Ең жоғарғы мөлшерде тағайындалған

Ең жоғарғы мөлшерде тағайындалған
Фото: ашық дерек көзінен алынды

Газет – бұқара халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. Көптеген оқырмандарымыз көкейкесті сауалдарын редакцияға жолдау арқылы құзырлы орган басшыларының алдына өз мәселелерін қоя алады. Сондай оқырманымыздың бірі - Жалғас Аталық мүгедектігі жөніндегі жәрдемақысының толық төленбей отырғандығы жайлы хат жолдаған болатын.

-Мен ІІІ топ мүгедегі әрі зейнеткермін. 2021 жылы зейнеткерлікке шыққанда, мүгедектігіме байланысты өмір бойына төленетін 35 000 теңге мемлекеттік жәрдемақыны алып тастап, орнына 1867 теңге тағайындады. Менің еңбек өтілім 44 жыл болса да, 100 мың теңгемен зейнеткерлікке қалдырды. Қазір 1867 теңге 2208 теңгеге көтеріліп, жалпы сомасы 135 753 теңге аламын. 1997 жылғы заң бойынша «екі бірдей жәрдемақы негізге алынбайды» деген-ді. Осыған орай, зейнет жасына толуыма байланысты зейнетақыға ІІІ топ мүгедектігіне арналған мемлекеттік жәрдемақы ретінде неге 1867 теңге көлемінде ғана ақша қосылған? Президентіміз Қ.Тоқаевтың 30.06.2022 жылы «мүгедек жандардың өмір сүру сапасын жақсартуымыз керек» деген сөзі, бар болғаны 1867 теңгемен шектелгені ме? Жұмысшылардың жалақысын көтергенде, мүгедек жандарды неліктен назардан тыс қалдырады?

Бұл сауалға орай Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Б.Асаиновқа сұраныс жолдаған едік. Ол былай деп жауап қайтарды:

-Сол кезеңдегі қолданыста болған, Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 маусымдағы №126 «Қазақстан Республикасында мүгедектік бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» заңына сәйкес, Ж.Аталық 2004 жылдан бастап мүгедектігі (3-топ) бойынша жәрдемақы алып келді.

2021 жылдың тамыз айынан бастап зейнеткерлік жасқа толуына орай, зейнетақы тағайындалды. Мүгедектігі бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақысы жасына байланысты тағайындалған зейнетақының мөлшерінен төмен болған соң тоқтатылып, жасына байланысты берілетін зейнетақы төленді.

Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 маусымдағы №126 «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» заңының 10-бап, 1-тармақ, 1-тармақшасында: «Мүгедектігі бар адам зейнеткерлік жасқа жеткен кезде, мүгедектігі бойынша жәрдемақы төлеу тоқтатылады немесе жасына байланысты алатын зейнетақы төлемдерінің немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері ескеріле отырып қайта қаралады» - деп көрсетілген.

Ж.Аталықтың 1998 жылдың 1 қантарына дейінгі еңбек өтілі 20 жыл 5 ай 8 күн. 01.01.1998 жылдан 2021 жылдың тамыз айына дейінгі зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтілі - 20 жыл 4 ай (міндетті зейнетақы жарнасы аударылған кезең). Жалпы еңбек өтілі – 40 жыл 9 ай 8 күнді құрайды. Базалық төлем - ең жоғарғы мөлшерде, күнкөріс деңгейінің 100% мөлшерінде тағайындалған.

Бүгінгі күні Ж.Аталықтың жалпы зейнетақы төлем мөлшері – 136 098 теңгені құрайды, оның ішінде зейнетақы төлемі – 92 978 теңге, базалық төлемі – 40 567 теңге, 3-топ мүгедектігіне арнаулы мемлекеттік жәрдемақы – 2553 теңге. Зейнетақы тағайындаудағы Ж.Аталықтың еңбек өтілі дұрыс есепке алынып, тағайындалған зейнетақы төлемдері қолданыстағы заң талаптарына сай тағайындалған.

Дайындаған:

Е.Ахметкәрімов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT