banner_damu

Баталы жас жұбайлар ажыраспас болар

Кез келген дау-дамайды бітімгершілікпен бітістіруді көздейтін бұл заң – шаңырағы шайқалғалы тұрған ерлі-зайыптыларды татуластыру үшін таптырмайтын құрал. Бұл ретте медиаторлардың атқаратын рөлі зор.

Ауданда қос кәсіби медиатор мен 9 кәсіби емес медиатор бар. Олардың араласуымен сотқа заңды некесін бұзуды сұрап талап-арыз беріп қойған ерлі-зайыптылардың көпшілігі татуласып, шаңырағын сақтап қалуда. Мұны біз Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы медиация кабинетінің ұйымдастыруымен «Отбасылық-тұрмыстық қақтығыстарды шешу үшін бітімдестіру рәсімдерін қолдану тәжірибесі» тақырыбында өткен дөңгелек үстел кезінде байқадық. Оған қатысқан үкіметтік емес ұйымдар жетекшілерін, жалпы келушілерді ажырасушы жастарға араша түскен медиаторлардың іс жүзінде атқарып жатқан жұмыстары қызықтырды. Өйткені, олар кеше тағдырдың жазуымен қосылып, бүгін өз қолымен жолын екі айырғалы тұрған жұбайлардың отбасылық тірлігінің бітіспес мәселесін бетпе-бет келіп жүрген жандар. Бұл бағытта біраз тәжірибе жинақтаған Жарылқасын Байжанов, Жолдыбай Ізбергенов, Роза Оңайбекованың әңгімесі әсерлі болды.

Айталық, кәсіби емес медиатор Ж. Ізбергеновтің пікірінше, ажырасудың бір себебі әлеуметтік теңсіздікте жатыр. Той-томалақтан соң, түнгі ойын-сауық орнындағы кештерден кейін өз беттерімен «жабайы қосылған», батасыз жастар арада біраз жылдан кейін қызуы басылғасын айрылуды ғана ойлайды екен. Ондайларды ортадағы бала тағдыры толғандырмайды. Бұл ретте «Ішіме сыйған бала, сыртыма да сыяды» деп қайтып келген қызының әрекетін намыс көрмей қабылдап, үйіне кіргізіп отырған қазіргі шешелер де бұл өзекті мәселенің отына май құйып, ушықтырып отыр. Ал ата-анасының ақ батасын алып, ұядан ұзатылған қыздардың басым көпшілігі ондай ақылсыз әрекетке бармайды. Себебі, «Жастың тілегі, үлкеннің батасы қабыл» деген, «Баталы құл - арымас, батасыз құл - жарымас» дегендей, бұл жерде ауыл ақсақалының, ата-ананың ақ батасы болашақ жас жұбайлардың бақытты өміріне өріс сыйлайтыны сөзсіз.

Әрине, дөңгелек үстелде аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Нұрдәулет Ақназаров, аналар кеңесінің төрайымы Мұстахима Исаинова, аудандық соттың судьясы Арайлы Балмұханова өмірден көрген-түйгендерін алға тартып, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Қатысушылар бұл түйінді тарқату үшін мәселеге ата-аналарды араластыру керек деген тұжырымға келді. Кездесу кезінде 63 жыл отбасылық бақыттың дәмін бірге татып келе жатқан ауданның құрметті азаматы Меңке Бердіғалиев ақсақал мен жұбайы Сағадат әжей заңды некеге отырған жас жұбайларға неке куәлігін табыс етіп, ақ батасын берді.

Дөңгелек үстелді облыс әкімі аппаратының Қоғамдық келісім басқармасының кәсіби медиаторы Мұратбек Сәттіғұл қорытындылап, қатысушыларға арнайы сертификат табыс етті. Ауданда медиаторлар қатарын арттыру, сол арқылы оларды осы бір қоғамдағы ортақ мәселеге көбірек тарту жағы да талқыға түсті.

Е.Қошақанов.

ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ

biblioteka-pervogo-prezidenta-kz

Сұрақ Жауап

Ауданда covid-19 жұқтырғандардың көбею себебі неде деп ойлайсыз?

logo1

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамыр күні тiркеліп, тіркеу туралы №17099-Г куәлiгi берiлген

Редакция мекенжайы: Құлсары қаласы, Исатай Тайманов көшесі, 4 үй.

Тел: 5-16-83, 5-07-66, 30-51-06, 30-51-05.

 

Яндекс.Метрика