АТЫРАУДА «ЖАРЫЛҒЫШ ЗАТ ҚОЮ» КӨБЕЙІП КЕТТІ...

Біз облыстық полиция департаментінің баспасөз өкілі Мейірім Ердәулетовадан мәселенің мәнісін сұрадық, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

"Білім беру ұйымдарында болған екі жағдай бойынша қылмыстық баппен жазаланған адамдар жоқ. Себебі, хабарлама ұялы телефон арқылы емес, электронды почта арқылы хат түрінде келгендіктен хабарлама таратушы адам анықталмады. Егер «жарылғыш зат қойылған» деп хабарласа, ҚР ҚК-нің 273-бабы «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бойынша 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал, анықталған адам 14 жасқа толмаса, онда әкімшілік жазаға ата-анасы ҚР ӘҚБтК 127- бабы «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді" дейді ол.

Айта кетейік, Атырауда «ғимаратқа жарылғыш зат қойылды» деп жалған ақпарат тарату жиілеп кетті. Соңғы бір аптаның өзінде екі дерек тіркелген. APEC колледжі мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғимаратында «жарылғыш зат бар» деген анонимді хабар түскен бойда оқиға болған жерге тәртіп сақшылары, кинология қызметі, жедел жәрдем, өрт сөндірушілер дереу келіп жетті. Полиция департаментінің мәліметінше, оқу орындарында студенттер мен оқытушылар қауіпсіз жерге шығарылған. Абырой болғанда, екі ақпарат та расталмады. Мамандар құқық қорғау органдары өкілдерінің жарылғыш қойылғандығы туралы ақпарат ке­ліп түскен кезде оның қа­те­рін бағалай отырып әрекет ететінін айтады.

Сондай-ақ, сол аймақтан адамдар эвакуацияланады. Жарылғыш зат қойылғаны туралы ақпарат расталмағанымен ол туралы хабарлаған, ойнап отырып от басқандар көп ұзамай анықталады. Бұл қылмысы үшін «телефон террорисі» бес мың айлық есептік көр­сеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе түзету жұмысына тарту, сондай-ақ бес жылға дейінгі мерзімде бас бос­тан­дығынан шектеу немесе айыру жазасына тарту көзделген. Ескеретіні, қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Соттың шешіміне сәйкес, осындай хабарламаның салдарынан келтірілген залалдың барлық шығыны өтеледі. Мұндай іс-әрекетті кәмелетке толмағандар жасаған жағ­дай­да шығындарды өтеу олардың ата-аналарына немесе заңды өкіл­деріне жүктеледі.

Жалпы, Қазақстанда соңғы кезде «жалған терроризм» көріністері жиі орын ала бастағандығы, оның саны 2020 жылмен салыстырғанда үш есе өскен. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев мәлім еткен болатын. Әсіресе, анонимді хабарламалар Интернет желісі арқылы жүзеге асырылатындығы алаңдаушылық тудырып отыр.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521