Соңғы уақытта алаяқтардың жалған ақпарат тарату жағдайы жиілеп кетті. Атап айтқанда, әлеуметтік желілерде және онлайн-хабарландыру платформасында зейнетақы жинақтарын жеке басқарушы компанияларға немесе сақтандыру ұйымдарына аудару арқылы қолма-қол ақша алып беру үшін делдалдық қызмет көрсетуге ұсыныс жолдайды. Тек мұндай қызметі үшін хабарлама иесі белгілі бір көлемде сыйақыны талап етеді. Бұл жөнінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады.
"БЖЗҚ" АҚ бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдейді. Жеке басқарушы компаниялардың сенімгерлік басқаруындағы немесе зейнетақы аннуитетінің шарты бойынша өмірді сақтандыру компанияларына аударылған зейнетақы жинақтарын қандайда бір делдалдар арқылы қолма-қол алу мүмкін емес. Ал салымшыларға зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін ғана заңнамада көзделгендей, тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу мақсатына пайдалану үшін шешіп алуға рұқсат етіледі,-дейді мамандар. Алаяқтар ұсынған схемаларға қатысуға келісім бере отырып, сіз өз ақшаңызды жоғалту қаупін тудырып қана қоймайсыз, сонымен бірге жеке деректеріңіздің құпия сақталуына да қауіп төндіресіз. Ол болашақта басқа да алаяқтық әрекеттер үшін пайдаланылуы мүмкін. "БЖЗҚ" АҚ өз салымшыларына соңғы кездерде жиі таралып кеткен осындай "жалған" хабарламаларды елемеуге және ақпаратты тек ресми көздерден ғана алуға қатаң кеңес береді,-делінген хабарламада.
Зейнетақы жинақтарын алу мен аударуға қатысты барлық сұрақтарға қажетті жауапты аяқтай барып та, қашықтықтан онлайн алып та ақпараттың сенімділігін тексеруге болады: көп арналы тегін қоңырау шалу, байланыс орталығының 1418 нөміріне хабарласу, сондай-ақ, +7 777 000 1418 нөмірі бойынша WhatsApp арқылы. Сондай-ақ, «БЖЗҚ»-ның Одноклассники, Telegram, Facebook, Вконтакте, Twitter және Instagram сияқты танымал платформалардағы әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы да білуге болады.
Е.БИСЕКЕНҰЛЫ