500-ге жуық борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды

ҚР «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» Заңының 125-бабының 1-тармағында «борышкер атқарушылық құжатты орындамағаны үшiн әкiмшiлiк не қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкiн» делінген.

Аталған бапқа сәйкес, биылғы 9 айда өңірдің мемлекеттік сот орындаушыларымен 484 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың 328-не айыппұл салынса, 156-сы әкімшілік қамаққа алынды.

Оның ішінде есепті мерзімде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 669-бабы бойынша алимент берешегі бар 206 борышкер жауапкершілікке тартылып, 101-не қамақ жазасы тағайындалып, 105-не айыппұл салынса, 5-не қоғамдық жұмысқа тарту туралы жаза берілді.

Сонымен қатар, ҚР Қылмыстық Кодексінің 430, 139-бабы бойынша қаскөй борышкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы полиция департаментіне 14 ұсыныс жолданып, 5 борышкерге қатысты сотпен қаралып, әр борышкерге 1 жыл мерзімнен бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарылды.

Ата-ананың кәмелетке толмаған балаларын, сол сияқты он сегіз жасқа толған еңбекке қабілетсіз балаларын күтіп-бағуға сот шешімі бойынша қаражат төлеу жөніндегі міндеттерін үш айдан астам орындамаған борышкер жоғарыда көрсетілген әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын әр берешегі бар азамат есте ұстау қажет.

Бұл жерде айта кету керек – жұмыссыз жүрген борышкерлерді жұмысқа орналастыру бағытында Әділет департаментімен бірқатар жұмыстар жүргізіліп келеді. Қазақстан Республикасы Әділет министрлгі мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасында «Алимент бойынша үш айдан астам берешегі бар тұлғаларды еңбекпен қамту мәселесі бойынша өзара іс-қимыл тәртібін бекіту туралы» бірлескен бұйрық негізінде жыл басынан бері департамент тарапынан жұмыспен қамту орталығымен бірлесе отырып, 5 рет жәрмеңке ұйымдастырылды. Нәтижесінде, борышкерлер, оның ішінде алимент берешегі бар борышкерлер жұмысқа орналастырылуда.

Ақбөбек Дүсіпқалиева,

облыстық Әділет департаментінің сот орындаушыларының

қызметін реттеу және бақылау бөлімінің басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT