АЛАЯҚТЫҢ АҚЫРЫ

Заманауи технология дамыған сайын алаяқтық та алуан түрленіп бара жатыр. Алаяқтар өз мақсатына жету үшін ешкімге де аяушылық танытпайды. Тіпті ерекше балалар тәрбиелеп отырған көңілі қапалы жалғызбасты аналарды да алдап, қалтасындағы барын қағып алып, тақыршаққа отырғызып кетуден тайынбайды. Жақында аудандық сот өндірісінде қаралған қылмыстық іс – соның айғағы.

«Мұғалім болғасын сеніп қалып едім»

Оқиға өткен жылдың желтоқсан айында орын алған еді. Осыған дейін Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағымен 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айрылып, бірақ осы кодекстің 74-бабының 1-бөлігімен балалары он төрт жасқа толғанға дейін жазасын өтеу бес жылға кейінге қалдырылып, айыпкер орынтағына отырып шыққан 28 жастағы келіншек көп ұзамай бұрынғы «әніне» қайта басты. Шамасы «Жасөспірім ұл-қызым бар, мені соттай алмайды» деп дәмеленсе керек, арада үш ай өткеннен кейін өзі секілді жолдасы қайтыс болған әрі мүмкіндігі шектеулі қызы бар әйел адамды алдап-арбап торға түсіріп, онымен қоймай, несие рәсімдеп, қарызға белшеден батырды.

Арам ойын іске асыру үшін ол «Instagram» парақшасы арқылы өзін «логопед-дефектолог» маманы ретінде жұртшылыққа таныстырып, көпқабатты ықшамауданның бірінен пәтер жалға алып, оқу орталығын ашты. Алғашқы келген «клиентінің» туғаннан бері тілі дұрыс жетілмеген қыз баласы бар екен. Перзентінің тіл байлығын дамытуды көздеп келген жалғызбасты анаға алаяқ келіншек өзін «Асел» деп таныстырады. Емдеу курсы 3 ай уақыт екенін, сол 90 күннің ақысы 114 000 теңге болатынын айтады. Баласынан несін аясын, оның үстіне алдында отырған жанды мұғалім ретінде сыйлап, сенім артқан Ш. сол бойда өзінің «KaspiGold» қосымшасы арқылы оқу ақысын аударып жібереді.

«Клиентінің» сеніміне кіргенін түсінген Асел арада бес-алты күн өткенде Ш-ның «Whatsapp» мессенджеріне: «Мен сенің қызыңды «Қадам» мемлекеттік бағдарламасына тіркеу арқылы асыраушысынан айрылған жалғызбасты ана ретінде тегін оқуға жазып бере аламын. Қызың сол оқуға тіркелсе мен 114 000 теңгеңді қайтарып беремін. Сондықтан сенің жеке куәлігің арқылы «Қадам» оқу орталығына тіркеп көрейін»-деп хабарлама жазады. «Логопед-дефектолог»-қа имандай сенген әйел «WhatsApp» қосымшасы арқылы жеке куәлігін фотоға түсіріп бере салады. Ал шын мәнінде мұндай бағдарлама атымен жоқ еді.

Келесі күні Асел оны іздеп жұмыс орнына келеді. Мақсат – өзіне сенім артып отырған әйелдің аңқаулығын пайдаланып қалу. Кездесе сала: «Қызың «Қадам» бағдарламасы арқылы тегін емделуге өтті, енді бұрын төлеген 114 000 теңге қаражатың кері қайтарылады» деп «құлақтан теуіп-теуіп» алады да, Ш.-ны тұрғызып қойып, асықпай телефонындағы қосымшамен бет-әлпетін камераға түсіреді. Ойы жүзеге асқан алаяқ Ш.-ның атынан сол күні-ақ «Хоум Кредит Банк» АҚ арқылы тауарлық несие рәсімдеп жібереді. Нақтырақ айтқанда, Тараз қаласындағы «Эврика» тұрмыстық техника сататын дүкенінен 1 млн. 500 мың теңгеге теледидар сатып алады. Кейін онда телефон соғып, затты алмайтынын, млн жарымды өзіне қайтаруды талап етеді. «Эврика»-ның қызметкері ақшаның қайтарылмайтынын айтқанда, Асел келіспей, теледидар сол дүкеннің тұтынушысына 960 000 теңгеге сатылып кетеді. Ал сатылымнан түскен ақша несие рәсімдеген Ш-ның есепшотына аударылатыны аян. Ұрымтал сәтті құр жібермейтін алаяқ жалма-жан «клиентіне» телефон соғып, есеп-шотына 960 000 теңге қаражат түсетінін, ол оқу орталығына келген балалардың ақшасы екенін айтып сендіріп алады. Әрмен қарай «кері қайтарамын» деп уәде еткен 114 000 теңгесін өзіне қалдырып, 146 000 теңгені «GoldenKids» шотына аудартып, қалған 700 000 теңгені Әлпия есімді танысының «Kaspi Gold»-ына жібертеді.

Алаяқтан ақша мен айла артылған ба?! «Клиенті» Ш-ның атынан несие алып, қарызға белшеден батырып қойғаны аздай, көп ұзамай биылғы жылдың 25 қаңтарында қызын оқытудың 2-курсына деп, алдымен, 90 000 теңге, кейін 22 400 теңге тағы аудартып алады. Сөйтіп жәбірленушінің 1 612 400 теңге қаржысын алаяқтық жолмен жымқырып, жемсауын толтырады.

«Біреуге ор қазба...»

Баспана мәселесін шешіп алуды көздеген жалғызбасты ана үстіміздегі жылғы қаңтар айында өзіне үй алу үшін несие тарихын тексертеді. Сол сәтте өзінің атына «Хоум Кредит Банктен» несие алынғанын біліп, шошып кетеді. Амалсыздан құқық қорғау органының көмегіне жүгінеді. Сонда ғана мәселенің мәнісі белгілі болады. Асел деген алаяқтың бетпердесі шешіліп, оның ешқандай да «Логопед-дефектолог» емес, жалғанды жалпағынан басып, жұртты тақыршаққа отырғызып жүрген қылмыскер екені анықталады. Ш-ның арызы бойынша көтерілген қылмыстық іс полиция бөлімінің тергеу бөлімшесі арқылы жан-жақты тексеріліп, тергеліп, сотқа жолданады.

-Мен басында алдымда мұғалім отырған соң сенім артып едім. Бірақ оның нағыз алаяқ екенін қайдан білейін?! Бұл қылмыскер келіншек үстінен сотта іс қаралып жатқан кезде де жарнама беріп, өзінің бұрынғы әрекетін жалғастырып жүрді. Себебі өзім онымен сөйлестім, көзімді жеткіздім. «Ауру қалса да әдет қалмайды» дегендей, ол қылмыстық әрекетін жалғастыра береді. Оны тоқтату керек деп есептеймін. Денсаулығы жоқ, дімкәс бүлдіршін балалардың үстінен пайда тауып, олардың ата-анасын алдап, қалтасындағы бар ақшасын қағып алып, зар қақсатып жүр. Сондықтан мұндай қылмыскерге заң талаптарына сай бас бостандығынан айыратын қатаң жаза қолдануды сұраймын, - деді сотта ашынған жалғызбасты ана. Осылайша ол алаяқтан өзіне келтірілген материалдық зиян ретінде тергеу кезінде берген талап арызына сәйкес 1 612 400 теңгесін өндіріп беруді сұрады.

Сотта алаяқ келіншек өзінің кінәсін толықтай мойындап, жауап берді. Судья сотталушының, жәбірленушінің, куәлардың жауаптарын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, істі «Алаяқтық туралы істер бойынша сот практикасы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 29 маусымдағы № 6 нормативтік қаулысының 1, 3 бөлігіне сай қарады. Сотталушының кінәсі оның жауабымен қатар жәбірленушінің соттағы тікелей көрсету айғағымен, қылмыстық іс бойынша куәнің жауабымен, сондай-ақ, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органымен жинақталған құжаттар мен дәлелдемелермен толық бекітілді.

Сот айыпкердің қылмыстық іс- әрекеті Қылмыстық кодекстің 190-бабының 2-бөлігінің 4-тармағымен дұрыс дәрежеленген деп тапты. Өйткені ол, заң тілімен айтқанда: «Алаяқтық, яғни, бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемденумен ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану түріндегі қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған». Қылмыстық кодекстің 11-бабының 3-бөлігіне сәйкес сотталушының жасаған қылмысы ауырлығы орташа қылмыстар санатына жатқызылды.

Аудандық соттың биылғы 19 наурыздағы үкімімен алаяқ келіншек Қылмыстық кодекстің 190-бабының 2-бөлігінің 4-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Осы баппен білім беру саласында қызмет атқару құқығынан екі жыл мерзімге айыра отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-нің 60-бабының 1, 4-бөлігінің талабына сай, тағайындалған жазаға, 2023 жылғы 28 тамыздағы аудандық соттың айыптау үкімімен тағайындалған жазаның өтелмеген бөлігін ішінара қосып, түпкілікті жаза ретінде 3 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруға соттады. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу белгіленді.

Сотталған жауапкерден жәбірленушінің пайдасына 1 612 400 теңге және мемлекет пайдасына 16124 мемлекеттік баж өндірілетін болды. Үкімнің азаматтық талап бөлігін ерікті түрде орындау үшін айыпкерге бір ай мерзім берілді. Осы уақыт ішінде шешім жүзеге аспаса, мәжбүрлі түрде орындауға жолданады. Бұған қоса, Қылмыстық кодекстің 98-1, 98-2 баптарына сай, сотталушыдан Қазақстан Республикасының Жәбірленушілерге өтемақы қорына 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 55380 теңге мәжбүрлі төлем өндірілді.

Осыған дейін сот үкімімен «аяқтай» сотталып, кішкентай балаларының арқасында жазасы кейінге қалдырылып, талайды тақыршаққа отырғызып келген алаяқ келіншек бұл жолы заң алдында сазайын тартып, темір торға тоғытылды.

Айжамал Көптілеуова,

аудандық сот әкімшісінің бас маманы,

Ербол Бисекенұлы,

арнаулы тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521