Есірткіге еліткен есерсоқ

Арнайы сараптамаға жіберілген шөп тәріздес заттың есірткі екені анықталды.

Таяуда жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілі бір жас жігіттің есірткі затын алып жүргенін анықтады. Ішкі істер бөлімінің кезекшілік бөлімшесіне қоңырау шалып, жедел топты шақыртқан ол әлгі күдіктіні көлікпен кетіп бара жатқан жерінен тоқтатты. Түнгі сағат бірлер шамасында қос куәгердің қатысуымен үстіне киген киімінің қалтасын тінткенде түссіз пакетке оралған темір түтікше мен өзіне тән иісі бар шөп тәріздес ұнтақ зат тауып алды.

Күдіктінің психикалық белсенді затты пайдаланғанын және мастығын анықтау үшін медициналық куәландыру орнына апарған полиция қызметкерлері оның қанынан зиянды ештеңе таба алмады. Бірақ есесіне арнайы сараптамаға жіберілген шөп тәріздес заттың есірткі екені анықталды. Дәлірек айтқанда, 7,27 грамм кептірілген марихуана екендігі белгілі болды. Сондықтан қылмыстық теріс қылық әрекет жасағаны үшін үстінен Қылмыстық кодекстің 296-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғады. Алдын ала тергеу амалдары арқылы барлық кінәсі дәлелденіп, аудандық сотқа жолданды.

Сотта айыпкер жігіттің қылмысы іс материалдарымен толықтай өз дәлелін тапты. Өзі де сот алдында айыбын мойындап, жауап берді. Сондықтан сот оның қылмыстық әрекеті жоғарыдағы баппен дұрыс дәрежеленген деп тапты. Өйткені ол заң тілімен айтқанда «есірткі затты өткізу мақсатынсыз заңсыз иемденіп, сақтаған». Аудандық соттың үкімімен сотталушы Қылмыстық кодекстің 296-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылды. Оған 50 сағат мерзімге қоғамдық жұмысқа тарту жазасы кесілді. Үкімді орындау пробация қызметіне жүктелді.

Жазасын өтеу кезінде егер айыпкер үкімді орындаудан жалтарса, онда өтелмеген қоғамдық жұмысының әрбір төрт сағаты бір тәулік уақытқа есептеліп, сонша мерзімге қамауға алынатын жазамен ауыстырылатын болды. Осылайша есірткіге еліткен есерсоқ заң алдында тиісті жазасын алды.

А.Жұбатырова,

аудандық соттың жетекші маманы,

Е.Бисекенұлы,

өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521