БАҚ пен сот: байланыс нығая түседі

БАҚ пен сот:  байланыс нығая түседі
Фото: Е.Қошақанов

Өткен жылдың 12 айы ішінде аудандық сот өндірісіне 1331 талап арыз және 35 азаматтық іс түскен. Бұл алдыңғы жылға қарағанда әлдеқайда көп. Статистикалық есепке сәйкес, былтырдан қалдыққа  96 азаматтық іс және 15 арыз қалыпты. Бұл жөнінде аудандық соттың төрағасы Мұратқали Ысқақов сот төрелігін іске асырудағы аудандық соттың 2023 жылы атқарған жұмыстары жөнінде журналистермен өткізген брифинг кезінде мәлім етті.

М.Ысқақов өзге де қаралған істер бойынша деректер келтірді. Айталық, қылмыстық істер бойынша өткен жылдың 12 айындағы статистикалық есепке сәйкес, былтырдан қалдыққа 12 қылмыстық іс қалып, сот өндірісіне 145 адамға қатысты 121 қылмыстық іс түскен. Барлығы 138 адамның 123 қылмыстық ісі есептік мерзімде өндірістен аяқталды. 108 адамға қатысты 98 қылмыстық іс бойынша үкім шығып, 107 адамға айыптау үкімі жария етілді. Ал 12 айдың ішінде  барлығы 1972 (2023 – 1354) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс түскен екен.

-«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының тұжырымдамасына сәйкес, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты 2016 жылдан бастап еліміздің барлық соттарында «Төрелік» ақпараттық жүйесін енгізген еді. Бұл жүйені қолданудың басты мақсаты - сот органдарының және сот отырысының ашықтығын қамтамасыз ету. Ақпараттық жүйе іске қосылғалы, ол өзінің ыңғайлылығын және үнемділігін көрсетіп, сот қызметкерінің жұмысын ілгерлетті. Аталған жүйе ақпараттық деректермен жедел алмасуға шұғыл түрде мүмкіндік берді, іс-жүргізу мерзіміне бақылау жүргізуге, іс жүргізу мен сот ісін жүргізуді оңайлатуға жол ашты. Басқа мемлекеттік мекемелермен ақпарат алмасуға қолайлы,- деген төраға бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен де бөлісті. Оның айтуынша, өткен жылы жасақталған жұмыс жоспарының барлығы толығымен орындалып, «Төрелік» ақпараттық жүйесіне салынып, байланыс жасалған.

Бұл ретте былтырғы атқарылған сот жүйесін ақпараттық сүйемелдеу және Бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс және құқықтық насихат жұмыстарына тоқталған төраға сот қызметінің жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде аудан айнасы «Кең Жылой» газетінде көрініс тауып келе жатқанын баса айтты. Мұның өзі судьялар мен сот қызметкерлерінің жергілікті басылыммен тығыз қарым-қатынасын көрсетсе керек. Оған соңғы жылдары басылымның тұрақты «Таразы» бетінде жарияланып келе жатқан заң мен құқықтық түсіндіру бағытындағы, сот залынан дайындалған түрлі тақырыптағы мақалалар куә бола алады. Айталық ,«Кең Жылой» газетіне судьялар мен мамандардың дайындаған 30, ал «Құлсары» басылымына 2 мақала жарияланған. Бұдан басқа 31 семинар сабақтар пен кездесулер өтті.

Сот төрағасы М.Ысқақов сот кеңсесіндегі іс қағаздарының жүргізілуі, бұл бағыттағы жұмыстың жоспарлануы жөнінде де мәлім етті. Брифинг соңында журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.

Е.Бисекенұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT