Әділетті қоғам құрамыз десек...

Мемлекет басшысы «Адал адам – Адал азамат – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға тоқталды. Президент өз сөзінде: «Тағы бір маңызды құндылық, бұл – заң және тәртіп. Заң алдында бәрі бірдей. Бұл – баршаға ортақ мызғымас қағида. Мемлекет жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке және бейберекеттікке ешқашан жол бермейді. Мұны әрбір азамат жете түсінуі тиіс. Барша азамат, барлық жерде, соның ішінде әлеуметтік желіде де заңды мүлтіксіз сақтауы керек. Заңға қайшы келетін, қоғамға іріткі салатын және арандатушылық пиғылдағы кез келген әрекетке қатаң тыйым салынады. Ел ішіндегі тәртіпке әрқайсымыз жауаптымыз», – деді.

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі құқық қорғау органдары басшыларымен өткізген кеңесте де «Заң және тәртіп» қағидатын ұстану - қоғамның идеологиялық және саясат нұсқаулығына айналуы керек екенін ерекше атап көрсетті. Шынында да заң мен тәртіп – мемлекет пен қоғам өміріндегі әділеттіліктің белгісі. Елімізде соңғы жылдары заң үстемдігі орнығып келе жатқаны рас. Десек те өзін қоғам белсендісі санайтын кейбір азаматтар әлеуметтік желілер арқылы ойына келгенін жазып, мемлекеттік қызметшілер мен депутаттарға, тіпті Қазақстанның абырой-беделіне де нұқсан келтіретін бейнебаяндар мен негізсіз әңгімелер таратуға көшкен. Бұл мәселені Мемлекет басшысы қатты сынға алып, «елді мазақ қылғандарға» заң жүзінде қатаң тыйым салынатынын ескертті. Өйткені еліміздің заңы әлеуметтік желімен әлек болып жүрген пысықайлар үшін де ортақ. Ондай жандар өздерін қоғамға шындықты айтып шырылдап жүрген жан ретінде көрсеткісі келгенімен, шын мәнінде «артық қыламын деп тыртық қылып» жүргенін біле ме екен?!

Батыр Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деді. Ал тәртіп заң үстемдігі орнап, ол сақталған жерде орнайды. Мемлекет пен оның азаматтарының ар-намысы, абырой-беделі Ата Заңымыз бекіткен заңдармен қорғалады. Сондықтан мемлекеттегі тыныштықты және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беру мақсатында Мемлекет басшысы орынды талап қойды. Өйткені «Заң мен тәртіп» консолидациялық жобасы бойынша құқық бұзушылықтың кез келген түріне мүлдем төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын мемлекетте тұратын әрбір саналы азамат тек көшедегі құқық бұзушылыққа ғана емес, әлеуметтік желідегі негізсіз айыптауларға да тоқтам салуға күш салуы керек. Сонда ғана заң мен тәртіпке негізделген шынайы әділетті қоғам құра аламыз.

Қалия Мұхитова,

облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT