«Ажырасу» деген дерт қоғамымызға дендеп енгелі оның артынан шұбырып өзге де мәселелердің еріп келгені бесенеден белгілі. Соның бірі – алимент «жыры». Әрине, мүлдем жұмыссыз, табыссыз болса, әңгіме басқаша. Өкінішке орай, бар табысын жасырып, төлемнен жалтарып, өзінің туған перзентін бағып-қағуға бөлінетін қаржыны аударуға қимай, қашып-пысып жүретін «көкек әкелер» аз емес. Жақында ауданның сот орындаушылары сондай азаматтың бірін заң алдында тиісті жауапкершілікке тартып, тентекті тезге салғандай сабасына түсірді.
Өткен жылдың шілдесінде аудандық соттың бұйрығымен Д. есімді азаматтан балалары кәмелет жасына жеткенше бұрынғы келіншегінің пайдасына табысының үштен бірі мөлшерінде алимент өндіру туралы атқарушылық өндіріс қозғалған болатын. Бірақ осы уақыт ішінде бұрынғы күйеуі сот бұйрығын орындауға әрекет етпеді. Соның салдарынан, мемлекет белгілеп берген перзентінің алдындағы борышының құны жинала келе 580 996 теңгеден бір-ақ шықты.
Әкелік міндетін дұрыс орындамаған азаматтың үстінен сотқа шағымданған сот орындаушылар заңға сәйкес тиісті шара қолдануды талап етті. Аудандық соттың шешімімен «көкек әке» бір жылдан астам уақыт сот бұйрығын орындамағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабының 1-бөлімімен кінәлі деп танылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалады. Сөйтіп, алимент төлемей, бұрынғы келіншегін әуре-сарсаңға салып, талтаңдап жүрген сабаз сазайын тартты.
«Батырға да жан керек» екен, «көкек» әке көп ұзамай баласының алдындағы борышын өтеуге де ақша тапты. Сөйтіп әкімшілік шараның нәтижесінде ол 580 996 теңге берешегін толықтай өтеп құтылды. Осылайша жалдан астам «жыр» болып келе жатқан алимент мәселесі шешіліп, сот бұйрығы орындалды.
Әрине, бұл баласының алдындағы борышынан толық құтылды деген сөз емес. Енді бұдан былай әкелік парызын жақсы түсініп, ай сайын алиментін уақытылы аударып отырса, бұлайша қарыз қордаланып қалмайтыны хақ.
Қалия МҰХИТОВА, ауданаралық сот актілерін орындау
жөніндегі аумақтық бөлімнің басшысы, аға сот орындаушы