«Жігердің» жұлдызы жанған күн

Күллі Батыс Қазақстан аймағы көз тіккен дүбірлі дода біздің ауданда өтті. Футзалдан «Medina Cup-2024» турнирі қаламыздағы «Жігер» спорт кешенінде болды. Тартысқа толы жарыста командалар барын салып, 2 млн. теңгеден астам жүлде қорына таласты. Біз де көптің көңілінен шығып, жанкүйердің делебесін қоздырған, үш күнге созылған байрақты бәсекеде көрермен қатарында болдық.

Аталған турнирге 10 команда қатысты. Оның ішінде ақтөбелік, оралдық, маңғыстаулық құрамалар бар. Және жергілікті 5 футзал клубы өнер көрсетті. Аталған командалар А және Б тобына бөлініп, өзара мықтыларды анықтады. Ал, плей-офф кезеңінде турнирдың көркі одан әрі қыза түсті. Өз топтарында көш бастағандар бірден жартылай финалға жолдама алса, екінші және үшінші орын алғандар ширек финалда бақтарын сынап көрді. Негізі турнир тікелей эфирде таратылды. Трансляция арқылы тамашалаған жанкүйерлердің саны көп. Ал, спорт кешеніне келген спортсүйер қауымның қарасы қалың болды.

Жартылай финалдағы оралдық «Желаев Нан» мен жылыойлық «Жігерге» ширек финалдағы қарсыластарын қапы қалдырған жергілікті «Медина» мен «Бекбатыр» командалары қосылды. Қызықтың көкесі сол кезде басталды. Алғашқы жұпта «Бекбатыр» командасы желаевтықтардың қақпасына соңғы секундтарда ғана жеңіс голын соғып, ақтық айқастың жолдамасын жұлып алды. Ал жігерліктер «Мединаны» оңай еңсергенімен, ойын барысында турнир қожайындары тамаша кэмбек жасауға сәл қалды. Қола үшін таласта тіптен драма болды. Оралдық ұжым 4:0 есебімен ұтып жатып, қолда тұрған жеңісті жіберіп қоюға сәл қалды. Таразы басы теңесіп, тек пенальти сериясында ғана шын мықты анықталды. Желаевтықтар жеңіске жетіп, әрең дегенде қоланы қанжығаға байлады.

Көбі асыға күткен финал да қызыққа толы болды. Алғаш болып есепті ашып қана қоймай, екі бірдей гол соққан «Бекбатыр» командасы чемпиондыққа жақындағанымен, тәжік ойыншыларынан құралған алаң қожайындары тез естерін жиып үлгерді. Тіптен, ірі есеппен жеңіске жетіп, қорытынды есеп 7:4 болып тіркелді. «Жігер» спорт кешенінде өткен турнирде «Жігер» командасы көптен күткен чемпиондық атағына қол жеткізіп, жеңіс тойын тойлады. Және дәл осы команданың белді ойыншысы, әрі турнирдің «Үздік сұрмергені» атанған Файзали Сардоров:

- Қазақстан – өте қонақжай ел. Жылыой жеріне де алғаш аяқ басуым емес. Құлсарыдай керемет қалада осыған дейін де өнер көрсеттім. Бірақ, бұл жолы қойған мақсатымызға жетіп, чемпион атанып отырмыз. Турнир өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Баршасына шексіз ризашылығымды білдіремін. Соңғы жылдары Жылыойда футзал спорты қарқынды дамуда. Үлкен турнирлер жиі өтеді. Жергілікті жас бүлдіршіндердің де жеңістерін естіп жүрміз. Барша құлсарылықтарға алғыстан басқа айтарым жоқ,-деп жалпы жарыс туралы ойымен бөлісті. Турнир ұйымдастырушысы Марат Өскенбаев:

-Барлық қатысушыларға алғысымды айтамын. Бұл шара жоғары деңгейде өтті деп есептеймін. Осы орайда жанымда жүрген аға-інілеріме ерекше рахметімді айтқым келеді. Себебі, бастамамды қолдап, көмек қолын созғандар көп болды. Және сол кісілерге де сыйлығымды табыс еткім келеді. Барша жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын,-деді өз сөзінде.

Иә, шыны керек, соңғы жылдары дәл осы спорт түрі ауданымызда қарқынды дамуда. Ауылдық округтердегі жасөспірім-балалар спорт мектебінің шәкірттері де күн сайын болмаса да, ай сайын республикалық біріншіліктерден топ жарып келеді.

Ересектер арасында да биылғы жылдың өзінде бір халықаралық, екі республикалық турнир өтті. Келер жылы бұдан да көп болуы әбден ықтимал. Себебі, ағымдағы жыл көктемгі су тасқынының әсерінен кей жоспарлар кейінге шегерілген болатын. Ал еліміздің құрамасы да әлемдік додада жанкешті ойынымен жанкүйерлердің есінде қалған болатын. Алдағы уақытта ауданымызда мұндай турнирлер сиремей, керісінше көбейер болса, жергілікті жас спортшыларға да тиер пайдасы орасан зор болмақ. Аудан спортына бейжай қарамай, қаржысын құйып жүрген кәсіпкерлердің ісі құптарлық. Жалпы жарыстың жүлдегерлері ақшалай сыйлық пен медальдармен марапатталды.

Е.Алтайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT