Жылыойдың Талғатына Азия қол соқты

27-29 шілде аралығында Қытайдың Харбин қаласында ММА спорт түрінен V Азия чемпионаты өтті.

Азияның ең мықты ММА шеберлерінің басын қосқан бұл дүбірлі додада Қазақ елінің ұлттық құрамасы топ жарып, командалық есепте жеңіске жетті. Соның ішінде жылыойлық спортшы Талғат Жұмағалиев те бар. Ол Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

3 тамыз күні Талғат Жұмағалиевті аудан әкімдігі өкілі, Жастар ресурстық орталығы, аудандық ММА жауынгерлік клубы және БАҚ өкілдері салтанатты түрде күтіп алды. Еліміздің атын шетелде көкке көтерген жерлесімізге барлығы құтты болсын айтып, алғыстарын білдірді.

Азия чемпионатында қазақстандық спортшылар барлық он салмақ дәрежесінде сынға түсіп, 3 алтын, 5 күміс пен 1 қоланы қанжығасына байлады. Нұржамал Садықова (әйелдер арасында 52 кг дейінгі салмақ дәржесінде), Аслан Ораз (70.3 кг дейінгі салмақ дәржесінде), Нұрнияз Қошбаев (+93 кг салмақ дәржесінде) қарсыластарын ойсырата ұтып, чемпион атанса, Ақбөбек Ерғалиева (әйелдер арасында 61 кг дейінгі салмақ дәрежесінде), Талғат Жұмағалиев (56.7 кг дейінгі салмақ дәржесінде), Дастан Амангелді (61.2 кг дейінгі салмақ дәрежесінде), Нұрбек Қабдырахманов (65.8 кг дейінгі салмақ дәрежесінде), Мұрад Абдурахманов (93 кг дейінгі салмақ дәржесінде) күміс алқаны иеленді. Ал қола медальға Думан Балмұханов (84 кг дейінгі салмақта) ие болды.

Жалпы командалық есепте Қытай елінің спортшылары екінші орынды иеленсе, қырғыстандық ММА шеберлері үшінші орынды еншіледі. Ал Қазақ елінің Ұлттық құрамасы суырылып алға шығып, көш бастады.

-Ендігі кезекте ММА-дан еліміздің ұлттық құрамасы қыркүйек айында Қытайдың Бейжің қаласында IMMAF тұжырымы бойынша юниорлар арасында өтетін Азия чемпионаты мен Әлем чемпионатына және ағымдағы жылдың қарашасында Бахрейнде шымылдығын түретін біріккен Әлем чемпионатына дайындалатын болады. Бахрейнде өтетін чемпионатта тұңғыш рет әлемдегі ең ірі екі әуесқой ММА Федерацияларының (WMMAA және ІММАF) өкілдері кездеседі,-дейді Талғат.

"ММА клубы" Жылыой ауданында 2015 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Қазіргі уақытта болашағынан үміт күттіретін жүзге тарта балалар мен жасөсіпірімдер спорттың осы түрімен шұғылдануда. Осы уақытқа дейін ММА Жылыой жауынгер клубынан 5 Қазақстан чемпионы, 1 Әлем чемпионы шыққан.

П.ЖАУЫНБАЙ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521