Абайсызда көлігімен соқтығысты

Мекеменің мүлкі бүлінген соң жүргізушісі амалсыз полиция қызметкерін шақыртты.

Оның темір тұлпарды тақымына қысқанына 35 жылдан астам уақыт өткен-ді. Осы жылдар ішінде бірде-бір рет жол-көлік оқиғасын жасап көрмепті.

Бірақ қатер аяқ астында емес пе?! Сол күні өндірістік аймақтағы жұмыс орнына келіп, қызметтік көлігін артқа жылжытып жатқан-ды. Қара басқанда артында тұрған темір тұлпармен арақашықтықты дұрыс есептемей қалды. Абайсызда сыртын жанай барып соқтығысты. Соның кесірінен әлгі көліктің айнасы сынып түсті. Мекеменің мүлкі бүлінген соң жүргізушісі амалсыз полиция қызметкерін шақыртты. Жол тәртіп сақшысы оқиғаның мән-жайын анықтап, әкімшілік хаттама толтырды. Жол-көлік оқиғасына себепкер көлік иесінің үстінен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғады. Көп ұзамай ол аудандық сотқа жолданды.

Сотқа көлігі зардап шеккен жәбірленуші де, жауапкер де келе алмады. Бірақ соңғысы судьяның алдында мобильдік бейнебайланыс жүйесі арқылы жауап берді. Яғни ұялы телефонына жүктелген «TrueConf» қосымшасымен байланысқа шығып, сот процесіне қатысты.

Ол сотта оқиғаның абайсызда болғанын айтып, өзінің кінәсін толықтай мойындады. Сол себепті көліктің бүлінген жерін жөндеп беруге уәде етті. Отбасындағы төрт баласының үлкені мүгедек екенін, жүргізушілік куәлік бала-шағасын асырау үшін аса қажеттігін айтып, көлік басқару құқығынан айырмай, жеңіл жаза тағайындауды сұрады.

«Жол жүрісі қағидаларын, көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы № 1196 қаулысының 8.13-тармағының талабына сай жол қиылыстарында және осы бөлімнің 12-тармағына сәйкес кері бұрылуға тыйым салынған жерлерде артқа жүруге тыйым салынады.

Алайда жүргізуші жол жүрісі қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң белгiленген қағидаларын сақтамай, соның салдарынан екі көліктің соқтығысып, бірінің бүлінуіне жол берген. Оның кінәсі іс құжаттарымен, атап айтқанда, жол тәртіп сақшысы жасақтаған әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, оқиға орнының сызбасымен, жазбаша түсініктермен және басқа да құжаттармен толықтай дәлелденді. Сот құқық бұзушының әрекеті ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігімен дұрыс дәрежеленген деп тапты. Өйткені ол заң тілімен айтқанда: «Көлік құралын жүргізіп келе жатып, жол жүрісі қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң белгiленген қағидаларын көлік құралдарын бүлдіруге әкеп соққан материалдық залал келтіріп бұзған».

Сот отырысында анықталғандай, ол өзінің іс-әрекетінің құқыққа қарсы сипатын сезініп, оған саналы түрде жол бермей, әкімшілік құқық бұзушылық әрекетті абайсызда жасаған. Сондықтан әкiмшiлiк құқық бұзушылық жөніндегі істі қараған сот жүргізушінің жауаптылығын жеңілдететін мән-жайлардың анықталуына байланысты салынатын айыппұлдың жалпы сомасы 50500 теңгені Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 819-бабының 2-бөлігін қолданып 30 пайызға қысқартты.

Аудандық соттың қаулысымен жүргізуші жоғарыдағы 610-баптың 1-бөлігімен кінәлі деп танылды. Оған әкімшілік жаза ретінде 35350 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

И.Оңайжанова,

аудандық соттың бас маманы,

сот отырысының хатшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521