Ерлі-зайыптылар ажырасамыз деп келіп...

Отбасын сақтау – сауапты да жауапты іс

Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары елімізде ажырасу деректерінің кең етек жайып кеткені белгілі. Бұл мәселе қазіргі қазақ қоғамының тағы бір дертіне айналды. Онсызда асыраушысынан айрылып, жартылай жетімдіктің тауқыметін тартып келе жатқан ел ертеңінің қатарына тірі жетімдер қосылуда. Сондықтан да ажырасу бүгінгі алқалы жиындардың күн тәртібінен түспейтін өзекті проблеманың бірі болып отыр.

Жақында аудандық аналар кеңесінің отырысында да осы мәселенің түйінін тарқату жолдары қаралды. Ал аудандық соттың өндірісінде кей кездері күніне ажырасуға қатысты бес-алты азаматтық іс қаралып жатады екен. Әрине, оларды судьялар, медиаторлар барынша медиация жолымен татуластыруға тырысып бағады.

Таяуда аудандық сотта қаралған алты бірдей азаматтық іс – дәл соның айғағы. Олардың бесеуі заңды некелерін бұздыруға келген ерлі-зайыптыларға қатысты болса, біреуі бұрынғы жолдасынан қосымша алимент өндіру туралы істер еді.

Айталық аудандық сот табалдырығын аттаған келіншек А.-ның талап арызы бойынша жолдасы Б.-мен арадағы некені бұзу туралы азаматтық ісі қаралды. Іс материалындағы дерекке қарағанда, олар 2010 жылы заңды түрде некесін қидырған. Ортақ некеден араларында үш перзент өмірге келеді. Бірақ уақыт өте келе ерлі-зайыптылардың мінездері жараспай, шаңырағының шырқы бұзыла бастайды. Шыдамы таусылған нәзік жандының сотқа талап арызбен жүгінген беті екен.

Сот отырысында судья-медиатор Арайлы Балмұханова ерлі-зайыпты жандарды татуластыруға тырысты. Абырой болғанда еңбегі еш кетпей, жүйелі жұмыс өз жемісін берді. Соның нәтижесінде екі жақ бір-бірінің қателігін түсінгендей болып, бір бітімге келді. Сол жерде дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге тоқтап, соның шартымен талап қоюшы некені бұзу туралы талап арыздан бас тартты. Ал сотқа жауапкер ретінде шақыртылған күйеуі болса, келіншегімен татуласып, отбасын сақтап қалуға міндеттеме қабылдады. Осылайша сот ұйғарымымен дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім бекітіліп, азаматтық іс жүргізу тоқтатылды.

Медиацияның мүмкіндігін пайдаланған судья-медиатордың көмегімен дәл осы тектес тағы да төрт отбасы ажырасу деген «аурудан» айықтырылды. Сондай сауапты істің арқасында шаңырағы шайқалмаған жанұяда өскен еліміздің ел ертеңі толыққанды отбасының парасатты перзенттері болып ержетері белгілі.

Соңғы іс әлдеқашан ажырасып тынған ерлі-зайыптылар арасындағы қосымша алимент өндіру туралы болды.

Сотқа келіп түскен талап арыздағы деректен белгілі болғанындай, «көкек» әке көп жылдан бері, яғни қызы 18 жасқа толғанша алимент төлемей келген. Ал кәмелетке толған соң заң бойынша алимент өндіру өз-өзінен тоқтатылатыны аян. Бірақ талап қоюшы А. безбүйрек әкені үйінде бұлай тыныш жатқыза қоймады. Сотқа талап арыз жолдап, өзінің қазіргі кезде жоғарғы оқу орнының күндізгі бөлімінде білім алып жатқанын көрсетіп, ай сайын 19 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қосымша алимент өндіріп беруді сұрады. Істі қараған судья А.Балмұханова бұл жолы да «Медиация туралы» заңға сүйеніп, қызы мен әкесін татуластыруға күш салды. Ақыры біраз уақытқа созылған әңгімелесу өз нәтижесін беріп, екі жақ медиациялық келісімге келді. Оның шарттары бойынша талапкер А. қойып отырған талабынан бас тартады. Ал жауапкер болса қызының пайдасына биылғы жылдың қараша айынан бастап ай сайын, әр айдың 12-жұлдызынан 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша алимент ретінде қаржылай көмектесіп тұруға міндеттенді.

Әке мен қыздың арасындағы дау медиация тәртібімен реттеліп, келісім бекітілуіне байланысты азаматтық іс өндірістен тоқтатылды. Татуластыруға бір ай ғана уақыт беріп, бір бітімге келмесе, ажырастырып жіберетін бұрынғы кеңестік заң талабындай емес, медиацияның мүмкіндігін пайдаланып ерлі-зайыптының шаңырағын шайқалтпай, азғантай отбасын болса да сақтап қалып отырған судья-медиатордың игілікті ісі, шынымен де, сауапты да жауапты.

Е.БИСЕКЕНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521