Атырау облысында жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының ұзындығы 6464,1 шақырымды құрайды. Осы жолдарды қыс мезгілінде күтіп ұстау айрықша бақылауға алынған,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
2025-2026 жылдардағы қысқы мерзімде Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 46 арнайы техникалар және 60 жол мамандары қызмет атқарса, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын уақтылы қардан тазалауға жалпы 25 техника, 32 жұмысшы жұмылдырылды.
Республикалық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау филиалының бақылауында. Ал қысқы күтім мен жыл бойғы қызметті «ҚАЖсервис» ЖШС атқарады.
Қолайсыз ауа райында жолаушыларға жедел көмек көрсету мақсатында Атырау қаласы және Махамбет, Құрманғазы, Мақат аудандарында 4 жол пайдалану учаскесі, ал Құлсары, Қызылқоға және Индер аудандарында 3 жол бөлімшесі жұмыс істейді. Ауа райының болжамына қарай тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады.
- Соңғы жылдары қыс мезгілінде қолайсыз ауа райы жиі орын алып, қармен қатар жаңбыр жауып, көктайғақ жағдайлар көбейді. Осындай күрделі сәттерде біз жолдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәулік бойы тынымсыз жұмыс атқарып жатырмыз. Басты мақсатымыз – қандай жағдай болса да, тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету,- деді Сағыз жол пайдалану бөлімшесінің басшысы Салауат Ербол.
Сондай-ақ Атырау қаласы мен қала аумағына қарасты елді мекендерде қардан тазарту жұмыстарына «Арнаулы автобаза» ЖШС жауапты. Биыл қысқы жұмыстарға 63 дана арнайы техника, 336 жол жұмысшысы жұмылдырылды.




