Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен қаланың Құрсай жағалауында ө т к ен ж а р ы с т ы а у д а н т ұ р ғ ы н д а р ы д а қызығушылықпен тамашалады. Бастапқыда 50 желаяқ қатысады деп жоспарланған «Бірлік» жарысына тіркелушілердің көп болуына байланысты алдын ала тіркелген 100 марафоншы атсалысты. Жүгіру бағыты «Бабаларға тағзым» алаңынан басталып, Құрсай жағалауында жалғасын тапты. Таңертеңгі сағат 10:00-де басталған жүгіріс қатысушыларға да керемет әсер сыйлады. Ішінде алғаш рет мұндай шараға қосылғандар да бар екен. Соның бірі - 18 жасқа дейінгі қыздар арасында бірінші орынды иеленген №6 мектептің оқушысы Айсана Қуанғали:
- Бұл бәсеке керемет көңіл-күй сыйлады. Бірге ойлайтын адамдар арасында тамаша атмосфера қалыптасады екен. Жүгіру жарыстарына қатысып жүрсем де, ресми жүгіріске алғаш рет қосылуым екен. Алдағы уақытта көбірек ұйымдастырылса, нұр үстіне нұр болар еді. Тіпті мұнан да ұзақ шақырымға созылып, мыңдаған адам қатысар болса, бүгінгіден де жоғары деңгейде өтер еді,-деді өз сөзінде.
Жасөспірім ұлдар арасында Ерасыл Самат алтыннан алқа тақса, ересектер ішінен Бейбітбек Қайыржанов пен Әйгерім Аманқосова көптің ішінен дара келді. Барша жеңімпаздар мен қатысушыларға арнайылап жасалған естелік медаль табыс етілді.
«Бірлік» жүгірісі – бұл тек жарыс емес, ол адамдарды бір арнаға тоғыстыратын, ортақ мақсатқа жетуге ұмтылдыратын шара. Аталған шара осы мақсатын толық орындап, әртүрлі жастағы, әртүрлі деңгейдегі спортшыларды бір алаңға топтастырды. Жүгірушілердің әрбір қадамы тек өз жеңісіне деген ұмтылысты ғана емес, қоғамдағы бірлік пен ынтымақтастықты да паш етті. Осылайша, спорт арқылы аудан тұрғындарының бірлігі мен достығын нығайтуда үлкен жұмыс жасалды. Өйткені «Өзіңді жеңу – ең ұлы жеңіс» деген қағиданы ұстанған бұл шараның да қатысушылары өмір жолындағы үлкен бір белесті артқа тастады.
Е.АХМЕТКӘРІМОВ