Қазір таңда жасөспірімдер арасында спортты сүйетін жеткіншектер өте көп. Мақсаты айқын, арманы биік спорт саңлақтарының арқасында Қазақстанды әлем танып, еліміз талай-талай спорттық додаларда топ жарған мықтылар еліне айналып келеді. Жылыойда да тыңғылықты еңбек пен табанды ерік-жігердің, ерге тән қайратты да қайсар мінездің арқасында туған жерлерінің абыройын арттырып, биік белестерді бағындырып жүрген жас өрен спортшылар аз емес. Ауданның спорт саласының дамуына олар айтарлықтай үлес қосып келеді. Бұған олардың жеткен жетістіктері дәлел бола алады.
Орта салмақта өнер көрсететін, қазақстандық кәсіпқой боксшы Генадий Головкинге еліктемейтін, ұқсағысы келмейтін қазақ ұлдары кемде-кем шығар. Өзі өнер көрсеткен жүздеген шайқаста санаулы рет қана жеңіліс тауып, жүздеген мәрте жеңіске жеткен боксшыға бойында намысы мен күші бар қазақ жастарының еліктеуі де заңдылық болар. Міне, сол атағы әлемге жайылған суперчемпионның рингте көрсеткен өнерін асқан қызығушылықпен тамашалап, жекпе-жектерін қалдырмай көретін жылыойлық боксшы жеткіншектің бірі –Темірлан Нұрберген. Ол 2009 жылы ақпан айында дүниеге келген. 10 жасынан бастап бокс үйірмесіне қатыса бастаған. Алғашқы бапкерлері – Талғат Ахметұлы мен Жәнібек Әжібай.
Жас та болса Темірланның жеткен жетістігі аз емес. Оның алғашқы рингте көрсеткен жекпе-жегі Құлсары қаласында ұйымдастырылған еді. Ол бапкері Жәнібектің қолдап, демеуі арқасында лайықты бағасын алған. Одан кейінгі жарысы былтыр көршілес Махамбет ауданында өткен. Онда 2008-2009 жылы дүниеге келген жас боксшылар бапкер А.Жұмалиевті еске алуға арналған турнирде өз ара бәсекеге түсті. Жоғары деңгейдегі жаттығу мен дайындықтың арқасында аталған турнирден Темірлан 1 орынды иеленген. Кейіпкеріміз бұған дейін бас-аяғы 11 рет жарысқа қатысып, 9 рет призер, финалшы, чемпион атанып үлгерді. Оның алдына қойған ең үлкен мақсаты – Қазақстан және Әлем чемпионы атану. Несі бар, қашан да талмай ізденіп, жаттығу залдарынан табылатын оның бұл арманы орындалатынына сенеміз.
Ш.Хамитова