Алимент әке болмайды

Соған байланысты аудандық сотта азаматтық іс қаралды.

Жасыратыны жоқ, жастар арасында әлі де болса ажырасу деректері азаймай тұр. Сондықтан осы бір қоғамдық дертке айналған кеселмен күрес жүргізу мақсатында аудандық сотта да арнайы судья-медиатор, кәсіпқой және кәсіпқой емес медиаторлар, билер кеңесі жұмыс жасайды. Олардың барлығы да шаңырағы шайқалғалы тұрған отбасыларды барынша татуластырып, жұбайлық өмірін сақтап қалуға тырысады.

Сондай жас отбасындағы келіншек таяуда аудандық сотқа талап арыз жолдады. Ондағы дерекке қарағанда, олар 2019 жылдан бермен қарай заңды некеде тұрған және ортақ сәбиі де бар. Бірақ неге екендігі белгісіз, араларына қара мысық жүгіріп өткеннен кейін жұбайлық өмірдің шырқы бұзылған. Талапкер еріксізден заңды некедегі күйеуінен баласы үш жасқа толғанға дейін алимент талап етуге мәжбүр болыпты. Соған байланысты аудандық сотта азаматтық іс қаралды. Абырой болғанда, мәселенің мән-жайына қаныққан медиатор екі жасты татуластырып, істі медиациялық келісіммен шешті.

Сотта ерлі-зайыптылар арадағы қарым-қатынасын сақтап қалу мақсатында арнайы медиациялық келісімге келді. Соған сәйкес талапкер келіншек өзінің талабынан бас тартатын болды. Ал жауапкер күйеуі болса, өз баласы үш жасқа толғанға дейін зайыбына материалдық көмек ретінде ай сайын 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көмек ретінде алимент төлеп тұруға міндеттеме алды.

Әрине, екі жақтың медиациялық келісімі бекітіліп, іс жүргізу тоқтатылды. Іс сонымен соңғы нүктесі қойылғандай болды. Бірақ бұл жерде мәселенің бір ұшығы тағы қылтияды. Баласына материалдық тұрғыдан ғана қарайласып тұратын әке болашақ ұрпағына моральдық жағынан қандай тәлім-тәрбие бере алады?...

Е.Есенов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT