Бір әріптен кеткен қатенің кесірі

Ауданымызда тұратын бір азаматтың осыдан төрт жыл бұрын анасы, ал өткен жылы әкесі дүние салған.

Қазіргі еліміздегі барлық құжат айналымында цифрлық технология қолданылып, барлығы электрондық нұсқада жүзеге асырылып жатқан заманда әр адамның аты-жөнін, тегін дұрыс, қатесіз жазу өте маңызды саналады. Өйткені бір әріптен кеткен қате бірнеше кедергілерге кезіктіріп, әуре-сарсаңға салып қоятынын өмір тәжірибесі көрсетіп отыр. Тіпті жеке басты куәландыратын құжатта әкесінің атының (отчество) қате жазылуынан құзырлы органға барған баласы өз әкесінің туған әкесі екенін дәлелдей алмай әлекке түседі. Амалсыздан туыстығын сот арқылы анықтап алуына тура келеді. Мұндай оқиғалар біздің өңірде де аз емес. Таяуда аудандық сотта қаралған азаматтық іс – соның айғағы.

Ауданымызда тұратын бір азаматтың осыдан төрт жыл бұрын анасы, ал өткен жылы әкесі дүние салған. Ол отбасының ең кенжесі еді. Әке-шешенің артында мұра боп қалған дүние-мүлікті заңдастыруды көздеген ол қолына ата-анасының неке туралы куәлігі мен өзге де құжаттарды алып, нотариустың табалдырығынан аттайды. Бірақ онда нотариус қызмет көрсетуден бас тартып, ең алдымен, құжаттардағы адам аты-жөндерін сот арқылы анықтап, туыстық қатынасты қағаз жүзінде «қалпына келтіруге» кеңес береді. Сонда барып құжаттарға мұқият зер салған ол әкесінің есімі туу туралы куәлігі мен неке туралы куәлігінде екі түрлі жазылғанын көреді. Ал соңғы Әділет министрлігі берген жеке басын куәландыратын төлқұжатта, соған сәйкес берілген қайтыс болғандығы жайлы куәліктегі аты алдыңғы құжаттағы есімге мүлдем сәйкес болмай шығады.

Дәлірек айтқанда, «о» әрпінің орнына «а» түсіп, ал алдыңғы құжаттарында есіміне «қара» деген сөз тіркесі қосылып кеткен екен,соңғысы марқұмның халық арасында жиі аталатын лақап аты болса керек. Құжаттардағы осындай сәйкессіздіктерге тап болған кенже ұлға амалсыздан сотқа жүгінуге тура келеді. Істі қараған аудандық соттың төрағасы Б.Жұмабаев тиісті заңдылық талаптарына сүйене отырып, мәселенің оң шешілуіне ықпал етті.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 305-бабының 2-бөлігінің 1-тармағына сәйкес, сот мынадай фактілерде адамдардың туыстық қатынастарын анықтау туралы істерді қарайды. Осы кодекстің 306-бабының талабына сай, сот арыз берушінің заңдық маңызы бар фактілерді куәландыратын тиісті құжаттарды өзге тәртіппен алуы мүмкін болмаған кезде, не жоғалған құжаттарды қалпына келтіруі мүмкін емес болса ғана осы деректерді анықтайды.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының «Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер бойынша сот практикасы туралы» 2002 жылғы 28 маусымдағы №13 нормативтік қаулысының 4-тармақшасына сәйкес, туыстық қатынастар фактісін айқындау азамат үшін тікелей заңдылық жағдайларды тудырса, мысалы, ондай фактіні анықтау арызданушыға мұраға құқық туралы куәлікті алуға немесе асыраушысынан айрылуына байланысты жәрдемақы алу құқығын ресімдеу үшін қажет болған жағдайда ғана сот тәртібімен анықталады.

Бұл жерде мұрагер баласы марқұмның өзінің әкесі екендігі туралы туыстық қатынасты анықтап беруді сұрап отыр. Іс құжаттарына тіркелген аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызмет бөлімінің анықтамасына сәйкес, қайтыс болған қарияның 1974 жылғы ескі үлгідегі паспортында аты неке туралы куәлігімен бірдей жазылғаны, ал қайтыс болғанға дейінгі жеке куәлігінде «қара» тіркесі түсіп қалып, қалған есімінің ішіндегі «а» әрпінің орнына «о» түсіп, аты дұрыс жазылғандығы белгілі болды. Сотқа арыз берушінің көршілері куә ретінде шақырылды. Олар марқұммен жарты ғасырдан астам уақыт көрші болып, тату-тәтті тірлік кешкенін, талапкердің оның туған баласы екендігін айтып, айғақ берді.

Сот арыз берушінің түсініктемесін, куәларды іс құжаттарымен қоса зерттеп, оның шындыққа сай екендігіне күмән келтірмеді. Баласының уәждері заңға сәйкес сот отырысында зерттелінген дәлелдемелермен толықтай қуатталып, ешқандай қарама-қайшылық анықталмағанына көзі жеткен судья арыз берушінің арызын қанағаттандыру жөнінде шешім шығарды. Осылайша марқұмның қара шаңырағында отырған кенже ұлының әкесі екендігі жөніндегі туыстық қатынас фактісі анықталды. Бұл құжаттарындағы аты-жөндерінде өзгешелік бар өзге азаматтарға ащы сабақ болса керек.

Е.Бисекенұлы,

өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521