Бір адам банкрот деп танылды

Бұл жөнінде Атырау өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен «Жеке тұлғалардың банкроттық рәсімінің ерекшеліктері туралы» баспасөз конференциясын өткізген облыстық Кірістер басқармасының Атырау облысы бойынша оңалту және банкроттық бөлімінің басшысы Эльвира Оңғарова мәлім етті.

Эльвира Садыққызының хабарлауынша, биылғы жылдың 18 қазанындағы мәлімет бойынша Жылыой ауданы Мемлекеттік кірістер басқармасына соттан тыс банкроттыққа 244 өтініш келіп түскен екен. Бірақ, оның 234-і қанағаттандырусыз қалдырылып, біреуі қаралып жатыр. 8 адамның өтініші мақұлданып, мақұлданды, күні бүгін бір азамат қана банкрот болып жарияланды.

-Департамент 8 борышкерге алғашқы қаржылық мониторинг жүргізді. Оның ішінде борышкердің кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтармағаны белгілі болды. Соған сәйкес 6 анықтама жасақталып, 2 борышкерге талдау жүргізілуде. Екінші қаржылық мониторинг басталған жоқ, -деді спикер.

Бұдан басқа бөлім басшысы аталған заңға сәйкес тиісті түсініктеме берді. Өйткені, бұл мәселеде тұрғындар тарапынан әлі де болса беті ашық жайттардың бар екендігі белгілі. Бұл ретте, ең алдымен, осыған дейін атқарылған жұмыстарға да тоқталып өтті.

-2022 жылғы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңға қол қойылды. Яғни қарызы бар азаматтар биылғы наурыз айынан бастап банкроттыққа арыз бере бастады. 2023 жылдың 16 қазанындағы есеп бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына соттан тыс банкроттыққа барлығы 2 232 өтініш келіп түсті. Оның 393-і қанағаттандырылып, 1 839-і қанағаттандырусыз қалдырылды. Осы өтініш иесінің ішінен 142 адам банкрот болып жарияланды. 163 адамның өтініші мақұлданып, олардың қарызы бойынша қаржылық мониторинг жүргізіліп жатыр. Ал 39 адамның арызы қаралу үстінде,-деді.

Жалпы департамент 288 борышкерге алғашқы қаржылық мониторинг жүргізді. Соның ішінде борышкердің кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтару белгілерінің жоқтығына байланысты 283 анықтама жасақталып, 5 борышкерге талдау жүргізілген. Ал 193 борышкерге екінші мәрте қаржылық мониторинг жүргізіліп, 191 анықтама жасақталып, 2 борышкерге талдау жасалған.

Заң талаптары жөнінде оңалту және банкроттық бөлімінің басшысы Эльвира Оңғарова былай деп түсінік берді:

-Негізінен, заң арқылы 3 түрлі рәсім жасалады. Олар – соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілетін қалпына келтіру. Барлық үш рәсімді де борышкер ғана бастайды. Яғни несие беруші немесе өзге де кредитор қарыз иесіне қатысты қандай да бір іс-шараны қолдануға құқығы жоқ.

Бірінші рәсім: Соттан тыс банкроттық тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін. Бұл рәсімді қолдану үшін келесі шарттар орын алады:

*Банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар алдындағы берешек 5,5 млн теңгеден (1600 АЕК) аспаса;

* Өтініш берген күннен бастап қатарынан 12 ай ішінде міндеттемелері өтелмеуі тиіс;

* Мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік жоқ болуы;

* Банкпен берешектер бойынша жұмыс жүргізуі тиіс;

Сонымен қатар, заң арқылы 6 ай ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар мен 5 жылдан астам уақыт қарызы өтелмеген азаматтар үшін ерекше жағдайлар қарастырылған. Олар үшін мүліктің болуы тексеріліп, қарыз сомасына шектеулер белгіленбейді.

Соттан тыс банкроттық «Электрондық үкімет» веб-порталында басталады. Содан кейін ақпараттық жүйе арқылы борышкердің кіру критерийлеріне сәйкестігін анықтау мақсатында мүдделі мемлекеттік және басқа да органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізілетін болады. Сонымен қатар, өтінімдерді «Е-салық Азамат» қосымшалары арқылы берудің мүмкіндігі қарастырылған.

Екінші рәсім: 5,5 миллион теңгеден асатын қарыздар бойынша және басқа да берешек түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады. Сот банкроттығының мақсаты – мүлік есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылса, онда кредитор оны қайтарып алуға құқылы. Сондай-ақ, жалғыз баспана кепіл болмаса, кредиторлар оны талап ете алмайды.

Қалған өтелмеген сома, егер борышкердің белгілері болмаса есептен шығаруға жатады.

Сот банкроттығы рәсімін қаржы басқарушылары жүзеге асырады, оның ішінде:

* Заңды тұлғалар банкроттығы рәсіміндегі әкімшілер;

* Кәсіби бухгалтерлер;

* Заң консультанттары;

* Аудиторлар.

Борышкерлердің барлығының бірдей олардың көрсеткен қызметіне ақы төлей алмайтынын қаперге алған мемлекет заңда мүлкі жоқ, әлеуметтік осал топтарға жататын адамдарға мемлекет есебінен ақы төлеуді қарастырды.

Үшінші рәсім – ол төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі. Бұл борышкердің тұрақты табысы болған жағдайда қарызын төлеу үшін 5 жылға дейін сот тәртібімен бөліп төлету мүмкіндігін қарастырады. Сауықтыру жоспары қаржы басқарушымен бірлесе әзірленіп, сотпен бекітіледі.

Бұл процедураның артықшылығы - бұдан кейін адам «банкрот» деген мәртебе алмайды. Сондықтан банкроттық үшін көзделген салдарлар үшінші рәсім бойынша өтініш берген азаматқа қолданылмайды,-деді.

Эльвира Садыққызының банкроттықтан кейін пайда болатын салдарларға да тоқталды. Банкрот деп танылған борышкер 5 жылға несие мен кредиттер ала алмайды. Тек 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгінуге құқығы бар және жыл бойына қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіліп тұратын болады.

Ербол ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521