«Атырау-есірткісіз қала»: жастардың есірткіге қарсы көзқарасын анықтау мақсатында әлеуметтік эксперимент өтті

#ЗАҢМЕНТӘРТІП 

Атырау облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы өңірлік профилактика кеңесімен бірлесіп, халық көп шоғырланатын орындардың бірі – Жастар саябағында «нарко-граффити» бойынша әлеуметтік эксперимент ұйымдастырды. Тәжірибе барысында полицейлер арнайы жуылатын бояумен есірткі жарнамасына ұқсас жалған жазбалар қалдырып, тұрғындардың реакциясын бақылауды көздеді. Негізгі мақсат – қоғамды күдікті жағдайға бейжай қарамауға шақыру және құқық қорғау органдарына хабар беру мәдениетін арттыру. 

Эксперимент нәтижесінде жазуларға назар аударған тұрғындар оны салып жатқан адамға жақындап, мән-жайын сұрағанымен, бұл дерек жөнінде полицияға хабарламаған және әлеуметтік желілерде жария етпеген. Аталған жағдай тұрғындардың қырағылығы барын көрсеткенімен, заңды арнаға бағыттау тәжірибесінің жеткіліксіз екенін айқындады.

Атырау облысы полиция департаменті жыл басынан бері 75-тен астам граффити жазуларын жойып, 800-ге жуық интернет-ресурсты бұғаттады. Алдағы уақытта осындай әлеуметтік тәжірибелер тұрақты түрде жалғасып, тұрғындардың хабар беру белсенділігін арттыруға ықпал етпек.

Эксперименттен кейін саябақ аумағындағы барлық жазбалар толығымен өшіріліп, аумақ бастапқы қалпына келтірілді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT