Ұры өзі білетін, танитын жандардың дүние-мүлкін тонайды.
Ұрлық ерте ме, кеш пе, әйтеуір әшкере болары анық. Өйткені «Ұрлықтың құйрығы бір тұтам» деп бекер айтылмаған. Ал ұрыға келер болсақ, көбіне-көп ол алыстан келмейді. Өзі білетін, танитын жандардың дүние-мүлкін тонайды. Өйткені көздеген затының иә ақшаның қай жерде жасырылғанын жақсы біледі.
Бұл әсіресе орда бұзар отыздан асқан шағында некеден ажырасып, келіншегінен іргесін аулақ салса да, «көңілі» алыстамаған бір азаматқа тән. Бұрынғы жұбайының үйіндегі заттардың, ақша тұратын жерді жақсы білетін оның көңіліне бір күні арам ой келе қалады. Ал онысын іске асыру үшін пәтеріне кедергісіз кіре де алатын-ды. Өйткені ажырасса да «күйеуі» ретінде қолында қосалқы кілт қалып қойған-ды.
«Шешінген судан тайынбас» дегендей, ұры көп ойланып жатпады. Ақыры шіліңгір шілденің бір күнінде түнделетіп белді бекем буады да, бұрынғы жұбайының үйіне қарай бет алады. Жұрт көше түгілі сыртқа шығуға қорқып отырған карантиннің күшейген кезінде ол түнгі сағат 12-лер шамасында қос қабатты ықшамаудандағы үйдің подъездіне бас сұғып, тың тыңдады. Қожайынының үйде жоқтығына әбден көзі жеткен ұры өзіне таныс есікті кілтпен ашып, лып етіп пәтердің ішіне еніп кетті. Кірген бойда бірден бұрынғы келіншегінің жатын бөлмесіне бет алады. Ондағы шкафты ақтарып ішінен 5000 теңге тұратын қызыл әмиянын қойнына сұқты. Ішіндегі 23000 теңге ақшасымен бірге жеке куәлігі мен банкомат карточкасы да ұрының қалтасына сүңгіп кетті. Әрі қарай зал бөлмесіне қарай озған «күйеуінің» қолына ондағы шкафта тұрған ыдыстың ішінен 20 000 теңге ілікті. Бұдан өзге оңай олжаға кезіге қоймаған ұры барын місе тұтып, келген ізімен кері кетеді. Ұрлықтың кесірінен жәбірленушіге 48 мың теңге көлемінде залал келтірілді.
Құқық қорғаушылар ұрыны алысқа ұзатпады. Алдын ала тергеу амалдары арқылы бар кінәсін мойнына қойып, Қылмыстық кодекстің 188-бабының 1-бөлігінде көделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін үстінен көтерілген қылмыстық істі аудандық соттың қарауына жолдады.
Сотта айыпкер бар кінәсін толықтай мойындап жауап берді. Ал жәбірленуші ретінде сұралған бұрынғы келіншегі болса, күйеуіне кешірім бере алмайтынын мәлім етті. Сөйтсе айыпкердің осыған ұқсас әрекеттері бұған дейін де бой көтеріп келе жатыр екен. Бірнеше рет үйіне рұқсатсыз кірген ол киімдері мен дүние-мүлкін жарамсыз етіп тастаған көрінеді. Ұрлықтың кесірінен келтірілген залалдың орны толықтай толтырылғанымен, нәзік жанды жәбірленуші бұрынғы күйеуіне кешіре алмайтынын, сондықтан оған бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады.
Сот сотталушының қылмыстық құқық бұзушылық әрекеті Қылмыстық кодекстің 188-бабының 1-бөлігімен дұрыс сараланған деп танылды. Өйткені ол ұрлық, яғни заң тілімен айтқанда «бөтеннің мүлкін жасырын түрде жымқыру деп аталатын қылмыстық құқық бұзушылық әрекетті жасаған». Оның кінәсі алдын ала тергеу материалдары мен істің басқа да құжаттарымен толықтай дәлелденді.
Аудандық соттың үкімімен айыпкер Қылмыстық кодекстің 188-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. 44-баптың 2-бөлігінің талаптарына сәйкес сотталушыға тағайындалған бас бостандығынан шектеу жазасының барлық мерзіміне пробациялық бақылау белгіленді.
М.Ысқақов,
аудандық соттың судьясы