Діни кітап сатқаны үшін...

«Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу».

Еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабының 1-бөлігіндегі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұза отырып, дiни жоралғыларды, рәсімдер мен жиналыстарды өткізуге, қайырымдылық қызметті жүзеге асыруға, діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды, діни мақсаттағы заттарды әкелуге, шығаруға, басып шығаруға немесе таратуға, сонымен қатар ғибадат үйлерін салуға, үйлер мен өзге де ғимаратты ғибадат орнына айналдырып, қайта бейіндеуге тыйым салынған.

Керісінше жағдайда ол үшін әкімшілік жауаптылық көзделетіндігі белгілі. Құлсарыдағы бір ықшамауданда тұратын орда бұзар отызға келіп қалған бір азамат қаладағы бір кафенің маңында «Толкование Корана» атты 4-томдық діни мазмұндағы кітапты жұртқа жарнамалап, сатқан. Бірақ оған ешқандай рұқсат етілген құжаттары жоқ еді. Одан бейхабар жігіт бұл әрекетімен еліміздің діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзды. Көшедегі көрінеу құқық бұзушылық құқық қорғаушылардың назарынан тыс қалмады. Сол жерде тексеріліп, процессуальдық заң нормасы шеңберінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.

Үстінен ӘҚБтК-нің 490-бабы 1-бөлігінің 3-тармақшасымен әкімшілік іс қозғалып, көп ұзамай сотқа жолданды. Істі өз өндірісінде қарап, толық зерделеген аудандық соттың төрағасы, судья Болатбек Жұмабаев кінәлі азаматтың әрекеті жоғарыдағы Әкімшілік кодекстің 490-бабының талаптарымен дұрыс дәрежеленген деп таныды. Себебі құқық бұзушы Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң талабын бұзып, діни мазмұндағы материалдарды таратқан. Аудандық соттың қаулысымен азамат ӘҚБтК-нің 490-бабы 1-бөлігінің 3-тармақшасында көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әкімшілік жаза ретінде 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 88375 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

Е.Қошақанов, өз тілшіміз

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521