Жылыойдың жарқын жұлдызы

Спорттың шыңына шығуды мақсат тұтқан Шынар Бітімбай дзюдодан дүниежүзілік Азия кубогінде қанжығасы майланып, көк туымызды көкте желбіретіп қайтты. Ташкенттің төрінде күміспен күптелген жерлесіміз – болашағынан зор үміт күттіретін санаулы саңлақ спортшылардың бірі. Құлсарыдағы №1 аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі Шынар алдағы уақытта Азия ғана емес, Әлем чемпионатын бағындыруды көздеп отыр.

Иә, жастар арасында Өзбекстан астанасы Ташкентте тартысқа толы турнир өтті. Жалпы бұл дүбірлі доданың Шынар үшін бәсі жоғары болатын. Себебі, құрлық кубогіндегі жеңіс жарқын болашаққа жол бастары сөзсіз. 70 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қарындасымыз ширек финалда татами қожайыны Гүләсел Облакулованы бағындырса, жартылай финалда тағы бір өзбекстандық спортшы Тюгүл Хамроевадан айласын асырып, өзінің шеберлігін көрсетті. Қатарынан қос бірдей алаң қожайынының жауырынын жерге тигізу екінің бірінің қолынан келер іс емес. Жерлесіміз ақтық айқаста қырғызстандық Алина Молдақұловаға қарсы тұрды. Алтын алқа сарапқа салынған белдесуде отандасымыз бір ғана ұпаймен жеңіліп қалды. Әттеген-ай болмағанда, чемпиондық атақты иемденетін еді. Дегенмен, жастар арасындағы бұл тамаша нәтиже болашақ толағай табыстардың басы деп білеміз. Өзінің шәкіртінің жеңісіне марқайған №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Жаңылсын Көптілеуова:

-Керемет нәтиже. Дегенмен, алтын жүлдеге сәл ғана қалған еді. Финалда сәттілік серік болғанда, еліміздің әнұраны Ташкент төрінде шырқалары сөзсіз. Алайда, әлі талай бәсеке бар. Сол турнирлерден жоғары нәтиже көрсетіп, Жылыойды жеңісімізбен қуантамыз деген сенім мол,-деді өз сөзінде. Шынына келсек, Шынар Бітімбай жоғары дәрежедегі күрестің үлгісін көрсетті. Әсіресе, әйелдер арасында 70 кг салмақ дәрежесінде ұлттық құрамамыз ақсап жатырғанын ескерсек, ересектер арасында еліміздің намысын қорғайтын күн алыс емес секілді. Себебі соңғы жылдардағы прогресі өте қарқынды. Жасөспірімдер арасынан жастар санатына өткенде де еш тосылып қалмай, өзінің мықтылығын турнир сайын дәлелдей түсті. Алдағы уақытта ересектер арасында да атой салып жатса ғажап емес. Осы орайда жас дзюдошымызға сәттілік тілеп, алдағы бәсекелерде биіктен көріне беруін тілейміз.

Е.АХМЕТКӘРІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT