Аяқ киім ұрлаймын деп ...

Ұрыға мал құтаймайды

Қазіргі таңда елімізде «Адалдық алаңы» жобасы іске қосылып, көптен бермен қарай жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Мемлекет басшысының Жолдауынан кейін қолға алынып, жоспарлы түрде нақты іске кіріскен бұл жоба аясында жергілікті жерлерде адалдық кеңселері құрылды. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мақсатында атқарылып жатқан іс-шаралар ғана емес, жастарды адалдыққа, сол арқылы адамгершілікке, қоғамға жат түрлі құқық бұзушылыққа төзбеуге тәрбиелейтін жоба. Соның арқасында ел ертеңі - жастар көптеген игі бастамаларға ұйытқы болып, жақсылықтың жаршысы болуға асығуда.

Өкінішке орай, қоғам белсенділері жастарды адалдыққа баулып жүргенде кейбір ересектер тарапынан ел ертеңіне жат іс-әрекеттер орын алып жатқанын көргенде еріксіз қынжыласың. Кейінгі іні толқынға өнеге көрсетудің орнына, керісінше, бірқатары ұсақ-түйек қылмысқа бой алдырып, адалдық қасиетке орасан нұқсан келтіруде. Таяуда қаладағы сауда орнының бірінде орын алған оқиға – дәл соның айғағы.

Орталық базар маңындағы «Арзан» сауда үйінің біріне келіп, өзіне қажетті киім-кешек қарап жүрген жасы алпысты алқымдап келе жатқан бір әйел адамның көзі кенеттен сөреде тұрған аяқ киімге түседі. 5400 теңге тұратын әлгі тауарға қатты қызыққаны соншалық ақшасы жетпесе де, оны қалайда алып кетуді көздейді. Сол бойда арам ойын іске асыруға бел буған нәзік жанды өз іс-әрекетінің әйел затына тән емес, ұрлық екендігіне қарамастан аяқ киімді «көрсетпей» қойнына жасырып салып алады. Ал дүкеншінің алдына барып 800 теңгенің сүйретпесі үшін ғана ақша төлеп, тайып тұрады.

Бірақ «Ұрыға мал құтаймайды» дегендей, көп ұзамай 59 жастағы әйелдің ұрлық әрекеті әшкереленіп қалады. Қылмыстық теріс қылықты жасағаны үшін үстінен Қылмыстық кодекстің 187-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалады. Өйткені ол заң тілімен айтқанда, «бөтеннің мүлкін жасырын түрде ұсақ-түйек жымқыру болып табылатын қылмыстық теріс қылық әрекетті жасағаны үшін» айыпталды. Көп ұзамай сұғанақ қолды әйелдің ісі сотқа жолданады.

Абырой болғанда, онда мәселеге медиатор араласты. Ұрланған аяқ киім кері қайтарылып, материалдық шығынның орны толтырылған соң жәбірленуші сотталушымен татуласуға келісім береді. Бұл жөнінде оның қорғаушысы мәлім етіп, сотқа өзара жасақталған медиациялық келісімді ұсынады. Сондықтан сот ұйғарымымен Қылмыстық кодекстің 68-бабының 1-бөлігі қолданылып, жәбірленушімен медиация тәртібімен татуласуына байланысты айыпкер әйел қылмыстық жауаптылықтан босатылып, іс тоқтатылады.

Е.Бисекенұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT