеген адам осы әлеуметтік желілер арқылы алданып, торға түсіп қалып жатады екен. Өкініштісі сол, соңғы кездері мұндай қылмыстың түрлері жылдан жылға көбейіп, алаяқтар кең етек жайып келеді. Оған жоғарыдағы деректер куә. Ойлап қараған жанға 67 жәбірленушінің артында қаншама рухани күйзеліс, олардың алаяққа алданып, желге ұшқан табан ақы маңдай тері жатыр.

Аудандағы статистика осындай болғанда, еліміз бойынша алғандағы деректер адам шошырлық. Айталық, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының хабарлауынша, интернет алаяқтар жыл басынан бері ел азаматтарының 11 млрд 300 млн теңгесін жымқырған екен. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың айтуынша, соңғы 5 жылдың ішінде еліміздегі алаяқтықтың дерегі 5 есе дейін өсіп кеткен. Ал «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 10 есеге артқанын хабарлады. Ондағы әріптестеріміз, бұл деректі Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың келтірген мәліметіне сүйеніп жариялады.

-Бүгінгі таңда интернет алаяқтық қылмыстары өзекті. Соңғы 5 жылда оның саны 10 есе өсті. Биыл 7 800-ден астам интернет-алаяқтық қылмысы тіркелді. Соның ішінде әр бесінші қылмыс елордада жасалған. Бұл біздің қала тұрғындарының онлайн сервистер мен банк қызметтерін белсенді пайдалануына байланысты. Алаяқтар шетелден қоңырау шалып, ауыспалы абоненттік нөмірлерді пайдаланады. Сондықтан байланыс операторлары арқылы техникалық тосқауыл қойылды. Ауыстырылған нөмірлерден 17 миллион қоңырау бұғатталды, - деген ведомство басшысы. Бұл – биылғы жылдың маусымында келтірген деректер. Ал одан бері жарты жылдан астам уақыт өткенін ескерсек, бұл сандардың әлдеқайда өзгеріп кеткені белгілі.

Иә, адамды әбжыландай арбайтын әккі қулар қашықтықта отырып алып-ақ аңғал адамдардың ақшасын түрлі айла-шарғымен алдап алып, есеп-шотындағы қаржысын қағып алып жатыр.

Тағы да Ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, онда биылғы жылдың басынан бергі бір ғана 9 айдың ішінде 14 мыңға жуық интернет-алаяқтық қылмыс тіркелген екен. Бұл жерде 13 мың адам алаяққа алданып, жоғарыда айтқан 11 млрд 300 млн теңгесінен айырылып, жер сипап қалған. Ондай қылмыскерлер, негізінен, жәбірленушінің атына онлайн несие рәсімдеп, банк карточкаларындағы ақшасын қолды қылған көрінеді. Қазіргі таңда 500-ден астам азамат ұсталып, жәбірленушілерге бар болғаны 525 млн теңге өтелген. Қалған жарты миллиард, 300 млн. теңге қаржыны қымқырған қылмыскерді құрықтау үшін құқық қорғау органдарына қаншама тер төгу керек десеңізші?! Өйткені, интернет-алаяқтық қылмысын әшкерелеу өзге құқық бұзушылыққа қарағанда өте қиын. Себебі, түсінікті. Жәбірленуші күдіктімен ғаламтордың «ғаламаты» арқылы танысады да, тіпті шынайы бет-жүзін де көрмеген кісінің сөзіне имандай сеніп, ақшасын белгісіз біреудің шотына аударып жібереді...

"Мақаланың жалғасын "Кең Жылой" басылымынан оқи аласыз"

Ербол БИСЕКЕНҰЛЫ, арнаулы тілшіміз

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT