Қайығынан 625 кг бекіре балығы табылған жігіт ұсталды
Өңірде 10 қыркүйек пен 31 қазан аралығында браконьерлікпен ымырасыз күреске бағытталған "Бекіре" жедел алдын алу іс-шарасы өтуде.
14 қазанға қараған түні Департаменттің Балық қорына қылмыстық қол сұғушылықпен күрес бөлімінің қызметкерлері заңсыз балық аулаудың тағы бір дерегін анықтады. Жайық өзеніндегі өзектердің бірінде, "Yamaha" аспалы моторы бар қайық тоқтатылды. Қайық ішінен жалпы салмағы 625 кг болатын бекіре тұқымдас 238 бекіре балықтары табылды.
Күдікті Жаңаталап кентінің 31 жастағы тұрғыны ұсталды. Қылмыстық кодекстің 339 бабы - "өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерімен заңсыз айналысу" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Жалпы, биылғы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, заңнамаға браконьерліктің кез келген түрі үшін жазаны қатайтатын өзгерістер енгізілгенін еске сала кеткен жөн. Мысалы, ҚР ҚК 339-бабының санкциясы келтірілген залалдың мөлшеріне байланысты, енді, ірі айыппұлдан мүлкін тәркілей отырып, он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген.
Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі