Фэн-шуй

Бір жігіттің үнемі басы ауырып, өмірде де жолы болмайды екен.

Ол фэн-шуймен айналысатын психолог мамандардан көмек сұрайды. Олар алдымен жігіттің үйіне барады, сонда не көрді дейсіздер ғой: терезе алды, шкафтардың үсті сарғайған, шаң басқан газеттер, дәріден босаған құтылар, сынған түймелер, тозған киімдер- бір сөзбен айтқанда ыбырсыған қоқыс. Осы қоқыр-соқырдың бәрін тазалағаннан кейін жігіттің басы ауырғанын қойыпты. Жағымды энергия тек таза, ұядай жинақы үйде болады.

Есік

Есігіңіз мұқият сырланған (қызыл түске боялғаны тіптен ғанибет), өте әдемі, тап-тұйнақтай болғаны дұрыс. Үйіңізге кіретін жол жарық болуға тиіс, әрі ол жерде қоқыс жатпағаны абзал. Егер ауласы бар жеке үйде тұрсаңыз, қақпадан кіретін жол үйдің есігіне тура бағытталмай, бұрылыс болғаны жөн. Есік алдына гүлдер мен өсімдіктер өсіріңіз.

Асүй

Асүйге баса назар аударылады. Мұздатқыштағы тұрып қалған тағам қалдықтарын үнемі лақтырып, ішіне жаңа көкөніс, тағамдар қойыңыз. Байлықтың символы ретінде бір бөтелке аққайнар (шампан шарабы) қойған дұрыс. Газ плитасы айнадай жалтыраған таза болуы керек. Тұтатқыш пілтелерін, қол жетпейтін қуыс-қуысын ерінбей тазалаңыз. От жағатын пілтесінің тек біреуін ғана жақпай кезек-кезек бәрін жағып тұрыңыз. Тап-таза плита үстіне үнемі әдемі кастрюля қойып қойыңыз. Барлық отбасы мүшелері жиналатын жердегі қабырғаға айна немесе мол жеміс-жидектер бейнеленген картина ілген орынды. Ас ішетін үстелдің үстінде жемістер немесе жасанды жеміс тұрғаны дұрыс. Ас ішкен соң ыдыс-аяқты бірден жуып-тазартыңыз. Лас ыдыстар жақсы фэн-шуй боп табылмайды. Қоқысты күн сайын кешкі 8.00-ге дейін шығарып тұрыңыз.

Жатын бөлме

Жатын бөлмеде басы артық мүлік неғұрлым аз болса, соғұрлым ұйқыңыз тыныш болады. Кереуеттің астында шабадан, сарғайған журналдар тәрізді артық заттармен қоштасуға тура келеді. Таза ауа, жанға жайлы бояулы түстер мен тыныштық қана керек мұнда.

Балкон

Көптеген адамдар балконды ескі-құсқы заттар жинайтын қоймаға айналдырады. Жылдар бойы жиналған бос банкілер, қисық шегелер, сарғайған газеттер дейсіз бе, тау төбе қоқысты лақтырып, оны демалатын орынға – шағын жұмаққа айналдыруға болады. Балконға небір әдемі гүл өсіріп, тіпті құстың торын, ұясын жасаңыз. Қытайлар құстар жағымды энергия алып келеді дейді, сондықтан оларды өздеріңізге көбірек тартыңыз.

Қонақ бөлме (зал)

Бұл жерде сіз қонақтарыңызды қарсы аласыз, сондықтан онда кеңістік мол болғаны жөн. Жұмсақ дивандар отбасы боп түскен суреттер, дипломдар мен мақтау грамоталары, шетелден әкелінген сувенирлер осы бөлмеде тұрсын. Бұл сізді меймандарыңызға жақсы қырыңыздан таныстырады.

Фотографиялар

Ескі суреттерді ақтарып көріңіз, олардың арасынан өзіңіздің бақытты, денсаулығыңыз мықты әрі сұлу боп түскен, жүрегіңізге жақын фотоларды іріктеп алыңыз, ал қалғандарын лақтырыңыз. Өміріңіздің сәтсіз, қиын кезеңдерінде түскен, сондай-ақ науқастанып жүргенде, қайғырып, мұңданып түскен суреттеріңізді сақтамаңыз. Бұл суреттер сіздің өміріңізге бақытты, қуанышты сәттердің келуіне кедергі болады. Енді өмірден өткен жандардың суреттері туралы. Қабырғада ілулі тұрған ата-әжелердің фотосуреттері тірі адамдарға негативті әсер етеді екен. Сондықтан оларды альбомдарда не арнайы папкелерде сақтаған дұрыс дейді фэн-шуй ілімін таратушылар.

Шкафтар

Көңіл-күйіңіз көтерілсін десеңіз, шкафтардың бір-екі сөресін ретке келтіріп, тазарту жеткілікті. Осыны жасап көріңізші. Толған ұсақ-түйектің арасынан тек өзіңізге ұнайтындарын қалдырып, шаң жинайтын түкке керегі жоқты зытырыңыз! Ал өзіңізге біреу сыйлаған, бірақ сізге мүлдем ұнамайтын сыйлықтар ше? Көңілжықпастықпен жинай көрмеңіз! Оларды басқа біреуге сыйлаңыз немесе сатыңыз, әйтеуір сізге жағымсыз заттарды жинамаңыз. Үйіңізде тек сізді көргенде қуанышқа бөлейтін заттар ғана тұрсын.

Киімдер

Бұрын біреу киген киімдерде бұрынғы иесінің жағымсыз энергиясы сақталады дейді. Тек балалардың ғана киілген киімдерін алуға болады. Егер сіз бұрын киілген киімді алып қойсаңыз, оны екі ас қасық ас тұзы не қара тұз қосылған сумен мұқият жуыңыз. Сіріңкемен аластап алыңыз.

Ванна мен әжетхана

Бұл жер өте таза болуы керек. Алайда ванна мен әжетхананы әсемдеп әртүрлі безендіретін заттар қоюдың, ілудің қажеті жоқ. Бұл жерге тіптен жасанды гүлдерді де қоймау керек, себебі мұндағы энергияның бәрі жуылып-шайылып канализация арқылы кететіндіктен, сіздің романтикалық жағынан сәттіліктерге жетуіңізге кедергі болады. Мәселен, сүйгеніңізбен араздасып қалуыңыз мүмкін.

Тұрмыстық техника

Автомашина болсын, іс машинасы болсын, оларды бейне балаша мәпелеп, күтіп ұстау керек. Техниканы тазалап, керек десе әңгімелесіп, еркелетіп қойыңыз. Алайда олар біреуге уақытша пайдалануға бере тұрғанды ұнатпайды. Олар біздің тіршілігіміздің бір бөлшегі болғандықтан қамқорлықпен қараған дұрыс. Сіздің әлдебір ісіңізде немесе қарым-қатынаста бір қиындық пайда болғанда, қолыңызға таза шүберек алып бір мүлкіңізді асықпай сүртіп тазартыңыз. Сіздерге сәттіліктер мен қуаныштар тілейміз!

С.Тәжіқызы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521