Еурохаттама деп – адамдар және жол жиегіндегі мүліктер зардап шекпеген, екі жүргізуші де кімнің жәбірленуші, кімнің кінәлі екенін өзара қабылдаған және полицияны шақырудың қажеттілігі жоқ жол-көлік оқиғаларын рәсімдеуді айтады. Қазақстанда сақтандыру жағдайын реттеу қағидаларының оңайлатылған тәртіптік шарттары мен мерзімі, әрбір жекелеген сақтандыру жағдайы бойынша сақтандыру сомасының шекті мөлшері, декларация нысаны - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының 2023 жылы 15 қарашадағы №83 қаулысымен бекітілген.
Осыған сәйкес 2024 жылғы 1 қаңтарынан бастап сақтандырушы компанияның ақпараттық жүйесіне мобильдік қосымша арқылы жол-көлік оқиғасы туралы мәлімет жіберуге болады. Яғни, енді жол оқиғасын рәсімдеу үшін полицияға қоңырау шалудың қажеті жоқ. Сондай-ақ медициналық анықтама алудың немесе сот процесіне қатысудың да керегі болмайды. Соның арқасында апатқа байланысты түйткілді шешу оңай және уақыт жағынан да үнемді болады.
Жол оқиғасын еурохаттама арқылы қалай рәсімдейміз?
Төмендегі мына шарттар сақталса, жол-көлік оқиғасын оңайлатылған жүйемен рәсімдеу мүмкін болады:
жол-көлік оқиғасына екі көлік қана қатысса; ешкім зардап шекпесе;
екі жүргізуші де оқиғаның мән-жайына келіссе; екеуінің де қолданыстағы сақтандыру полистері болса;
автомобиль ғана зақымдалса;
машинаға келген зиян, көзге көрінетін зақым, жол оқиғасына себепші біреуінің кінәсі екі жүргізуші тарапынан да дау тудырмаса және декларацияға тіркелсе;
екі жүргізуші де 100 АЕК сақтандыру төлемінің мөлшерімен келіссе.
Еурохаттама бойынша рәсімдеген кезде жүргізушінің әрқайсысы өзінің мобильдік қосымшасы арқылы декларацияны толтырып, электронды кілтпен қол қоюы қажет. Егер қатысушылардың бірінде қосымша жүктелмеген болса, сақтандыру компаниясына хабарласады, олар мұндайда не істеу керектігін айтады. Декларацияда жол-көлік оқиғасына (ЖКО) қатысушы көліктердің маркасын, моделін, мемлекеттік нөмірі мен оқиғаның мән-жайын анықтауға мүмкіндік беретін фото және бейнежазбасы, сондай-ақ алынған зақымдар көрсетілуі керек. Деректер онлайн тексеріледі. Жүргізушіге декларация сәтті тіркелгені туралы СМС келеді. Оған дейін оқиға орнынан кетуге болмайды.
Қандай қиындықтар туындауы мүмкін?
Егер тексеру кезінде сақтандырушы қызметкер ЖКО қатысушысының бірінен тіркелген құжаттар мен мәліметтердің сәйкессіздігін анықтаса немесе деректер келтірілген залалды, автоның көрінетін зақымының сипаты мен тізімін анықтауға мүмкіндік бермесе, бір жұмыс күн ішінде қажетті фото сұратады не машинаны және ЖКО орнын тексеру үшін сақтандыру комиссарын жіберуі мүмкін. Барлық шарт орындалса, сақтандырушылар декларацияны қабылдаудан бас тарта алмайды.
Бір ЖКО-ны екі мәрте рәсімдеуге бола ма?
Жоқ. Тексеру кезінде жүйе апаттың «қайталануын» анықтап, оны қабылдамайды.
Мобильдік қосымша жұмыс істемей қалса ше?
Әрине, техникалық қолайсыздықтан ешкім сақтандарылмаған. Сәйкесінше электроника немесе мәліметтер базасы дұрыс жұмыс істемей қалуы да мүмкін. Сондықтан ережеде көрсетілгендей, сақтандыру оқиғасының бірегей нөмірін беру қызметінен ақау шықса және 10 минут ішінде декларация қабылдағаны туралы хабарлама келмесе, жүргізушілер барлық құжатты қайта жіберуге тиіс.
Жүргізуші өтемақы мөлшерімен келіспесе немесе ЖКО еурохаттамаға сай келмесе не істеу керек?
Бұл жағдайда полицияны шақыртып, апат туралы сақтандыру компаниясына хабарлап, ЖКО-ны жалпы тәртіппен рәсімдеу қажет.
Айжамал Көптілеуова,
аудандық сот әкімшісінің бас маманы