АУДАНЫМЫЗДА ҒАЛАМТОР АЛАЯҚТАРЫНА АЛДАНҒАНДАР КӨП

Алаяқтарға алданып қалмау үшін, ең біріншіден, тауар алатын сайт жалған емес пе, соны анықтап алуға тырысу қажет

Қазіргі таңда аудан аумағында орын алып жататын көптеген құқық бұзушылықтың басым бөлігін алаяқтық құрайды. Соның ішінде, ғаламтор (интернет) арқылы жасалатын қылмыстар белең алып барады. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, онда ауданымызда биылғы жылдың өзінде 40-тан астам алаяқтық дерегі тіркелген. Мұның барлығы аудан азаматтарынан келіп түскен арыз-шағымдар негізінде көтерілген қылмыстық істер арқылы мәлім болып отыр. Ал құқық қорғау органына шағымданбай, жабулы қазан жабулы күйінде қалып жатқаны қаншама?!

АЛАЯҚТЫҚТЫҢ ТҮРЛЕРІ

Полиция бөлімі аудан тұрғындарына бейтаныс адамға банк карталарының деректері мен жеке басын куәландыратын мәліметтерді бермеуге, ғаламтор арқылы қандайда бір зат сатып аларда алдын ала төлем жасамауға кеңес береді. Керісінше жағдайда, бұл ғаламтордағы алаяқтықтың белең алуына түрткі болады. Өйткені «Адам аласы ішінде» дегендей, әлеуметтік арқылы жақын танысқан жанның кәдімгі алаяқ болып шығуы ғажап емес. Жыл басынан бері полиция бөліміне осындай алаяқтардың құрбанына айналып, зардап шеккен 10 азаматтың арыздануы - соның айғағы. Мұндай деректер әсіресе, www. kolesa.kz, www.olx.kz тәрізді сайттар мен «QIWI әмиян» («QIWI кошелек») секілді есеп айыру жүйесінен көптеп тіркеліп отыр.

Күні бүгін ғаламтордағы алаяқтықтың түрлері жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап, күн өткен сайын көбейіп барады. Бұл жерде желінің арғы жағында отырған қылмыскер компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи озық құралдардың көмегімен ғаламторға кіріп, онда отырған адамды алуан айламен құрығына түсіруге тырысады. Ақша бопсалау, мүлкін жымқыру секілді түрлі құқық бұзушылық әрекеттерге барады. Ғаламторды торуылдайтын алаяқтар халықаралық деңгейде кеңінен таралған. Яғни, бір мемлекетте отырып, өзге бір елдің азаматтарын әбжыландай арбайды. Олар заманауи технологияны терең меңгерген, халықты алдау үшін тәжірибесі де жеткілікті. Елімізде көп кездесетін алаяқтық түрлеріне келсек, оларға: ғаламтор-дүкенге байланысты алаяқтық әрекеттер, телефон-алаяқтығы, SMS-алаяқтық және интернет-банкинг арқылы жасалатын қылмыстар жатады.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ЖАЛҒАН САТЫЛЫМДАР

Ғаламтор мен әлеуметтік желілерде әртүрлі заттарды, киім-кешек, телефон, басқа да тұрмыстық бұйымдарды арзан бағаға сатамыз және ақшасын еселеп көбейтіп береміз деп жарнамалаушылардан көз сүрінеді. Қазақта «Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық», «Бәлен жерде алтын бар, барсам бақыр да жоқ» деген дана сөздер бар. Мұның барлығы бекерге айтылмаған. Жоғарыдағы ғаламтор арқылы сауда-саттық жасайтындардың барлығы бірдей шынайы саудагер емесі белгілі. Арасында «қой терісін жамылған қасқырлар», яғни алаяқтықпен айналысатын жандар да аз емес.

Мысалы, қазіргі уақытта сондай бір хабарламаның бірі «Қысқы тондарды арзан бағамен сатамыз» деп қызықтырады. Соған сенген ауданның бір тұрғыны әлгі «саудагердің» есеп-шотына 100 мың теңге аударып жіберген. Бірақ артынан санын соғып қалды. Міне, QIWI-әмиянмен жасалатын ғаламтор-алаяқтықтың түрі осындай.

Тексеру кезінде QIWI-әмияндардың көпшілігінің «телефон нөмірі» шетел азаматтарына тиесілі болып шығады. Әрине, жәбірленушіден арыз қабылданған соң, қылмыскерді іздестіру үшін полиция бөлімі тарапынан тиісті жұмыстар атқарылады. Бірақ жергілікті жерде тұратын күдіктіге қарағанда шет мемлекеттегі алаяқты құрықтау көп уақыт пен еңбекті талап етеді.

Қазіргі таңда адамдардың көпшілігі кез келген затын, дүние-мүлкін сату үшін де арнайы сайттар мен инстаграмм парақшаларын қолданады. Алаяқтар оны да өз мақсаты үшін тиімді пайдаланып үлгереді. Қалай дейсіз бе? Айталық, бір тұрғын өзінің пәтерін сатуға шығарып, баспанасының суретімен бірге арнайы сайтқа жариялайды. Көп уақыт өтпей оған біреу хабарласып: «Маған сіздің пәтеріңіз ұнады. Сатып алайын деп едім», — дейді. «Жақсы, келіп көруіңізге болады», — дейді ойында ештеңе жоқ үй иесі. Бірақ телефонның арғы жағындағы дауыс: «Мен барғанша сатып жібермейсіз бе? Мен басқа қалада едім. Сізге барғанша 2-3 күн өтеді. Сондықтан сіздің төлем картаңызға ақшаның жартысын аударып жіберейін», — дейді. Клиенттің табыла кеткеніне қуанған сатушы да көп ойланбастан оған банк картасының нөмірін береді. Сәлден кейін қайта телефон шалған сатып алушы: «Мен сізге ақша аудардым. Қазір сізге бір хабарлама келуі тиіс. Сол хабарламадағы кодты маған айтып жіберсеңіз болды сізге ақша түседі», - дейді. Бұған қуанып кеткен үй иесі болса, келген кодты ойланбастан айта салады. Алаяққа керегі де сол. Өйткені осы код арқылы үйін саудалаған адамның есепшоты бойынша кез келген қаржылық операцияны жасай беруге болады.

Сондықтан құпия кодты ешкімге айтуға болмайды. Құпия сөзді біліп алған алаяқ ғаламтор арқылы жеке кабинетке кіріп, ақшаны басқа шотқа оңай аударып алады. Алаяқтардың қулығына құрық бойламайтын мұндай әрекеттерінен, әсіресе жасы егде кісілер мүлдем хабарсыз.

Облыстық ішкі істер департаменті мамандары ұрылардың көп жағдайда Ресей аумағынан табылатынын айтады. Бұдан бөлек, телефон шалып банктердің атынан ақпарат сұрайтындардың да нағыз арам ойлы алаяқтар екенін ескертеді.

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде ауыр дертке шалдыққан баланың фотосуретін жариялап, пайда табатындар да кездесіп жүр. Ол да алаяқтықтың бір түрі. Бұл жерде алаяқтар ғаламторда, әлеуметтік желілерде елге танымал демеушілердің, қайырымдылық қорларының атынан мұқтаж адамдарға көмек көрсету туралы жарнамалар береді. Көп адамдар оның жалған сайт екенін білмей қалуы да мүмкін. Көмек көрсеткісі келген жомарт жүректі жан әлгі қорлардың шынайы сайтына кірдім деп ойлап, ақшаны алаяқтардың шотына аударып жіберіп жатады. Сондықтан қайырымдылық қорларына қаражат аударамын деген адам, ең алдымен, оның төрағаларымен сөйлесіп, есепшот нөмірін мұқият тексеріп алуы тиіс.

Алаяқтарға алданып қалмау үшін, ең біріншіден, тауар алатын сайт жалған емес пе, соны анықтап алуға тырысу қажет. Оның мекен-жайы, байланыс телефонына баса назар аударған жөн. Егер болып жатса, оған хабарласып, сатушысымен сөйлескен дұрыс. Осындай жан-жақты ақпараттарды нақтылап алғаннан кейін ғана ақшаны төлеуіне болады. Ал жалған ғаламтор-дүкендерге алданып қалып жатқандардың көпшілігі оларды егжей-тегжейлі тексеріп жатпай-ақ, сайтта көрсетілген шотқа ақшаны жібере салатын аңқау жандар.

Осы жерде айта кетер жайт, банктер болсын, құқық қорғау органдары болсын, еш уақытта сізге телефонмен хабарласып немесе мессенджермен жазып, логин, пароль секілді құпия мәліметтерді сұрамайды. Тіптен қажет болған жағдайда, банк қызметкері сізге хабарласып, барлық мәселені шешіп, нақтылау үшін: «Қаладағы біздің кез келген бөлімшемізге хабарласып, ақпарат алып кетіңіз» деп өтінуі мүмкін. Ондай қоңыраудың артында алаяқтар тұрмасына көз жеткізу үшін әрбір банктің өздеріне тиесілі байланыс орталықтары бар. Соларға телефон соғып, керек болса аяқтай барып, жағдайды нақтылау қажет. Өйткені телефон арқылы ешбір қаржылық мәселелер шешілмейді. Сондықтан аудандық полиция бөлімінің мамандары аудан тұрғындарынан алаяқтардың арбауынан аса сақ болуға шақырады. Ал егер күмәнді жағдайға тап болсаңыз, онда 102 нөміріне немесе полиция бөлімінің 5-04-96 нөміріне қоңырау шалсаңыз болады.

Данияр БИМҰХАНОВ,

аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары,

полиция подполковнигі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521