Жылыойлық команда жеңіске жетті

Өткен аптада волейболдан ерлер арасында облыстық ашық турнир ұйымдастырылды. Бұл сайыс спорт ардагері, аудан құрама командасының ойыншысы, облыстық, республикалық жарыстардың жүлдегері Сүлеймен Құлжановты еске алуға арналған еді.

Жаңа Қаратон кентінде орналасқан №4 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жарыс қызу тартыспен өтті. Облыстық турнирге Атырау қаласының, көршілес Бейнеу, сондай-ақ ,Құрманғазы, Қызылқоға, Мақат, Индер, Махамбет аудандарының командалары мен жылыойлық құрама команда қатысты. Құлсары қаласынан С.Өтебаев атындағы мұнай және газ технологиялық колледжінен және ардагерлерден құралған командалар қатысып, қызықты ойын өрнегін көрсетті.

Турнирдің ашылу салтанатына Сүлеймен Құлжановтың ағайын-туыстары, үзеңгілес бауырлары мен достары қатысып, волейболшыларға сәттілік тіледі.
Қатысушы командалар екі топқа бөлінді. Бірінші топтан Қызылқоға мен Махамбет ауданының командалары, екінші топтан индерлік команда мен жылыойлық командалар ақтық ойынға шықты. Алғашқы жартылай финалда аудан құрамасы қызылқоғалық ойыншылармен кездесті. Нәтижесінде, Жылыой құрама командасы қарсыластарынан басым түсіп, ақтық финалға 2:1 есебімен жолдама алды. Екінші жартылай ойында махамбеттік және индерлік командалар қарсылас болып танылып, Махамбет ауданынан келген команда жеңіске жетті. Турнир қорытындысына сәйкес, ІІІ орынды Қызылқоға ауданының командасы, ІІ орынды Махамбет ауданының командасы, жүделі І орынды Жылыой ауданының құрама командалары иеленді.

Ашық турнир соңында жарыс кезінде мықты ойын көрсетіп, көзге түскен ойыншыларға «Үздік шабуылшы», «Үздік үйлестіруші», «Үздік қорғаушы, «Үздік ойыншы», «Жас ойыншы» атақтары беріліп, марапаттар табысталды. Жеңімпаз командалар мен ойыншыларға турнир демеушісі «Мако» ЖШС-нің басшысы Келбатыр Қайырұлының және Сүлеймен Хамитұлының жанұясының атынан дайындалған кубоктар мен медальдар, дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табыс етілді.

Ш.МҰХТАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521