Бұзақылыққа бұғау салынды

Үстіміздегі жылдың сәуір айында аудандық полиция бөлімінің 102 арнасына Құлсары қаласының тұрғыны С.М-нан өзінің кәмелет жасқа толмаған ұлы Б.С-ны №19 жалпы орта білім беретін мектептің жоғарғы сынып оқушылары ұрып кеткені туралы хабарлама түскен. Оқиғаның жай-жапсарын анықтау барысында аталған мектептің жанындағы «Әкешім» азық-түлік дүкені алдында бір топ жасөспірімнің алдын-ала сөз байласқан түрде топ болып жабылып ұрып-соғып, дене жарақатын салғаны анықталған. Соққының салдарынан жәбірленушінің оң жақ сүйегі сынып, орталық ауруханаға жеткізілген. Осы қылмыстық құқық бұзушылық кесірінен Б.С-ның денсаулығына орташа зиян келген.

Бір топ тентек жалғыз жасөспірімге жабылды

Бұл қылмыстық құқық бұзушылық әрекет полиция бөлімі шеңберінен шығып, жақында аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақованың төрағалық етуімен өткен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның көшпелі отырысында қаралды. Басқосу Құлсары қаласындағы №19 орта мектепте өтті.

Жәбірленушінің жауабына сүйенсек, ол аталған азық-түлік дүкеніне сауда жасау үшін барған және сол жерде жүрген достарын көріп, жанына жақын барып әңгіме айтып тұрған. Ұрып кеткен балалар кек алу мақсатын көздеген және Б-ны егізімен бірге соққыға жығуды ойлаған. Сөйтіп, дүкеннің алдында тұрған көк вагонның тасасынан торуылдап, күткен. Б-ның кетіп бара жатқанын көрген М.А есімді жасөспірім қасына жетіп барып, оны аяғынан шалып құлатады. Артынша өзге сыбайластары да келіп, кезек-кезек тепкіге алады.

Жәбірленуші іш-құрылысынан, басынан бірнеше мәрте соққы алады. Құқық бұзушылар болса арам ойларын іске асырып, оқиға орнынан қашып кетеді. Жәбірленушінің алған дене-жарақатының санатын анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалып, қорытындысына сай «Орта» дәрежелі жарақат алғаны анықталды. Оқиғаға қатысы бар жасөспірімдердің ата-аналарына заңға сай айыппұл салынды. Екі тарап түсінісіп, жәбірленуші тарап кешірім берген. Дегенмен, балалардың бұл әрекеті қайталанбас үшін және кәмелеттік жасқа толмағандар арасында құқық бұзушылық пен қылмысты болдырмау мақсатында оларды қоғамдық және спорттық шараларға тартуға ұсыныс жолданды.

Комиссия отырысына құқық бұзған жасөспірімдер ата-аналарымен бірге қатысып, оқиғаға орай комиссия мүшелері тарапынан сауалдар қойылып, жауап алынды. Құқық бұзушы жасөспірімдердің арасында спортшы балалар да бар екен. Олар аудандағы балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің тәрбиеленушілері болып шықты. Бокс үйірмесіне қатысатын бір жасөспірімді әкесі осы оқиғадан соң спорт мектебіне баруына тыйым салып, шығарып алған. Комиссия мүшесінің бірі Ә.Науаров бала болса да боксшының қолы суық қарудай қатты келетінін ескертті. Яғни, бокстың қыр-сырын кәсіби түрде меңгерген спортшыға үйретілген әдістерді орынсыз қолдануға болмайтыны айтылды.

Полиция бөліміне есепке алынғанымен қатаң жауапкершілікке тартылмаған жасөспірімдер есесіне комиссия шешімімен бос уақытында ата-аналарының келісімімен қоғамдық жұмыстарға тартылатын болады.

«Ерте жастан жүктіліктің зияны»

Сондай-ақ, комиссия отырысының күн тәртібінде аталған мектепте 2022-2023 оқу жылында қыз балалар арасындағы ерте жастан жүктіліктің және жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу бойынша атқарылған шаралардың есебі баяндалды. Аталған тақырыптар бойынша білім беру мекемесінде жүзеге асқан жұмыстардың есебін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Аққаным Байжанова баяндап берді.

-№19 жалпы орта білім беретін мектепте оқу жылының қыркүйек айында қыз балалар арасындағы ерте жастан жүктіліктің алдын алу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. Мектеп директорының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі №44 бұйрығы бойынша қыз балалармен жұмыс жасайтын клубтар құрылды. Әр сыныпта қыздар жиналысы өткізіліп, кеңес құрылып, төрайымы сайланды. 7-11 сынып оқушылары үшін «Бойжеткеннің жыныстық жетілуі, гигиенасы. Етеккір. Нәзіктік» тақырыбында дәріс өткізілді. Дәріс барысында қыз баланың жыныстық жетілу ерекшеліктері мен жеке бас тазалығы туралы айтылды. Сондай-ақ 8-11 сынып қыз балалары үшін «Адамгершілік тәрбиесі – басты мақсат» тақырыбында өнеге сағаты өтті. Одан бөлек «Ерте жастан жүктіліктің зияны» тақырыбында кездесу өткізіліп, аудандық емхананың дәрігері Г.Тілегенова шақырылды. Аталған кездесу 8-11 сыныптың қыз балалары арасында ұйымдастырылды. Онда қыз баланың жалпы физиологиялық дамуынан бастап, ерте жастан жүкті болу, оның зияны, ерте жүктіліктен сақтанудың жолдары, аборт, жыныстық жолмен жұғатын аурулар жөнінде мәліметтер берілді, - дейді баяндамашы А.Байжанова. Сонымен қатар ол комиссия отырысының күн тәртібінде көтерілген жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу бойынша мектепте жасалған іс-шаралар есебін де айтып өтті.

«Жасөспірімдер денсаулығы мен өмірлік дағдыларын қалыптастыру және суицидтің алдын алу» бағдарламасы бойынша ұйымдастырылған сауалнамаға 8-11 сыныптар бойынша 216 оқушы қатысты. Сондай-ақ, «Кибербұзушылықтан сақ болыңыз!» және «Менің мектебім кибербуллингке қарсы» атты республикалық флешмоб өтті.

Ш.Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамыр күні тiркеліп, тіркеу туралы №17099-Г куәлiгi берiлген

Редакция мекенжайы: Құлсары қаласы, Исатай Тайманов көшесі, 4 үй.

Тел: 5-16-83, 5-07-66, 30-51-06, 30-51-05.

Whatsapp:  +77017650876

Әлеуметтік желілеріміз