Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасы құндылықтарына қатысты кейбір заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізген болатын.
Біріншіден, бұл жаңалық отбасын қорғауға бағытталған. Атап айтқанда, Неке және Отбасы туралы кодекстің 2-бабына дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғау, сақтау, нығайту және ілгерілету туралы толықтырулар енгізілді.
Жаңа заңда басқа да түзетулер мен толықтырулар бар, бірақ дәл осы ережелер стратегиялық мемлекеттік бағдар береді. «Заң балаларды тартып алуға ықпал етуі мүмкін» деген де қоғамда негізсіз, фейк хабарламалар да болғаны белгілі. Сондықтан осы мәселе бойынша кез келген балама пайымдар негізсіз, оған ешқандай күмән жоқ. Екіншіден, жаңа заң балаларымызды педофилден қорғайды. Енді бұндай қылмыс жасағандар өмір бойы түрмеге тоғытылады. Кішкентай балаларды өлтіргені үшін де дәл осылай жазаланатын болады.
Үшіншіден, тіпті 16 жасқа дейінгі балаларға жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны үшін 40 күнге қамауға алынатын жаңа заң енгізілді.
Түзетулер күшіне енген сәттен бастап балаларға жөнсіз қол тигізу, ұятсыз ұсыныстар білдіру және тағы басқалары жазасыз қалмайтын болады. Балалар мен олардың ата-аналары өз елінде өздерін қауіпсіз сезінуге тиіс.
Төртіншіден, өз-өзіне қол жұмсауды насихаттағаны үшін қылмыстың жаңа құрамы енгізілді. Енді тән ауруына ұшырататын, бірақ денсаулығына жеңіл зиян келтірмеген ұрып – соғу үшін 80 АЕК мөлшеріндегі айыппұлдан 50 тәулікке дейін қамау түрінде жаза енгізіледі.
Адам денсаулығына жеңіл зиян келтіргені үшін 200 АЕК мөлшеріндегі айыппұлдан 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін жаза қолданылады.
Осыған байланысты Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты мен мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар арасындағы ықпалдастық та артып, жалпы құқық қорғаушылық саласындағы оң ілгерілеушілік байқалуда. Өткен жылы уәкіл кеңсесі өз қызметінде жақсы нәтижелерге қол жеткізгенін атап өткіміз келеді. Былтыр уәкіл кеңсесіне 6,5 мыңнан астам өтініш түсті, бұл 2023 жылғы көрсеткіштерден 11%-ға артық. Өтініштер санының артуы азаматтардың омбудсменді өз құқықтарын қорғаудың нақты тетігі ретінде қарайтынын көрсетеді. Осы өтініштерге жауап ретінде уәкіл мен оның өкілдері бас бостандығынан айыру орындарындағы ұстау жағдайларына мониторинг жүргізді.
Жалпы, жыл бойына уәкіл мен оның өкілдері 770 мекемені, оның ішінде қылмыстық-атқару мекемелерін, әлеуметтік нысандарды және білім беру ұйымдарын аралады. Нәтижесінде 1014 ұсыным беріліп, оның 81 пайызы орындалды. Бұл мемлекеттік органдармен сындарлы өзара әрекеттестік пен олардың жауапкершілігінің артқанын көрсетеді. Омбудсмен Артур Ластаев соңғы екі жылда Үкімет пен мемлекеттік органдарға жүйелі мәселелерді шешуге бағытталған 10-ға жуық бастама көтерді.
Олардың қатарында оқшауланған сотталғандардың жоғары білім алуына мүмкіндік беру, облыс орталықтарында көп бейінді колониялар салу, сотталғандарды ұстау жағдайларын жақсарту және қақтығыс аймақтарынан оралған азаматтарды қоғамға бейімдеу мақсатында заңнамаға өзгертулер енгізу бар.
Көпсалалы колониялар салу мәселесі де қарастырылуда. Мұндай мекемелерді салу қажеттілігі қазіргі уақытта түзеу мекемелерінің ірі елді мекендерден шалғай орналасқандығына байланысты. Бұл олардың қажетті тұрмыстық жағдайлары мен кадрлармен қамтамасыз етілуіне кері әсерін тигізеді, материалдық-техникалық қамтамасыз етуді қиындатады, медициналық қызмет көрсетуді тежейді. Сондай-ақ сотталғандардың туыстарымен байланысын шектейді.
Осыған байланысты Артур Ластаев Үкіметке барлық санаттағы тұтқындардың ерекшеліктері мен қажеттіліктерін қанағаттандыратын ұстау жағдайларын қамтамасыз ете алатын көпсалалы аралас қауіпсіздік мекемелерін салу туралы ұсыныс енгізді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық адам құқықтарын бұзу ретінде ғана емес, мәселен бірге отбасының дамуына кедергі келтіретін және қоғамдық құндылықтарды бұзатын фактор ретінде де қабылданады. БҰҰ Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты «жыныстық қатынас негізінде жасалған кез келген зорлық-зомбылық» деп анықтайды.
2017 жылы әйелдерге қатысты гендерлік зорлық-зомбылық туралы № 35 жалпы ұсынымдарда Комитет әйелдердің гендерлік зорлық-зомбылықсыз өмір сүру құқығы өмір сүру, денсаулық сақтау, бостандық және жеке басына қол сұғылмаушылық, теңдік және отбасындағы тең қорғаныс, азаптаулар бостандығы сияқты басқа да адам құқықтарымен тығыз байланысты екенін атап өтті, қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым – қатынас, сондай-ақ пікір білдіру және қозғалу, қатысу, жиналыстар мен қауымдастықтар бостандығы құқығы және осы құқықтардан бөлінбейді. Әйелдерге қатысты гендерлік зорлық-зомбылық қоғамдық және жеке өмірде, оның ішінде отбасы контекстінде де орын алады.
Комитет мемлекеттерге зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдерді және зорлық-зомбылықтан аман қалған адамдарды, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерін қаржылық көмекке және тегін немесе арзан, жоғары сапалы заң көмегіне, медициналық және психоәлеуметтік және консультациялық қызметтерге, білімге, сондай-ақ қажет болған жағдайда әйелдерге, олардың балаларына және басқа отбасы мүшелеріне тиісті баспаналарға қол жеткізуге мүмкіндік беруді ұсынады.
Халық денсаулығын жақсарту мақсатында арнайы бағдарламалар да қабылданды. Бұл өз нәтижесін беруде. Мемлекет тарапынан көрсетілер көмек пен қолдаудың арқасында елімізде соңғы 10 жылда бала туу көрсеткіші 25 пайызға артқаны байқалды. Күн сайын елімізде 1000-нан астам сәби өмірге келеді. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 400 мыңнан асып жығылады. Ал ана өлімі соңғы ширек ғасыр уақытта 4 есеге азайған. Дәрігерлер қауымы ана өлімін бұдан әрі де төмендету үшін білімі мен біліктілігін, тәжірибесін сарп етуде. Соған қарай Қазақ жерінде жылдан жылға дәрігерлердің әлеуметтік әл-ауқатын арттыру қолға алынуда. Демографиялық өсімді арттыру бойынша жұмыстар осы қарқынмен жалғасатын болса, елімізде 2050 жылға қарай халық саны 24 миллионнан асады. Ана мен бала денсаулығы – демографиялық саясаттың негізгі көрсеткіші.
Елімізде де отбасы саясатын іске асыру үшін қажетті институционалдық база мен инфрақұрылым құрылып, отбасы құндылықтарын дәріптеу мақсатында бірқатар шара қабылданып жатыр. Мәселен, өмірлік қиын жағдайға тап болған шаңырақтарға көмек көрсету үшін өңірлерде 68 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. 2013 жылдан бері Ұлттық отбасы күні бекітіліп, 10 жылдан астам «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы ұйымдастырылып келеді. Әке институтын дамыту мақсатында 2012 жылдан бастап «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі қызметін жалғастырып келеді. Мерекелер күнтізбесі Әкелер және Аналар күнімен толықтырылды.
Халықтың ізгі дәстүрі – біздің асыл мұрамыз. Дана халықтың өзі жасаған осы әдет-ғұрып пен жөн-жосықты біліп, үйрену және өмірде қолдану ағайынды адастырмас сара жол. Мұны отбасына ата-ана, мектепте ұстаз, көпшілік ортада ақсақалдар жастарға үйретіп, айтып отырса, нұр үстіне нұр болмақ.
Аманкелді АБДОЛОВ,
ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің
Атырау облысы бойынша өкілі