Айыпкер атанған азамат соттан ақталып шықты

Таяуда Атырау облысы, Жылыой аудандық сотының судьясы Қылмыстық кодекстің 190-бабы 1-бөлігінің 1-тармағымен және 420-бабының 2-бөлігімен айыпталған азамат Б-ға қатысты қылмыстық істі қарады.

Мәселенің мән-жайын толық зерделеген судья жалған жаланың құрбаны болған жанды қара күйеден ақтап алды. Бірнеше ай бойына айыпкер атандырып, ақыры сот орынтағына әкеп отырғызған істің ақ-қарасы анықталып, соңғы нүктесі қойылды. Б-ны қылмыстық құқық бұзушылық әрекет жасады деп кінә таққан тергеу органы алдын ала тергеу амалдары барысында және осыған дейінгі басты сот талқылауы кезінде оны жәбірленуші ретінде көрінеу жалған айғақ берді деп айыптады. Яғни, «Каspi Сақтандыру» АҚ-ның мүлкін жымқыру мақсатында оның қызметкерлерін алдап, ірі мөлшерде қаржы-қаражат жымқырды деп кінәлады. Сөйтіп аталған сақтандыру компаниясына 3 млн. 667 мың 320 теңге көлемінде материалдық залал келтірген деген айып тақты.

Осындай ауыр айып арқалаған азаматтың кінәсіздігін сотта прокурор қолдады. Ол мемлекеттік айыптаушы ретінде Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1-тармақшасы бойынша сотталушыға тағылып отырған айыптың артық тағылуына байланысты одан бас тартты. Бірақ өзін жәбірленуші санаған «Каspi Сақтандыру» АҚ-ның өкілі прокурордың бұл талабымен келіспеді. Ол компания атынан Б-ны ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп есептеп, оны жоғарыдағы бап талаптарымен кінәлі деп тауып, заң жүзінде ауыр жаза тағайындауды сұрап, өтініш берді.

Бірақ істі мұқият қараған судья мұнда бір шикіліктің бар екенін бірден білді. Сот орынтағында ауыр айып арқалап отырған айыпталушының еш жазығы жоқ екенін көрді. Оның Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1-тармақшасы және 420-бабының 2-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасамағаны анықталды. Сондықтан Б-ның кінәсі сотта өз дәлелін таппауына байланысты және процессуалдық заң талаптары бұзылғандықтан, оның іс-әрекетінде ешқандайда қылмыстық құқық бұзушылық құрамы жоқ деген тұжырымға келіп, ақтау үкімін шығарды.

Осылайша бірнеше ай әуре-сарсаңға түскен «сотталушы» Жылыой аудандық соты судьясының арқасында ақталып шықты. Ол сот табалдырығын айыпкер болып аттап, сыртқа жәбірленуші ретінде шықты. Сол себепті ақтау үкімін шығарған судья оған қылмыстық процесті жүргізген тергеу органының заңсыз әрекеттерінің кесірінен еш жазықсыз қылмыстық жауаптылыққа тартылғаны, осыған байланысты келтірілген зиянды өтетуге құқылы екендігі түсіндірілді.

Е. Бисекенұлы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521