Басқан ізі – бақылауда

Аудандық пробация қызметі де полиция бөлімінің жұмысы секілді үнемі қарбаласқа толы. Олар шартты мерзімде жазасын өтеушілердің қайтадан қылмысқа бармай, түзелу жолына түсуі үшін көптеген профилактикалық жұмыстар жүргізіп, оларды үнемі бақылап, қадағалауды жүзеге асырады. Бірақ оны көп жұрт біле де бермейді. Пробация бөлімі қызметінің қаншалықты жауапты екенін жақында республикалық «Есептегі тұлға» атты профилактикалық іс-шарасына қатысып, рейдке шыққанда анық көз жеткізгендей болдық.

Тексерістің алғашқы күнінен бастап қарбаласқа толы қызу жұмыстар атқарған пробация қызметкерлерінің айтуынша, іс-шара сотталған азаматтардың қайта қылмыс жасамауы мен мінез-құлқының жақсы жаққа өзгеруіне септігін тигізген. Сондай-ақ ортақ тәртіпке бағынуға шақырып, заңға деген оң көзқарасының қалыптасуына ықпал еткен. Іс барысын көзбен көру мақсатында біз де пробация қызметкерлерінің аудандық полиция бөлімімен бірлесіп жүргізген бір тәулік ішіндегі түнгі тексеріске шығып келген едік. Полиция бөлімінің ғимаратынан аудандық пробация қызметі бөлімінің басшысы Жарқынай Михайловамен бірге қозғалған біз кешкі сағат 21:47 шамасында қаладағы I ықшам ауданға жол тарттық.

Инспекторлардың ізімен жүре отырып, бір пәтердің есігін қақтық. Алдымыздан 17-18 жас шамасындағы жасөспірім күлімдеп күтіп алды. Шамасы балалықпен жасаған шалалығын әлі түсіне қоймаған секілді. Сол жақ тобығына электронды бақылау құрылғысы тағылған. Сөйтсек бұл бала өңірде жиі кездесетін жастар арасындағы топтасқан төбелеске қатысып, бұзақылық жасап, үйқамаққа алынған бозбала екен. Келе қызметіне кіріскен полиция қызметкерлерінің құжаттарына қол қойып, сауалдарына жауап берген ол тиісті тексерістен өтті. Себебі кешкі сағат 22:00-ден бастап таңертеңгі сағат 6.00-ге дейін үйден шығуға тыйым салынған ол бұл күні де жаза өтеу тәртібін тиісінше орындап жатыр екен.

Әрине, түнгі рейд кезінде осы тектес жаза басқан жастарды мекен-жайы бойынша тексердік. Жалпы іс-шара нәтижесінде 91 тексеріс жүргізілді. Оның ішінде 6 азаматқа ескерту беріліп, 2 адамның ісі сотқа жолданған. Өңірдің полиция мен пробация қызметкерлерінің айтуынша, өкінішке қарай, жазасын өтеп жатқан жандардың көпшілігі жастар екен. Сотталғандардың қайта құқық бұзуының алдын алуды көздеген шара барысында оларды электронды құралдар арқылы бақылау жақсы көмектескен. Бұл жөнінде аудандық пробация қызметі бөлімінің басшысы Жарқынай Михайлова:

- Біз рейд барысында сотталғандардың түнгі уақытта мекен-жайында болуын және жаза өтеу тәртібінің орындалуын қадағаладық. Сәйкесінше жұмысты сәтті аяқтадық деп ойлаймын. Бұл істе бізге заман талабына сәйкес жұмысымызды жеңілдететін құрылғылар көмектесті. Атап айтсам, сотталғанның аяғына тағылатын электронды құрал мен олар туралы барлық мәліметті үздіксіз көрсетіп тұратын электронды экран жақында біздің ғимаратқа орналастырылды. Қазіргі таңда ауданымызға бөлінген 10 электронды құралды қолданып отырмыз. Біз сол арқылы үйқамаққа алынған азаматтардың күндізгі және түнгі жүріс-тұрысын іште отырып-ақ көріп, бақылап тұрамыз. Тіпті, оның қуатының қанша пайызды көрсететінін де біле аламыз. Бұл да қылмыстың алдын алу мақсатында өте тиімді құрал деп санаймын,-дейді өз сөзінде.

Тексеріс жұмыстары барысында өңірде Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнің 188-293 баптары, яғни ұрлық пен бұзақылық жасаған қылмыс түрлерінің жиі кездесетінін білдік. Бұл дегеніміз аудан тұрғындарының қоғамдық орындарда өз мүлкіне мұқият болуды талап етеді.

Д.ДЕРБІС

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT