Бесінші қабаттан секірмекші болды

 Атырау облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қазанның 20-сы, жұма күні күндізгі сағат 15.55 минуттар шамасында Құлсары қаласындағы көпқабатты ықшамауданның біріндегі үйде тұратын ер-азамат 5-қабаттағы өз пәтерінің терезесінен секіріп кетуге оқталған.

Бұл жөнінде аудандық полиция бөлімінің 102 арнасына сол ықшамауданда тұратын 38 жастағы әйел адам телефон арқылы хабарлаған. Оқиға орнына шұғыл жеткен учаскелік полиция инспекторлары, полиция лейтенанты Алтай Дүйсенғалиұлы, Нұрасыл Мұқанов, Бауыржан Тасекенов және полиция капитаны Әділет Рахымұлы жедел іске кірісті. Терезеден секіргелі тұрған ер-азаматтың сөзге келмейтінін жақсытүсінген тәртіп сақшылары қолдан келген барлық амалды қарастырып, оны пәтер ішіне қарай күшпен тартып, құтқарып қалады.

    Кейін анықталғанындай, терезеден секіруге оқталған қырықтың қырқасына шыққан азамат сол пәтердің иесі болып шықты. Ол үйіне мас күйінде келіп отбасының мазасын алған. Келіншегімен екі арада келіспеушілік туындап, ашуланған күйеуі терезе жақтауын ашып сыртқа ұмтылған. Сөйтіп жарын 5-қабаттан секіріп, өз-өзіне қол жұмсайтындығын айтып қорқытқан. Әйелі амалсыздан полиция қызметкерлерінен көмек сұрауға мәжбүр болады.

    Тәртіп сақшыларының өз міндеттерін кәсіби шеберлікпен жедел атқаруының арқасында бір үйдің отағасы өлім аузынан құтқарылды. Ол шұғыл түрде тиісті орынға жеткізіліп, дәрігерлік тексеруден өткізілді. Нәтижесінде оның жеңіл дәрежелі мас күйінде болғаны анықталып отыр.

  Қазіргі таңда мәселенің мән-жайы толыққанды анықталып, қырықтағы қала тұрғынымен түсінік жұмыстары жүргізілді.

Е.Есенов

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT