Алаяқтың ақыры

немесе кәсіпкерге 31 млн. теңге залал келтірген қылмыскер заң алдында жазасын алды

Бұл оқиға 2017 жылы орын алған еді. Тек оған қатысты үкім өткен жылы ғана шықты. Өзінің жеке кәсіпкерлігін ашып, ісін ілгерілетуді көздеген А, есімді азамат Теңіз кенішіндегі ірі мердігер мекемемен келісім-шартқа отырады. Міндеті: Прорва мен Теңіз кен орындарына арнаулы транспорт құралдарымен жүк тасымалдау болатын-ды. Міне, осы сәтте оған бұрыннан таныс Б. есімді азамат келіп, бірге жұмыс жасауға ұсыныс жасайды. Кәсіп иесі келісімін бергеннен кейін соңғысы жұмысқа бел шеше кіріседі.

Кәсіпкерлік директорының орынбасары міндетін атқарған ол алғашында қожайынының сеніміне әбден кіру үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды. Екеуінің арасында жазбаша еңбек шарты жасалмаса да, оның міндеті - кәсіпкерліктің көліктерінің жұмысын қадағалап отыру, оларды қажет кезінде қосалқы автобөлшектермен қамтамасыз ету еді. Мердігер мекемемен, дәлірек айтқанда, техникаға тапсырыс беруші жауапкершілігі шектеулі серіктестікпен арада жасақталған сол кездегі келісімге сәйкес кәсіпкерліктің жүк көліктері Прорва кенішіне щебень тасымалдайды. Өзін елгезек, еңбекқор, өз ісіне берілген, адал атқаратын патриот ретінде көрсеткен Б. аз уақыттың ішінде кәсіпкерлік директорынан бастап серіктестік пен оған қарасты өндірістік нысан басшылары мен мамандарының сеніміне ие болады. Басшысы көбіне көп Атырау қаласында болып, жұмыстың денін өзі атқаруына байланысты Теңіз бен Прорвадағылар оны кәсіпкерліктің директоры санап та жүреді. Оған да керегі сол еді. Бірақ «Адам аласы ішінде» дегендей, жұмыс бабында серіктес болған көптеген азаматтар оның арам ойлы алаяқ, ұры екенін білген жоқ. Тек іс басына нағыз қожайыны келіп, мәселенің мән-жайын анықтап, ақ-қарасын айыруға көшкенде ғана барып көп нәрсеге көздері жетті.

Жүк көліктерінің жұмысын қадағалаушы Б.-ның бір нәрсеге құзыреті жүретін еді. Транспорт құралдары бұзылып қалған жағдайда серіктестіктің қоймасындағы кез келген қосалқы бөлшектерді алуға құқығы бар-ды. Бірақ ақшасы кәсіпкерлік пен мекеменің ай соңындағы өзара есеп-айырысу кезіндегі аударылатын қаражаттан шегерілетін-ді. Міне, осы міндетін ол өзінің түпкі арам ойын іске асыруға пайдаланды. Оны бәрінен бұрын жүк көлігінің қымбат тегершіктері қатты қызықтырды. Сондықтан алаяқтық жолмен ұрлық жасағанда көбіне көп дөңгелек тысына тапсырыс беріп отырды. Қоймадан әкетілген заттың барлығы мердігер кәсіпкерліктің транспортын қосалқы бөлшекпен қамтамасыз ету мақсатында деген желеумен тасымалданып жатты. Шын мәнінде Б. оларды сыбайластары арқылы Атырау асырып, саудаға салып жіберетін-ді.

Алғашқы қылмысын ол 2017 жылдың мамыр айының басында бастады. Директордың сеніміне кіріп, сыбайлас адамдармен алдын ала сөз байласып қойған орда бұзар отыздағы жігіт сол күні серіктестіктің басшы мамандарымен телефон арқылы байланысып, арам ойын іске асыруға кіріседі. Жұмыс бабында өрбіген әңгіме үстінде өзінің жүкке тапсырыс жолдауға қажетті компьютер құрылғысының жоқ екенін айтып, мердігер жеке кәсіпкерлігінің жүк автокөліктеріне тез арада бірнеше тегершік пен автобөлшектер керек екендігін алға тартады. Телефонның арғы жағындағы азаматтар іскер басшы ретінде көзге түскен серіктесінің сөзіне, әрине, сеніп қалады. Көп ұзамай алаяқ көлікпен келіп қоймадан әрқайсының құны 106 250 теңге тұратын 14 дана R20 тегершік пен 42857 теңгенің бір дана генераторын, «Shacman» көлігінің 5357 теңгеге бағаланған екі дана артқы кабина амортизаторын, біреуінің құны 53571 теңге тұратын бір дана стартерін тиеп кетеді.

Бастамасы жақсы басталған Б. енді бұл іске мықтап кіріседі. Бірақ бұдан былай қоймаға ол өзі бармайды. Бірде жүргізушілерді, бірде кәсіпкерліктің мамандарын жұмсап, өзі мекеменің басшыларына, қойма меңгерушісіне телефон соғып, жіберген жүк көлігінің қоймаға емін-еркін кіріп-шығуына жағдай жасап отырады.

Бірінші ісін сәтті өткізіп, су жаңа қосалқы бөлшектерді кәдеге жаратқан ол енді танысына телефон соғып, арзан бағасына тегершік сататынын хабарлап, «клиент» тауып беруін өтінеді. Көп ұзамай сатып алушымен арада ауызша келісім жасап та үлгереді. Соңғысы Теңіз кенішіне өзінің жүк көлігімен жүргізушісін жібереді. Көлік келген соң қасына өзінің механигін қосып берген Б. оларды қоймаға жұмсайды. Көлік иесі жолдама қағазға қол қойып, жүкті заңдастырған соң, астауына 20 дана R20 тегершікті тиеп алып, тайып тұрады. Оның 10 данасын келісім бойынша өзінің көлігі үшін алып қалады да, қалғанын Теңіз қалашығының қасында Б.-ның сыбайластарына беріп жібереді. Сөйтіп бір ғана танысы арқылы жасаған сауданың өзінен кейіпкеріміз 600 мың теңге пайда көреді. Яғни әр тегершікті 60 мыңнан сатып, су тегінге өткізеді.

Дәл осылайша алаяқ жігіт бір мекеменің қоймасына бірнеше мәрте адам жұмсап, жүк көліктерімен 10-15 данадан 30-40 данаға дейін тегершік тиеп кетіп жүреді. Бұл қылмыстық пиғылын ол мамыр айынан бастап қыркүйек айының аяғына дейін жүзеге асырды. Мәселен, бір ғана маусым айының аяғында ол өзінің көңілін қайтармай, көмектесіп жүретін бір кәсіпкерлік жетекшісіне қоңырау шалып, көлік жібертеді де, серіктестіктің механигін алдап соғып, қоймадан анау-мынау емес 40 дана R20 тегершікті тиеп кетеді. Ал олардың жалпы сомасын қосқанда 4 млн. 250 мың теңге ақша тұратын-ды. Бірақ алаяқ оларды арзан бағаға сатқанның өзінде бір өзі үшін қыруар пайда көреді. Егер кәсіпкерлік директоры Теңіз кенішіне аяқтай келіп, мән-жайды көзімен көріп, құлағымен естімегенде Б.-ның қашанға дейін ойына келгенін істеп жүре берері белгісіз еді. Тексере келгенде орынбасарының мекеме мен қойма басшыларын алдап, алаяқтық жолмен алдап, 16 рет адам жіберіп, барлығы 330 тегершік пен басқа да көлікке қажетті қосалқы бөлшектерді ұрлағанын анықтағанда өз көзіне өзі сенбеді. Сөйтіп кәсіпкер алаяқ серіктесіне сенемін деп 31 млн. 247 мың 320 теңге шығынға батты.

Бастапқыда орда бұзар отыздағы алаяқ басшысына келтірген материадық шығынның орнын толтыратынына сендіреді. Бірақ оның қолымен істегенін, мойнымен көтеруге асықпайтын адам екенін түсінген кәсіпкерлік директоры Б.-ның үстінен құқық қорғау органына шағымданды. Әрине, тергеу біраз уақытқа созылды. Бірақ алдын ала тергеу амалдарын жүргізген полиция бөлімінің тергеушілері алаяқ жігіттің барлық қылмыстық әрекетін әшкерелеп, аудандық сотқа жолдады.

Сотта айыпкер өз айыбын мойындамады. Беті бүлк етпей барлық ұрлықты жәбірленушімен бірге жасадық деп өзімен бірге кәсіпкердің өзін де қосақ арасында ала кеткісі келді. Бірақ алдын ала тергеу амалдары арқылы жинақталған іс материалдарындағы дәлелдемелер мен құжаттар, жәбірленуші мен куәлардың жауаптары қылмысты Б. мен оның сыбайластарының жасағанын айғақтап берді. Сондықтан сот оның әрекетін Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен дұрыс сараланған деп тапты. Өйткені ол «Алаяқтық» яғни «адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау арқылы алдап, бөтеннің мүлкін жымқыру немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену болып табылатын қылмыстық іс-әрекетті жасаған».

Өткен жылғы аудандық соттың үкімімен алаяқ жігіт жоғарыдағы бапта көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Сонымен қатар сотқа материалдық залал өндіруді сұрап талап арыз берген жәбірленуші кәсіпкердің пайдасынан 31 млн. 247 мың 320 теңге өндіруге үкім етті.

Осылайша кәсіпкерліктің атын жамылып, алаяқтық жолмен байығысы келген қылмыскер заң алдында сазайын тартты. Бұл жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп, оңай олжаға қарық болғысы келген өзге жандарға ащы сабақ болса керек.

М. Ысқақов,

аудандық соттың судьясы,

Е.Бисекенұлы,

өз тілшіміз

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521